Басты ақпаратМәселе

Тойымыз қашан түзеледі?



Қазір бізге ғасырлардан ғасырларға жеткен дәстүрлі дүниетанымымыз, салт-санамыз, рухани мұрамыз түрлі өзгеріске ұшырады. Тарихтағы ақиқат өмір шындығынан алшақ кетіп барады. Жеке тұлға мен әлеуметтік ортаның тұтастанған қасиетін танытатын «Ел қатарлы болу», «Жұрт қатарлы болу», «Үй болу», «Көппен көрген ұлы той», «У ішсең – руыңмен» сияқты тұрақты тіркестер көшпенділерде ғана бар екен. Ықылым замандардан жеткен ата-бабалар талғамы, дәстүрі қазір мықтап өзгерді. Бұрын тек отбасы, ошақ қасында немесе ауыл арасында өткізілетін жанұялық мерекелер қазір өңіраралық, тіпті халықаралық деңгейде тойланатын болды.

Орынсыз тойды тоқтату керек

–  Қазақта кейбір тойларды тоқтату керек. Үйлену тойы қалсын, жарайды. Қызды ұзатсын. Бірақ, кейіннен қосылған сүндет той, бесік той, сосын қаптаған туған күндер, мерей­тойлар неге керек?! Сүндет тойды жасамай-ақ ата-бабамыз үйіне ауылдың ақсақалдарын жинап, батасын алмаушы ма еді?! Бесік той дегенде, бес кемпір жиналып,  «тышты ма, тышты ма?» деп бес кәмпитті шашып, өлеңін айтып кететін еді, қазір зәулім сарай жалдап, қырғын қонақ шақырып, олар көлікпен шығып, кейбірі сол жолда асығамын деп опат болып, өкінішті жағдайға ұшырайтын болды… Тойға қайбір қуанғаннан келеді жұрт, ұялғаннан амал жоқ келеді, шығындалып кетеді, келу-кетуден, осыны жасаудан ұлттық құндылықтарымыз жаңғырып кетпесі анық, кері кетіп барамыз қайта… Тез арада қазағым қаптаған тойды тоқтатпаса, кері кеткені кеткен… Ойланайық! – дейді «Шаншар» театрының белді мүшесі, танымал актер, көпбалалы әке Жүсіп Ақшораев.

Шынында да көңіл көтерудің, өмірді қызықты өткізудің басы-ая­ғы осы деп түрлі тойды ойлап таптық. Тілашар той, тұсаукесер тойы, мектеп бітіру немесе әскерден келу тойы, тағы басқа толып жатқан тойлар бар. Өзгеден озамын деп өзеуреген қандастарымыз жөн сөзге де тоқтаудан қалып барады. Айтысып, жаға жұлысқанда өзге ұлттың бетпақ әйелінен басып озады… «Өзін аямаған адам өзгенің де бетін шиедей қылады» дегендей, салт-дәстүрді барынша бұрмалап, білгенімізді істеп бағудамыз…

Той – барып тұрған шығын

Той қай халықта да бар. Бетімізді ашып алайық, дәстүрге сіңген той-салтанатты қазақтан айырып алайын деп жатқан ешкім жоқ. Бірақ, проблема бар. Проблема – қып-қызыл шығында. Қаржылық сауат тұрғысынан алып қарасақ, сіз де, біз де той үшін шашылуға дайынбыз. Ал, осы дұрыс па?

Бала – үйленем, қыз – тұрмыс құрам десе, ішер асымызды жерге қоя, өре тұра келетін елміз. Бәрімізді «баламның бір тойын жасап бере алмасам, жұрт не дейді» деген намыс қайрайды. Сол «намыстың» күшімен эмоцияға ерік беріп, банктен қалай шыққанымызды білмей қалып жатамыз. Ол кезде банктің кредит үстіне қосып беретін пайызы маңыз­ды емес. Маңыздысы – банк берген ақшаның қолға тигені. Кімнен жасырамыз, көпшілік үшін қарызды еңсеру, қалай қайтарам деп ойлану – тойдан кейінгі шаруа. Тарихшы Айшуақ Дәрменұлы той үшін қарызға белшеден батып, өзіңе салмақ салу – жастарға да, отбасыға да обал дейді.

–  Осыдан 10-15 жыл бұрын әрбір аялдамада миллион теңгені 5 минутта таратып бере қоятын қызметтер болған. 28% жылдық өсіммен. Мысалы, сіз 1 млн теңге аласыз, оны 3-3,5 млн қылып қайтарасыз. Өте сұмдық нәрсе. «Отауын сайламай, басқасын сайлады» деп қазақ баяғыда айтып кеткен. Сондықтан, қаржылық сауат мәселесі тұрғысынан қарасаңыз, бұл өте тиімсіз дүние. Жазушы Бақытжан Момышұлының «тұрмыс есіктен қарағанда, махаббат терезеден секіріп кетті ме, қалқам?» дейтін бір сөзі бар еді. Сондай бір тұрмыстың қыспағына ұшырап, ажырасып кеткен отбасыға айтқан әңгімесі еді. Сондықтан, бұл күлкі қылатын нәрсе емес. Асықпай ойланатын дүние, –  дейді тарихшы Айшуақ Дәрменұлы.

