Басты ақпаратШартарап

Санкциялар соғысының салдары

Жақында Ресей ақшасы құнсызданып, долларға шаққандағы бағасы 100 рубльдан асқаннан кейін, 15 тамыз күні Ресейдің Орталық банкі пайыз мөлшер­лемесін 8,5 пайыздан 12 пайызға дейін көтерді. Бұл қадам рубльді құрдымнан құтқара ала ма? 1,5 жылға жалғасқан әскери операция Ресей экономикасын тұралатып тына ма? Дерек пен дәйекке сүйене отырып, ­Ресей-Украина жанжалының жағдайына талдау жасап көрейік.

Рубль неге құнсызданды?

Ресей-Украина соғысы басталған соң, рубль халықаралық нарықтағы құны тұрақсыз ақшаға айналды. Батыс санкциясының сабауы жүнше түтіп, Ресей әп-сәтте әлемдегі санкция ең көп салынған елге айналғаннан кейін, кейбір Батыс экономистері «Ресей ақшасы «сабанға» айналады, бір долларға шаққандағы бағамы 200-ден асады» деп даурыққан еді. Алайда содан бері 1,5 жыл уақыт өтті. Әу баста АҚШ долларына шаққандағы бағамы 120-ға көтерілді, алайда қайта тұрақталып, бір АҚШ доллары үшін 57 рубльге тең болды.  Бірақ соңғы уақытта рубль бағамы қайтадан төмендеп, 30 пайызға дейін құнсызданды. Bloomberg агенттігінің мәліметі бойынша Ресей ақшасының бұлайша құнсыздануы оны нарықтағы ең нашар валюталардың  біріне айналдырды. Талдау нәтижесі көрсеткендей, экспорттан түсетін кірістің төмендеуі, әскери шығын сияқты  мемлекеттік  шығындардың ұлғаюы және импортқа тәуелділік Ресейдің бюджет тапшылығының артуына әкеліп соғып, рубльдің әлсіреуіне және инфляцияның жоғарылауына мұрындық болды.

Батыстың Ресейге қарсы санкция­ларының күшеюіне байланысты Ресейдің экспорттан түсетін кірісі өткен жылмен салыстырғанда күрт төмендеді. Ресей Орталық банкінің мәліметі бойынша ресейлік экспорттаушылардың кірісі өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 116,8 миллиард АҚШ долларынан шілдеде 66,9 миллиард АҚШ долларына дейін төмендеген. Сонымен қатар, осы жылдың қаңтарынан шілде айына дейін Ресей бюджетінің кірісі мен табиғи газды сатудан түскен кірісі шамамен 4,19 трлн рубльді (шамамен 43,7 миллиард АҚШ доллары) құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 41,4 пайызға аз. Экспорттан түсетін кіріс азайған кезде Ресейдің мемлекеттік шығыны молайып, импортқа сұраныс артып, рубльге қысым күшейді. Ресей Қаржы министрлігінің алдын ала болжамы бойынша ағымдағы жылдың алғашқы жеті айында Ресей үкіметінің бюджет шығысы шамамен 17,34 трлн рубльді құрап, 14 пайызға өсті. Сонымен қатар, пайыз мөлшерлемесінің рубльдің инфляция межесінен төмен болуы және көптеген ресейлік банктердің жаһандық төлем жүйесінен ажырауы, жеке тұлғалардың шетелдік банктерге ақша аударуын жиілетуі онсыз да әлсірей бастаған рубльге қатты соққы болып тиді. Міне, осы себептерге байланысты Ресей рублі біртіндеп құнсызданып, соғыс пен санкцияның Ресей экономикасына әкелген зияны айқын көріне бастады.

Айта кететін тағы бір мәселе, Ресейдің Қытаймен жақындасып, юаньмен есеп айырысуға талпынуы да Мәскеуді санкцияның сеңінен құтқара алған жоқ. Керісінше, өз өнімін жарты бағасына арзан беріп бір ұтылған Ресей кейін жинап алған қисапсыз юаньды Гонконгтың қара базарына апарып, жарты бағасына сатып екі ұтылды. Қазақстан нарығындағы юаньның көбейіп кетуінің бір себебі де осымен байланысты болуы ықтимал. Өйткені Қытай мен Ресей юаньды долларды ығыстырудың негізгі баламасы етуге тырысқанмен, юаньның доллардың орнын басуына әлі көп уақыт бар. Яғни өз ақшасын халықаралық ақшаға айналдыруға асыққан Қытай орайды пайдаланбақ болғанмен, таяқтың бір ұшы қайта айналып өзіне тиетінін мүлде сезбей қалды. Демек, Қытай алдағы уақытта Ресей мен Украинаның соғысын пайдаланып өз ақшасының бет-беделін көтерудің де өзіндік қаупі жоғары екенін шындап сезінді. Міне, бұл жағдай құнсызданған рубльге юань да қалқан бола алмайтынын анық аңғартты.

