Мәдениет

Таңдай қақтырған таланттар



Мереке күндері «Астана Опера» театрында атақты Джоаккино Россинидің «Севиль шаштаразы» атты әйгілі операсының көрсетілімі өтті.

Классикалық комедия елордалық көрермендерге ұсынылды.

Отанымыздың жүрегі – Астананың мәдени өмірі мереке күндері түрлі қызықты шараларға толы болды. Астана опера театрында атақты Джоаккино Россинидің «Севилья шаштаразы» атты әйгілі комедиялық операсының көрсетілімі болды. XVIII ғасырдағы ағартушы классицизмнің көрнекті өкілі Бомаршенің жазған «Севиль шаштаразы» комедиясына 1816 жылы опера жазған Россинидің бұл операсын әлемнің ең озық театрлары сахнасында көрсетуге тырысты.  Талғампаз көрерменнің таңдайын қаққызған Астана сахнасындағы көңілді қойылымға маэстро Руслан Баймурзин дирижерлік етті. Айта кету керек, осы мереке күндері үлкен зал  сахнасында дарынды вокалистер, театрдың майталман солистерімен қатар Astana Opera халықаралық опера академиясының болашағынан үміт күттіретін шәкірттері көрермендер алдында дебют жасап, өз өнерлерін ортаға салды.

Үш сағатқа жуық Астана операсының сахнасында көрермендерге классикалық шығарманың керемет үлгісін көрсеткен 2 бөлімді комедиялық опера қазақ және орыс тілдеріндегі синхронды аудармамен итальян тілінде орындалды. Көңілді операның оқиғасы Испанияда өткенімен, әр көрерменге шығарма Францияда өтіп жатқандай әсер ететіні анық. Оқиға желісі осылай өріледі: испандық ақсүйек жігіт Граф Альмавива дәрігер Бартолоның бай-ауқатты тәрбиеленушісі Розинаға ғашық, ал қарт дәрігер болса, оған өзі үйленуге дәмелі. Альмавива Розинаның ізіне түсіп, кедей студент Линдороның кейпінде Мадридтен Севильяға жол тартады. Сөйтіп ол дәрігер Бартоло үйінің маңында Розинаға ранап серенада айтады, оған әртістер мен музыканттар қолдау көрсетеді. Розинаның жауабынан үміті үзілген ғашық жігіт Альмавива осындай нешетүрлі қиын істерді шешуге шебер, қолы жеңіл шаштараз Фигародан көмек сұрайды.

Ал, Фигаро Бартолоға жақын жүретін жан, сол үйдің шаруасын жасайтын адам болғандықтан, бұл істі реттеуде Фигародан артық адам жоғын сезеді. Екеуінің әңгімесі барысында балконға шыққан Розинаның қолында үйлеріне келіп жүрген көрікті студентке арналған хаты бар. Кенеттен келіп қалған Бартолоға қарамастан, Розинаның терезеден лақтырып үлгерген хаты Графтың қолына түседі. Альмавиваның Розинаға қызығушылық танытып жүргенін естіген Бартоло, уақыт жоғалтпастан тәрбиеленуші қызға үйленуге бел буады. Ол қызметшілеріне үйде өзі болмаған кезде ешкімді кіргізбеуді бұйырады. Фигаро Альмавиваны Розинаның хатына тағы бір серенадамен жауап беруге көндіреді, алайда, ару үн қатпағандықтан, оның әні доғарылады. Ақша берем деген уәдеге шаттанған Фигаро Альмавива мен Розинаның кездесуінде  Бартолоның үйіне жігіттің мас сарбаз кейпінде келуімен жоспарлайды. Салынған тыйымдарды бұзған Фигаро дәрігер Бартолоның үйіне барады.

«Севилья шаштаразы» операсында басты кейіпкер – Фигароның партиясында опера труппасының солисі Алтынбек Әбілда дебютімен көрінді. Үй иесі Фигароның өзіне тиісті сый-құрметтен жұрдай екенін айтып, бетіне басады. Қыз бен жігіттің не туралы сөйлескенін білген ол қызметшілерін де сұрақтың астына  алады. Розинаға ән сабағын беруге келген ұстазы Дон Базилиоға Бартоло барлық жағдайды жайып салады. Олардың әңгімелерін естіген Фигаро, Линдороға жоспар әзірлей бастайды, алайда одан ширақ Розина басым болғаны белгілі болады. Бартоло Линдороға хат жазды деп Розинадан күдіктенеді, ал тәрбиесінде өскен қыз еш кінәсі жоқтығын айтып ақталады. Отпен ойнамауын сұраған кәрі дәрігер оған шындыққа жанасатын басқа дәлел табуға кеңес береді. Сарбаз кейпіндегі Альмавиваның келгеніне Розина қатты қуанса, Бартоло шу шығарып, тәртіп сақшыларын шақырады. Бірақ, күтпеген жерден Граф тұтқындалудан аман қалады. Сосын киім ауыстырған Альмавива өзін музыка ұстазы Дон Алонсо деп атап, Бартолоның үйіне келеді. Қысқасы, көптеген оқиғалардан соң параға сатылған Базилио Розина мен Альмавиваның некелесуіне куәлік етеді, кәрі дәрігер мен судья бәріне кешігеді, Бартоло Розинадан айрылғанын амалсыз мойындайды…

Басты рөлдегі Алтынбекпен бірге театрдың шәкірттері – Розинаны Гүлдана Алдадосова орындаса, Альмавиваны Әлихан Зейнолла сомдап шықты. Бартоло рөлін Жандарбек Еркінбаев ойнаса, Базилионы Валерий Селиванов, Бертаны Эльмира Шпекбаева шебер орындап шықты.

Спектакльдерге «Астана опера» театрының оркестрі, хоры, мимансы және опера солистері қатысты. Таңғажайып көркем  қойылымның музыкалық жетекшісі – театрдың бас дирижері, әлемге маэстро Алан Бөрібаев, бас хормейстері – Ержан Дәуітов, қоюшы режиссердің ассисенті – Еренбақ Тойкенов,  опера труппасының директоры – Азамат Жылтыркөзөв.

«Севилья шаштаразы» – талғамы биік көрерменді данышпандық пен ақымақтықтың, достық пен аярлықтың, парақорлық пен адалдықтың, махаббат пен өшпенділіктің ара өлшемін, айырмашылығын көңілді жанрда болса да айқын сездіріп, өнердің биіктігін байқата түседі, шынайы сезім мен хас өнердің, күлкілі оқиғалардың адам өміріне әсерін жарқыратып көрсеткен жарқын туынды. Жас дебютші әртістердің ойнауы – операға көрерменді тағы да қызықтыра түсетіні даусыз. Өнердің өміршең болуы да сондықтан.

 


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button