Сөйтіп, журналистер көтерген бастама билік үйлерінің дәлізінде айтыла бастады. Бізде халыққа кредит ұсынатын кім? Екінші деңгейлі банктер мен басқа да қаржы ұйымдары. Олардың үстінен қадағалайтын реттеуші орган – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл тұрғыда не ойлайды? Агенттік төрағасының орынбасары Олжас Қизатов Сенат қабырғасында журналистердің сұрағына былай деп жауап берген:

«Біз несиенің қандай да бір түрін беруге тыйым сала алмаймыз. Заң бойынша несиелеудің нақты түрлерін шектеуге құқығымыз жоқ. Бұл – банктің ішкі саясаты және оған араласуға біздің құқығымыз жоқ». Цитата аяқталады.

Демек, қаржы ұйымдары, банктер тойға кредит беруді тыйым салуға әзір дайын емес. Ал, тілшілер қауымы көтерген мәселе сарапшымыздың ойынан шыққан тәрізді.

– Журналистер де бірдеңені біліп айтады. Елдің жағдайын күнде көзбен көріп, құлақпен естіп жүр. Тойға шығын шығаруға шектеу қою немесе тыйым салу мәселесі – бұл проблеманың бергі жағы. Мұзтаудың төбесі дейміз бе. Ал, енді, оны тереңірек ойлап қарасаңыз, мүмкін, кейбір адамдар маусымдық жұмысын істейтін шығар, күздегі егіннің түсімінен үміт етіп отырған болар немесе бір жақтан кіретін табыс көзіне сеніп, кредит алатын шығар. Бірақ, жоспарсыз кредит алып той жасау, оңды-солды шашу – бұл дарақылық және жалған намыс. Енді әркімнің өз басы бар ғой. Қазір біреуге ақыл айтсаң, ауырып қалатын заман. Кейбір жағдайларды көріп жүрміз. Ұлан-асыр той жасайды, бір ай, екі айға жетпей, жастардың арасына жік түсіп жатады. Ол өте ауыр көрініс. Артында миллиондаған қарызы қалады, ортаға түскен шаңырақ қалады, – дейді Айшуақ Дәрменұлы.

Шындап келгенде, банктен қарыз алушы кредит рәсімдеу кезінде ол ақшаны қайда жарататынын айтпауға қақы бар. Айтса да, ол жеке тұлға мен банктің құпиясы саналады. Сондықтан болар, тілшілер қауымының бас­тамасы әзірге жоғары жақтан қолдау таппай тұр…

Тойған түйін

Санамызды өресіздікпен, кемқадам ой-ниетпен әуезе болу – ұлттың тарихындағы қасіреттің зоры. Қазақ тарихи тағдыр-талайында талай өтпелі кезеңнен өтті, заманына қарай бейімделу арқылы халқымыз бір сападан ерекше екінші сапаға көшуі осындай ұлттық салт-дәстүрімізді ұлықтаудан басталады, бірақ әсіре тойлау­шылық, әсіре ысырапшылдық ешкімге опа әпермесі анық. Кешегі ұлы дала халқы, тарихы тереңде жатқан көшпелілер ұрпағы – біздер тойда қисалаңдап, анайы билеп, есепсіз мақтау, қисапсыз ысыраппен тойларды өткізіп жүрміз. Кешегі көне, бай тарихы бар, ғажайып мәдениетіміз, төлтума туындыларымыз, бай тіліміз бар елміз ғой, қазір «кедей – байға, бай – Құдайға жетем деген» өзімшіл пендеге айналдық… Тоқтам жоқ, шүкіршілік жоқ. Небір алапат кезеңдерден өткен халқымыз жақсыға ұмтылудың орнына өтпелі кезеңдердің ең жаман қасиеттерін бойына сіңірді. Науқаншылдық, алауыздық, көре алмаушылық және тағы басқалары жетеді… Халқымыз өз болмысына сай өмір сүру дәстүрінен жаңылып, өзіндік төлтума қасиетін сақтағаны үшін ыңғайсызданатын күйге түсті… Бұл, әрине, қасірет…

Бұрын көпшілікке ұқсас болу, көптің істегенін істеу, көптің айтқанына көну, көптің қамын ойлау әрбір қазақтың өмірлік мұраты болатын. Қазіргі жағдай керісінше болып барады. Қазір адамдар өзінің өзгеге ұқсамайтынын, оқшаулығын мәртебе санайды. Қайтсем өзгеден артық ақша табамын деп, артық киінемін деп, артық дүние жинап, шашылып той жасаймын деп бар арман-аңсарын соған арнайды. Мұның өзі адамдар арасындағы мейірімді, тілеулестікті жоғалтып, орың орнына бәсеке-бақталастықты, күншілдікті, іштарлықты, қатыгездікті қоздырып отыр. Әр ұлт өзінің табиғи, тарихи болмысымен үндес төлтума қасиетін сақтай отырып, әлемдік үндестікке көшу арқылы ғана бақытты бола алатыны әмбеге аян.

Халқымыздың біртуар ұлы, жазушы Ақселеу Сейдімбек жазғанындай, халқымыздың мыңдаған жылдық тарихи тәжірибесін, мәдени-рухани қазынасын қаншалықты шалымдылықпен, өткелектен өткізе алсақ, біздің болашақ дамуымыз сол деңгейден көрініс табады.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button