Ресей Орталық банкінің мәліметі бойынша ресейлік экспорттаушылардың кірісі өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 116,8 миллиард АҚШ ­долларынан шілдеде 66,9 миллиард АҚШ долларына дейін төмендеген

Батыс экономистері Ресей Орталық банкінің пайыз мөлшерлемесін 12 пайызға дейін көтеруі «суға кеткен тал қармайдының» кебі ғана деп болжам жасап отыр. Себебі рубльдің құнсыздануы алдағы уақытта Ресейде жұмыс істеп жатқан шетел еңбек күшінің Ресейден көптеп кетуіне түрткі болуы мүмкін, бұл онсыз да жұмыс қолы тапшылығы төбе көрсете бастаған Ресейде көптеген өндіріс орнының тоқтауына немесе өнім мөлшерінің азаюына әкеліп соғады.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, санкцияның салдарынан Ресей экспорты күрт азайып, импортқа сұраныс арта бастады. Тек мұнай, газ ғана емес, Ресейдің бидайы, химиялық тыңайтқышы, көмірі, майлы дақылдары, жем және ет өнімдері де барған сайын арзандап, экспорттан түсетін табыс күннен-күнге азайып барады. Сосын да бұрын өз өнімдерін Еуропаға неше мың тонналап қымбатқа сатып, шалқа­йып келген Ресей енді төңірегіндегі көрші елдерге дорбалап сатса да ақша табуға мәжбүр. Қазақстан сияқты елдердің бидайы өтпей, алыстан аларман іздеуге мәжбүр болуының астарында да осындай мәселе жатыр.

Қарымта шабуылдың қадамы қалай?

Ресей мен Украина арасында қақтығыс болып жатқанына 540 күн толды. Осы бір жарым жылға жуық уақытта Украинаның көптеген қалалары қирап, 10 миллионға жуық тұрғын босып кетті. 10 мыңға жуық бейбіт тұрғын қаза тапты. Ал қанша әскері өлді, жараланды, ол жағы беймәлім. Өйткені украин­дар пәлен ресейлік жауынгерді жер жастандырдық деп күн сайын жариялағанмен, өз шығыны жайлы ақпарат беруге құлықсыз.

Осыдан бір жарым ай бұрын Батыс үлгісінде қаруланған Украина күштері қарымта шабуылды бастаған болатын. Бастапқыда екпіні ерекше болғанмен, жарты айға жетпей шабуылдың аяқ алысы бәсеңдеп қалды. Оған бастысы Украина жауынгерлерінің Батыс үйреткен соғыс тактикасын майданда тиімді қолдана алмауы, Ресей армиясының берік бекініс құрып, басып алған аумақтарын нөпірлетіп миналап тастағаны себеп болды. Дегенмен қарымта шабуыл да қайырсыз емес. Қазірге дейін Ресей басып алған аумақтың 200 шаршы шақырымы азат етіліп, Ресей армия­сының жойқын шабуылының беті қайтты. Былайша айтқанда, Ресей қазір шабуылдаушыдан қорғанысқа қарай ауысып, соғыс­тағы басымдық, яғни соғыстың тізгіні Украина жақтың қолына өте бастады. Бұл – Украина үшін үлкен нәтиже.

