Басты ақпаратҚоғам

Жан жылуы – жүректе

Елордада қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен «Отбасы – бақыт мекені» тақырыбында семинар-тренинг өтті.

Отбасы құндылығын насихаттап, жұбайлар арасындағы қарым-қатынасты нығайту, жарасымды отбасын құрып, берекелі ғұмыр кешуге шабыттандыру, өмірге сапалы, дені сау ұрпақ әкеліп, саналы бала тәрбиелеуге кеңес беру, осы арқылы қоғамда белең алған ажырасу сынды келеңсіз жағдайға тосқауыл қою мақсатында өткізілген бұл шараға елордадағы жас отбасылар қатысуға аса қызығушылық танытты.

– Семинар-тренинг жыл са­йынғы «Отбасы – бақыт мекені» жобасы аясында өткізіледі. Биыл елордалық жас отбасылардан 100-ден астам өтінім келіп түсті. Біздің басты мақсатымыз – отбасы құндылығын қалыптастыру. Қатысушылармен бірге білікті мамандар мен психологтар жұмыс істейді. Кездесулерде отбасы қатынасын нығайту, ата-ана атану және бала тәрбиесі сияқты тақырыптар көтеріледі. Биыл қала бойынша 4 семинар-тренинг өткізу жоспарланып отыр, – деді Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Ажар Сарғыбенова.

Сонымен қатар, басқарма басшысы шара аясында жас отбасылар «Көңілді старт» спорт эстафетасына, интерактивті ойындар мен интеллектуалды турнирге, әлеуметтік желілердегі фото және видео байқауына қатыса алатынын, қатысушыларға бағалы сыйлықтар берілетінін атап өтті.

Семинар-тренингте елімізге танымал қоғам қайраткерлері, сондай-ақ, білікті психолог мамандары дәріс оқиды. 15 тамыз күні «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығындағы шарада «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы өз өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, жиналған жастарға бақытты отбасын құрудың қыр-сырымен бөлісті.

«Пеш жылытпаған үйді ма­хаббат жылытады» деп сөз бастаған ол отбасының тірегі мейірім мен түсінік, сыйластық пен сүйіспеншілік екенін айрықша атап өтті.

«Өмір керкілдесіп, ұрысып жүрсең де, сыйласып, жарқылдап күліп жүрсең де өтеді. Сондықтан өз қалауыңызбен отбасын құрып, шаңырақ көтерген екенсіңдер, Құдай қосқан қосақтарыңмен қоса ағаруға берік ниет байлаңдар әрі сол ниетті жүзеге асыру үшін тынбай талпыну керек. Қазіргі дерек бойынша тағдыр қосқан 10 жұптың төртеуі ажырасады екен. Бұл – өте қорқынышты көрсеткіш. Жастарымыз отбасындағы жауапкершілікті толық сезініп, отбасын құрудағы ұлттық құндылыққа терең тамыр жібермейінше, бұл келеңсіздіктің алдын алу өте қиын» деді қоғам қайраткері.

Сонымен қатар, Оразкүл Асанғазықызы ұлттық таным-­нанымның төмендеуі, салт-дәстүрге құрмет етпей, шетелге келсе-келмес еліктеудің де отбасының берекесіне кесірін тигізіп отырғанына тоқталды.

«Қазіргі жастардың арасында қазақ болып туғанына намыс­танатын, қазақы ғадетке «қазақбайски» деп мұрнын шүйіре қарап, «мен баламды орысша, ағылшынша тәрбиелеймін» деп баласын орыс мектебіне сүйрейтіндер аз емес. Алла бізді қазақ қып жаратқан екен, қазақы құндылығымызбен, қазақы кодымызбен өмір сүрейік. Сондықтан отбасындағы тәрбиенің басы туған тілдің тұғырын биіктетуден, ана тіліне, анасына деген құрметтен басталуы керек. Тілі басқа ұлттың тілімен шығып, рухы екіге бөлінген ұлттың келешегі бұлдыр екенін де ұмытпаған жөн. Сондықтан жас аналар «мен қазақтың қызымын, қазақтың шаңырағын биіктетемін, қазақтың санын көбейтемін» деген ұлы мақсатты ешқашан есінен шығармауы керек» деп түйді.

– «Еркек – үйдің егесі, әйел – үйдің шегесі» дейді атамыз қазақ. Жас аналар – әрбір шаңырақтың уығы. Уық мықты болса, шаңырақ шайқалмайды, отбасының берекесі ортаймайды. Отбасында ер мен әйелдің жауапкершілігі тең. Ер де, әйел де өз жауапкершілігін толық сезінуі керек. Ол үшін біздің жастарда сенім, білім, ұлы мақсат болуы керек. Сенім-мақсат болмаған жерде ешқандай табысқа жетуге болмайды. Осы тұрғыдан алғанда, сенім мен мақсат, ортақ ниет әрбір үйдің іргетасы деп айтуға болады. Отбасында жас жұбайлардың бір-біріне жылы сөз айтып, шабыттандырып тұрудың да маңызы зор. Күйеуі аузын ашса бетінен алып, миын жеп, зықысын кетіретін отбасында береке болмайды. Жат жұртқа жаратылған қыз бала қашанда өзі келін болып түскен әулеттің түтінін тік ұшыруға, тұқымын көбейтуге, өз ата-анасының тұрмыс тәсілмен емес, сол келген отбасының жөн-жосынымен өмір сүруге міндетті. Бабамыздан қалыптасқан салт солай. Оған қарсы шығып, бізде былай деп жарыңмен шармаяқтасу отбасының берекесін кетіруден басқа ештеңеге көмектеспейді, – деп Оразкүл Асанғазықызы артынан ерген сіңлі-келіндерін қашанда қазақ қызына тән әдептен аспауға шақырды.

Мазмұнды шараның соңы қыз-келіншектердің денсаулық сақтау саласының мамандарымен сұрақ-жауап үлгісіндегі ортақ талқысына ұласты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button