Мәдениет

«BINOM» бас жүлде алды

Астана қаласындағы «BINOM» мектептері желісі аясында «B-FEST» фестивалінің «B-ART» бағыты бойынша жас өнерпаздардың мюзикл қойылымдары жұртшылық назарына ұсынылды. Бұл іс-шара елордадағы Музыкалық жас көрермен театрында өтті.

«BINOM» мектептері арасында ғылым, білім, өнер, спорт бағыты бойынша осындай байқаулар ұйым­дастырылып тұрады. Енді шәкірттер мюзикл жанры бойынша бақ сынады. Алты білім ұясының 8-11-сынып оқушылары екі ай бойы дайындық жұмысын жүргізіп, мәні мен маз­мұны бір-біріне ұқсамайтын бірнеше қойылымды сахнаға шығарды.

Қадыр Мырза Әлі атындағы «BINOM» мектеп-лицейі оқушылары «Қыз Жібек» эпосын жаңа сипатта сахналады. Оқушылар Төлеген мен Қыз Жібектің ариясын жанды дауыста орындады. Төлеген бейнесін Мансұр Жәкенов, Жібектің рөлін Ясмин Сүлейменова сомдады. Ұлықбек Кәрімов Бекежанның рөлін толыққанды аша білді. Ал Әсел Нұғымат болса Жібектің құрбысы Дүрияның кескін-келбетін келтіре білді. Ұстаздары да белсенді қатысты. Айталық, Төлегеннің анасы Қамқа рөлін сынып жетекшісі Гүлзат Шалжанова орындады. Ал Шеге рөлінде тағы бір ұстаз Рақымжан Ералы болды. Жас дарын иелеріне Музыкалық жас көрермен театры жан-жақты қолдау көрсетті. Қоюшы-­режиссері – Оразалы Игілік.

Әр қойылым 45-50 минутқа созылды. Әділқазылар құрамында белгілі өнер қайраткерлері мен режиссерлер болды. Таңмен басталған шара кешке аяқталып, қазылар алқасының шешімі шығарылды. Осы «Театрландырылған қойылым, мюзикл» номинациясында Қадыр Мырза Әлі атындағы «BINOM» мектеп-лицей оқушылары бас жүлдеге ие болды. 

Айбатыр
САМИҒОЛЛАҰЛЫ,
журналист

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button