Мәдениет

Түрлі түсті әлем

Ұлттық музейде ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, туындылары тек елі­мізде ғана емес, шетелде де танымал суретші Алпыс­бай Қазығұловтың шығарма­шылығына арнал­ған дөңгелек үстел өткізіліп, көрме ұйым­дастырылды.

Дөңгелек үстел барысында суретші Жеңіс Кәкенұлы ­«Алпысбай Қазығұловтың аты аталса, түрлі түстердің жұмбақ үйлесімінің кілтін тапқан шебер, ешкімге ұқсамайтын сирек шығармашылық иесі көз алдымызға келеді. Осындай көзқарас арқылы адамға рахат сезімін сыйлап, тәнті ету қашанда өз бағасын алады деп ойлаймын» деп суретшінің асқан шеберлігін атап өтті.

«Жаңашылдық және авторлық әдістің бірегейлігі» атты дөңгелек үстелде қазақ бейнелеу өнерінің бүгінгі ахуалы, еліміздегі арт-нарықтың қалыптасуындағы өзекті мәселелер талқыланды. Сонымен қатар Алпысбай Қазығұлов шығармашылық жолындағы қызықты кездерді есіне алып, естеліктерімен бөлісті. Отырыс көрменің ашылуымен жалғасын тапты.

«Сонау Отпан таудан Алтайға, Алатаудан Арқаға дейінгі қазақ даласын, бүкіл философиясын, оның тұрмыс-тіршілігін, дала мәдениетін халқына осы қыл­қалам арқылы жеткізіп келген Алпысбай Қазығұлов ағамыздың көрмесі құтты болсын! Шығармашылығыңызға толағай табыс тілейміз, еліміздің мәдениетін дамыту жолындағы еңбегіңіз жана берсін» деп Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов өз сәлемдемесін жеткізді.

Өмірінің 45 жылын бейнелеу өнеріне арнаған суретшінің қайталанбас еңбектерін тізбектей келе, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сенатор Нұртөре Жүсіп: «Алпысбай ­Қазығұлов бейнелеу өнері арқылы адамзаттың жан әлеміне үлкен мұра сыйлап жатқанына біз куәміз. Сондықтан қиялыңыз, қаламыңыз талмасын» деп сөзін аяқтады.

«Көктемгі самғау» – қылқалам шеберінің дара көрмесі. Алпысбай Қазығұловтың туындылары табиғаттың көзге көрінбес тылсымын сыр шерте отырып, келушілердің көңіл күйді айшықтайтын, жан дүниесіне үңіле ерекше сезімге бөлейтіні анық.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button