Елорда тынысы

27 мың бала мектепке барады

Елордадағы оқушылардың жалпы саны биыл 255 мың болады. Солардың ішінде 27 мыңға жуығы 1-сыныпқа барады. Бұл туралы кеше Астана ­қаласының коммуникациялар қызметінде өткен жаңа оқу жылына дайындық жұмысы ­туралы брифингте қалалық Білім басқармасының ­басшысы Қасымхан Сенғазыев мәлімдеді.

Құжаттарды «электрондық үкімет» www.egov.kz веб-порталы арқылы қабылдау аяқталды, қазіргі таңда ата-аналар қағаз жүзінде құжат тапсыра алады.

Әр мектепте қабылдау комиссиясы ұйымдастырылған. Дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерден басқа барлық мектептерде 1-сыныпқа емтихансыз қабылданады. Білім беру ұйым­дары 10, 11 (12)-сыныптарға сол мектеп жанында тұратын оқушыларды қабылдайды және қабылдау білім алушының жеке өтінішінің не олардың ата-аналарының немесе өзге де заңды өкілдерінің өтінішінің және негізгі орта білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжатының негізінде жүзеге асырылады. Бүгінде білім беру ұйымдарының 10-сыныптарына 8360 бала қабылданған.

– Қазіргі таңда 49 білім беру нысанында күрделі және ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілуде, оларды оқу жылы басталғанға дейін аяқтау жоспарлануда. Одан бөлек, 14 мектептің құрылысы жүріп жатыр, 11 мектеп ағымдағы оқу жылында, оқу жылы басталмай тұрып 4800 орындық 3 мектеп пайдалануға беріледі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бо­йынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 90000 (екі ауысымда) орынға шақталған 24 мектеп салынады, – деді Қасымхан Сенғазыев.

Жекеменшік мектепке де­йінгі ұйымдарда 10317 орынға мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылды. Жұмыс істеп тұрған мектепке дейінгі ұйымдар жанынан қосымша 500 орындық корпус ашу жоспарлануда. Биыл 17 тамыздан бастап Астана қаласының мектепке дейінгі ұйымдарының топтарын жаңа 2023-2024 оқу жылына жасақтау аяқталады. Порталда 22190 жолдама берілді, оның ішінде 13157 жолдаманы мемлекеттік балабақшаға баратын балалар алған.

– Бүгінде елордада 67642 баланы қамтитын 505 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Электрондық кезекте 61 мыңға жуық мектеп жасына дейінгі бала тіркелген. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында осы жылдың қыркүйек айынан бастап халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалар балабақшаларда тегін тамақпен қамтамасыз етіледі, – деп атап өтті Білім басқармасының басшысы.

Елордада қазір 33 колледж бар. Кадрларды даярлау 75 мамандық және 122 біліктілік бойынша жүзеге асырылады. Барлық колледжде кабинеттерге, шеберханалар мен жатақханаларға косметикалық жөндеу жүргізілді, білім беру бағдарламалары қайта жанданып, педагогикалық штат жасақталды. Бүгінгі таңда колледждерге оқуға 11937 адам өтініш берді. «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасы аясында 8 бағыт бойынша 8500 орынға және сұранысқа ие 59 мамандық бар.

Қ.Сенғазыевтың айтуынша, биыл алғаш рет колледждерге 10-11-сынып оқушыларына арналған эксперименттік білім беру бағдарламалары бойынша қабылдау жүргізілуде. Оқуға 270 адам қабылданады деп жоспарлануда, олар 1,5 жылдан кейін білім туралы аттестат және жұмыс біліктілігі берілген диплом алып шығады. Оқу жылының басынан бастап 607 студент мемлекеттік тапсырыс бойынша колледждерде оқуды бастайды, ал аяқтағаннан кейін қаланың 44 түрлі ұйымында жұмысқа орналасады.

Елордалық білім беру ұйым­дарында 3533 педагог жұмыс істейді. Жаңа оқу жылында қала мектептерінде әкім гранты бо­йынша білім алған педагогикалық жоғары оқу орындарының 131 түлегі жұмыс істей бастайды. 1 қыркүйектен бастап балабақша тәрбиешілерінің жалақысы 30 пайызға артады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button