Басты ақпаратРуханият

Тұңғыш төраға

1999 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің сол кездегі төрағасы Марат Оспанов «қазақтың Парламенті тарихының ең алғашқы беттері оның тұңғыш төрағасы болған Әбдісәмет Қазақбаевтың қызметінен басталады» деп Парламент тарихын зерделеп беріп еді… Көп ұзамай ­Марат Тұрдыбекұлы көз жұмып, бұл мәселе әрі қарай айтылмай қалды.

Әбдісәмет Қазақбаев Қарағанды облысы Ұлытау өңірінде туып-өскен. Ал Ақмолада қоғамдық-саяси қызметімен танылды. Қайраткер тұлға туралы жазғанда оның өмірінің үш кезеңіне тоқталған жөн.

Біріншіден, халқымыздың басына төнген зұлмат кезеңдердің өзінде қазақ ауылдарын қамқорлыққа алып, ауыл өмірі, адам тағдырына мейлінше көңіл бөліп, осы жолда білгір басшы ретінде танылғаны, ерлік жолы жайлы.

Екіншіден, Ә.Қазақбаевтың Ұлы Отан соғысы кезіндегі ұйымдастырушылық таланты. Тыл мен майдан бірлігін нығайтудағы зор жұмысы, әділетті істе жеңісті жақындату күресіне, халықты патриоттық іске жүйелі бағыт беріп бастап отыру қасиеті туралы.

Үшіншіден, қасиетті Ұлытау өңірінде туған тұлға еш жерде оқымаса да, өздігінен білімін өмір бойы тынбай жетілдіріп, өмір мектебінде шыңдалып, өзіне үлкен талап қоя білуі арқасында азаматтық шыр­қау биіктерге көтерілгені жа­йында, оның адамгершілік, ізденімпаздық, қарапайым қасиеттері туралы айтуды парыз деп таптым.

Әбдісәмет Қазақбаев 1898 жылы 15 мамырда бұрынғы Ақмола губерниясының Атбасар уезінде, қазіргі Ұлытау облысы Ұлытау ауданында туған. 6 жасында әкесінен, арада 1 жыл салып шешесінен айырылған Әбдісәмет ерте есейіп, өмірге ерте араласты. Ол 1922 жылы Ақмола облысына көшіп келеді. Сол жылдары Әбдісәмет кеңес өкіметінің қазақ ауылдарына жүргізілген барлық шарасына атсалысып, өз орнын жаңа өмір орнатушылар қатарынан табады. Ауылдағы «Қосшы» одағын ұйымдастыруға белсене қатыса жүріп, кейін осы одақтың төрағасы болып істеген. Елді ауыл шаруашылығын өркендету жолына дағдыландырып, еңбектің ұжымдық түріне баулуға күш жұмсады. Оның тікелей басшылық етуімен Ақмола ауданында «Жаңажол», «Қызылжар», «Буденный», «Талапкер» секілді ұжымдық шаруашылықтар құрылуына даңғыл жол ашылды. Осындай ұйымдастырушылығының арқасында ол әуелі Ақмола ауданының №6 және 19 ауылдық кеңестерінің хатшысы, кейін төрағасы болып сайланады.

Тұңғыш ұжымшар ұйымдас­тырушыларының бірі ретінде Әбдісәмет Қазақбаевтың есімі тарихта қалды. 1933 жылы желтоқсанда Ақмола ауданындағы Буденный атындағы (қазіргі Қажымұқан ауылы) ұжым шаруашылығында төраға болды. Содан Ақмола аудандық атқару комитеті төралқасының орынбасары, ал 1938 жылдың басында Қарағанды облыстық атқару комитетінің төрағалығына жоғарылатылды. Әбдісәмет Қазақбаев 1938 жылдан бастап он жылға жуық Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің тұңғыш төрағасы қызметін атқарды.

Сонымен қатар, елі сыйлаған абзал азамат республиканың тарих, әдебиет, мәдениет қайраткерлері арасында ерекше бедел мен абыройға ие болған. Қаршадайынан халық ауыз әдебиетінен сусындап, ұлтының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жетік білген ой-өрісі биік басшыны қазақтың ХХ ғасырдағы жырауы Жамбыл еркелетіп «Қазақбайым» деп атаған.

Ә.Қазақбаевтың жан дүниесі кіршіксіз таза, Құдай берген қарапайым мінезі, адамгершілігі мен пайым-парасаты өнер мен ғылым қайраткерлерін, қарапайым халықты өзіне жақындатып, көбірек назар аудартты. Осы бір рухани салаға бар болмысын арнап, уақытын сарқа жүріп, биік лауазымына қарамай ұйымдастыра да білді. Оның айғағы – 1943 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстың шешуші кезеңдерінде республикада тұңғыш ақындар айтысының өтуіне ұйытқы болуы. Ә.Қазақбаевтың тапсырмасымен 1943 жылы Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ахмет Жұбанов, тағы басқа да қазақтың маңдай алды ел ағалары тұңғыш рет Жамбыл, Шашубай, Малайсары, т. б. ақындар қатысқан үлкен айтыс ұйымдастырды. Ол елдің соғыс кезінде рухын көтеруге айрықша үлес қосты.

Тағы да бір ең маңызды іс-қимылы – қазақтың тұңғыш әлем таныған даңқты ғалымы Қ.Сәтбаевқа барынша жан-тәнімен қолдау көрсетіп, елімізде Ғылым академиясының ашылуына барынша жан-тәнімен қамқорлық жасады. Оны рухани тұрғыда, қаржы бөлдірту мәселесіне заң жүзінде барынша қолдап, көмектесті.

Ә.Қазақбаевтың Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ұйым­дастыру таланты ерекше танылып, жан-жақты көріне білді. Ел басына күн туғанда Ә.Қазақбаевтың аса зор ұйым­дастыру қабілеті шыңдала берді. Қазақ КСР-і Жоғары Кеңесінің Президиумы рес­публика экономикасын соғыс талабына ла­йықтап қайта құру, әскерге көмек қолын созу, эвакуацияланған кәсіпорындарды орналастыра жүріп, жаңа фабрикалар мен зауыттарды іске қосу, КСРО Мемлекеттік қорғаныс комитетінің шешімдерін мүлтіксіз жүзеге асыруды ұйымдастырып, үйлестіру жөнінде көптеген күрделі де жауапты міндеттер атқарды. Еңбекшілердің күш-жігерін майдан үшін, жеңіс үшін жұмылдыруға зор көңіл бөлді.

Халық үшін маңдай терін төккен аяулы азаматымыз Әбдісәмет Қазақбаев Қазақстан коммунистік партиясы Орталық Комитетінің мүшесі және оның бюро мүшесі болды. ВКП (б)-ның ХVIII съезінің делегаты, I және II сайланған КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болды. Оның Қазақстан Республикасына сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, екі мәрте Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталды.

Бүгінде тәуелсіз ел болдық, осы ата-бабамыз армандаған азаттыққа жан-тәнімен өз үлесін ерекше сіңірген Қазақбаевтай қарапайым өмір сүрген жандар кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болса керек.

Майра МАҚЫБАЙ,

өлкетанушы-этнограф

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button