Осыдан жарты ай бұрын Ресей президенті В.Путин «Украинаның қарымта шабуылы сәтсіз аяқталды» деп мәлімдеген еді. Ресей Қорғаныс министрлігі де осы сарындас мәлімдеме таратудан жалыққан емес. Алайда жақында АҚШ-тың соғысты зерттеу институты «Украина­ның қарымта шабуылының аяқ алысы баяу болғанмен, соғыс қимылы жоспардағыдай жүріп жатыр, ­Украина әскерлері табан аударып болса да алға ілгерілеп, соғыстағы басымдыққа ие бола бастады» деген ақпарат таратты. Ресей жарты жылдан артық уақыт соғысып, әзер алған Бахмут қалашығының өзінде қазірге дейін 40 шаршы шақырым аумақ азат етілгенін (мұның 3 шаршы шақырымнан астамы соңғы аптада украиндардың бақылауына өтті) ескерсек, Украина Қарулы күштерінің қарсыласын біртіндеп ығыстырып келе жатқанын аңғару қиын емес. Дегенмен Украина армиясының шығыс шебін, яғни Купянск маңын әзер сақтап тұрғанын айта кеткен дұрыс. Бұл маңға қыруар техникасы мен 60 мыңнан артық жаңа күшін шоғырландырған Ресей қаланы басып алу үшін бірнеше рет шабуыл жасады. Бастапқы шабуылды украиндар сәтті тойтарғанмен, күшін қайта топтап, қосынын қайта реттеген Ресей күштері соңғы кездері қалаға қайта шүйлікті. Осы жағдайға байланысты Украина билігі Купянск қолдан кетіп қала ма деген күдікпен аталған қаланың төңірегіндегі 37 елді мекеннің халқын басқа өңірге көшіріп әкетті. Ал Херсон, Запорожье бағыттарында Ресей армиясы қорғаныста тұр.

Украина әскері біртіндеп алға жылжығанмен, Ресейдің алыс аралықтан жасалған соққысынан көз аша алмай отыр. Ресей күштері «Қанжар» («Кинжал») атты гипердыбыстық ракеталармен, «Ескендір» («Искандер») ракеталарымен, сондай-ақ, Иран елінен алған ұшқышсыз ұшақтармен (Тегеран әлі күнге дейін мойындаған жоқ) Украинаның астанасы Киев пен өзге де қалаларын күн құрғатпай атқылап, талай нысанды қиратты. Батыс елдерінен «Патриот» маркалы әуе шабуылынан қорғану жүйесін алған Украина олардың көбін тосып қалғанмен (Украина тарапының мәліметіне сүйенсек, соғыс басталғалы гипердыбыстық ракетаның 13-ін қағып түсірген), шабуыл шығынсыз болып жатқан жоқ. Талай ғимарат қирады, көз жұмған, жараланған бейбіт тұрғындар да аз емес.

Соңғы кездері Украина да ұшқышсыз ұшақтармен, Ұлыбританиядан алған Storm Shadow қанатты зымыранымен Ресей басып алған және Украинамен шекаралас жатқан аумақтарға дүркін-дүркін шабуыл жасай бастады. Керек десеңіз, олардың ұшқышсыз ұшақтарының алды Мәскеуге дейін жетіп, бірнеше рет жарылыс болды. Сонымен қатар, украиндар суда жүзетін дрондар арқылы Ресей кемелеріне және Қырым көпіріне шабуыл жасауға тырысып бағуда. Оның үстіне соңғы кездері Ресей жерінде өрт, тосын жарыстар жиілеп кетті. Мұны украин­дар мойнына алмағанмен, тосын жағдайлардың көбінің артында Украинаның қолы болуы мүмкін деген күдік күшті. Осыған қарап соғыс біртіндеп Ресей жеріне қарай ойысып бара ма деген ой туады.

Соғыс уақыты ұзарған сайын 2 тарап та титықтады. Осы соғыстың салдарынан әлемдік мәселелер де ұлғайып, Африка елдерінде астық тапшылығы төбе көрсете бастады. Бұл жағдай Ресей мен Украина арасындағы жанжалды келіссөз арқылы шешпесе, әлемдік жағдайға да аса тиімсіз ықпал жасайтынын көрсетті. Украина болса Ресей жерімізден әскерін әкетіп, 1991 жылғы шекарамыз қалпына келмей, келісімге келмейміз деп отыр. Сол себепті де өткен тамыз айының басында Сауд Арабияның Джидда қаласында АҚШ, Үндістан, Қытай, Бразилия және Еуропа елдері бас қосып, Украина соғысы мәселесін талқылады. Басқосуға Ресей тарапы шақырылған жоқ. Кездесуде маңызды шешім қабылданбаса да, жиынға қатысушы елдер, әдеттегідей, БҰҰ-ның отырысы сияқты Ресейдің Украинаға шапқыншылығын айыптап, Украинаның территория тұтастығын мойындайтынын мәлімдеп, Ресейді соғысты дереу тоқтатуға үндеді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button