Басты ақпаратҚала мен Сала

Астананың аулалары ажарлы

Әр қаланың, әр үйдің ажарын кіргізетін жері – аулалары. Елорданың аулалары да ай емес, тіпті күн сайын көркейіп келеді. Аулалар, ең алдымен, тұрғындардың бос уақытында тынығатын, сейіл-серуен құратын жері. Бір қуанарлығы, соңғы 4 жылда астаналықтар «Халық қатысатын бюджет» жобасы арқылы өз ауласын абаттандыруға белсенді түрде атсалысып келеді.

Елордада 2019 жылдан бері «Халық қатысатын бюджет» жобасы жүзеге асып келеді. Бүгінгі таңда бас қаладағы барлық бес ауданның ауласы да сол аумақ тұрғындарының ұсынысы, өтініш-тілегі негізінде дамып, ажарлана түсуде.

Қазіргі кезде Астанада заман талабына сай барлық қажетті құралдармен жабдықталған аулалар аз емес. Ондағы әртүрлі жастағы балаларға арналған ойын алаңдары мен түрлі түсті қондырғылар, әткеншектер мен асфальтталған жаяу жүргіншілер жолдары – бәрі-бәрі тұрғындарға ла­йықталған. Немерелерін ойнатуға шыққан ата-әжелер үшін де әңгімелесіп, дидарласуға арналған жайлы орындықтар мен қоқыс жәшіктері, тіпті спортпен айналысамын дегендердің шынығуы үшін де барлық жағдай жасалған.

Елорданың ескі бөлігі мен бас қаладан сыртқары орналасқан елді мекендерге де көбірек көңіл бөлінуде. Мамандардың мәлімдеуінше, осы бір игі дәстүр алдағы уақытта лайықты жалғасын табады. Себебі Астана аулаларын абаттандыру – Мемлекет басшысының тікелей бақылауында.

100 аула абаттандырылады

Алматы ауданында барлығы 465 орамішілік аула аумағы мен 7 саябақ, 37 гүлзар орналасқан. Ағымдағы жылы аудан әкімінің аппаратымен 60 аулада абаттандыру жұмысы жоспарлануда. Осы жылға жоспарланған аулаларды абаттандыру жұмысының үштен бір бөлігі орындалды.

Бүгінгі таңда Ш.Құдайбер­діұлы даңғылындағы №25/1, 29/1, Б.Момышұлы даңғылындағы №18, 18/1 үйлер мен Манас көшесіндегі №23/1 үйлердің ауласы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы шеңберінде абаттандырылуда. Мұнда балалар мен көпфункцио­налды спорт алаңдары, құмсалғыштар, әткеншектер пайда болды, футбол мен стритбол алаңдары, шамдар орнатылды, көшеттер отырғызылды.

Аулаларды жөндеу жұмысы осы жылдың маусым айында басталды. Жобаны талқы­лауға барлық үй тұрғындары қатыс­ты, іске асыру барысында әрқайсысының пікірі ескерілді. Сондай-ақ, К.Әзірбаев көшесі, 8 мекенжайындағы аулада аумақты абаттандыру жұмысы жүріп жатыр. Жалпы аумағы 2 мың шаршы метр жерге жұмысшылар тротуар төсеп, спорт және балалар ойын алаңдарын, орындықтар, урналар, шағын сәулет нысандарын орнатуда.

Биыл «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасын жүзеге асыру аясында ауданда 100-ден астам тұрғын үй кешенінің аумағын абаттандыру қарас­тырылған. Барлық жұмыс қазан айына дейін аяқталады.

Жөндеу жұмысы жалғасуда

Байқоңыр ауданында «Ақ­бұлақ» жағалауының Амман көшесінен Тәуелсіздік даңғылына дейінгі аралығы толығымен абаттандырылып, осы аумақ елорда тұрғындарының демалысына қолайлы қоғамдық кеңістікке айналды. Бұдан бөлек, қазіргі таңда Ақбұлақ өзені жағалауының екінші бөлігі, яғни Абылай хан даңғылынан Ш.Құдайбердіұлы даңғылына дейінгі аралығында абаттандыру жұмысы жалғасуда. Аталған аумақта ескірген алаң қайта жаңарып, заманауи қоғамдық кеңістік бой көтермек.

Аудандағы Ш.Иманбаева көшесі, 8; Бөгенбай батыр даңғылы, 56; А.Бараев көшесі, 13; С.Сейфуллин көшесі 65/1; Ә.Сембинов көшесі, 24 мекенжайлары бойынша абаттандырылған жаңа аулалар тұрғындар игілігіне берілген болатын. Тұрғын үйлердің қасбеті жөнделді.

Есіл ауданында «Уют» тұрғын үй кешенінің маңындағы аула абаттандырылды. Мәңгілік ел көшесіндегі 26 үйдің ауласы да тұрғындар талабымен жайласты.

Нұра ауданында барлығы 418 көппәтерлі тұрғын үй бар, онда 330 аула аумағы орналасқан. Олардың 74-і жөндеуді қажет етеді. Жаңа аппараттың құрылуына байланысты биыл осы ауданда 2 ауланы («Памир» ТК, «Аққу» ТК) күрделі абаттандыру жоспарлануда. Бұл аулаларда алаңның жабыны, шағын сәулет формалары күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар, тұрғындардың өтініші негізінде бірқатар аулада жөндеу-қалпына келтіру жұмысы жүргізілуде: ойын алаңдарының элементтері жөнделуде, шамдар, төсеніштер ауыстырылуда және т. б. жұмыстар жүріп жатыр.

Ауласы көп аудан

Астанадағы ауласы ең көп аудан – Сарыарқа ауданы. Бүгінгі таңда ондағы 587 ауланың 142-сі күрделі жөндеуді қажет етеді. Соңғы үш жылда 125 аула мен 32 қоғамдық кеңістік абаттандырылды.

2023 жылы 27 ауланы абаттандыру жоспарлануда, оның ішінде 15 аула «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жүргізілсе, 12 аула кешенді түрде абаттандырылады. Қазіргі кезде 7 аулада жұмыс жүріп жатыр. Сонымен бірге 107 аулада жөндеу-қалпына келтіру жұмысы басталса, 3 қоғамдық кеңістік, олардың 1-еуі ауданның орталық бөлігінде және қалған 2-еуі тұрғын алаптарда жүргізіледі.

Сарыарқа ауданының аумағында ағымдағы күрделі жөндеуден өткізілген аулалардың бірі Ш.Қосшығұлұлы, 7 мекенжайында орналасқан. Толық абаттандыру аумағы 2411 шаршы метрді құрайды. Бұл ретте балалар ойын алаңын орнату, спорт және workout алаңдарын, демалыс аймағы, футбол алаңын абаттандыру және т. б. жұмыстар жүргізілуде.

Ойын алаңдарында тартан жабыны төселген. Бұл балалар құлап қалған жағдайда жарақаттанудың алдын алады. Сондай-ақ барлық жоба эскизі тұрғындармен ақылдаса отырып, шағын архитектураларды таңдау арқылы жүзеге асуда. Бұған қоса, аулаішілік асфальт төсемдерін ауыстыру, автотұрақ орындарын жаңарту, ауланы қосымша жарықтандыру, көгалдандыру жұмысы да жүріп жатыр.

Құрылыс маусымы басталғалы бері «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша аудан аумағындағы 8 ауланың абаттандырылуы аяқталды. Күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, осы маңдағы ойын алаңдары жаңарды, автотұрақ орындарын жайластырып, жарықтандыру және көгалдандыру жұмысы жүзеге асты.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button