Елорда тынысы

Чернобыль апаты құрбандарын еске алды



Кеше елордада Чернобыль апаты құрбандарына арналған ескерткіш жанында еске алу шарасы өтті.

Тағзым етуге жиналғандар алдымен бір минут үнсіздікпен құрбан болған отандастарымызды еске алды. Ескерткішке Астана қаласы әкімдігі, Астана қаласы мәслихаты және қоғамдық ұйымдар атынан гүл шоқтары қойылды.

Чернобыль атом электр станция­сында орын алған апат әлемдегі ең ірі ядролық техногендік оқиға ретінде тіркелген.

Еске алу шарасында сөз алған Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет ­Байкен, Чернобыль апаты, оған қатысқан астаналықтардың қайсарлығын, тарихи оқиғаға қатысы бар азаматтардың ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.

«Биыл Чернобыль апатының орын алғанына 37 жыл толып отыр. Бүкіл адамзатты аландатқан қауіптің салдарын жоюға бұрынғы Кеңес Одағы елдері ішінде алғашқылардың бірі болып қазақстандықтар да қатысып, ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Бүгінгі таңда елордамызда Чернобыль апатын жоюға қатысқан 500-ге жуық адам бар. Біз осы апаттың салдарынан қайтыс болған батырлардың және бүгін ортамызда жүрген азаматтардың алдында құрметпен бас иеміз» деді қала әкімінің орынбасары.

Жиында «Чернобыль ардагерлері республикалық одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұстафа Құсайын 1986 жылдың 26 сәуірінде болған Чернобыль апатының себептері мен салдары туралы баяндады.

«Чернобыль апаты салдарын жоюға шамамен 800 мың адам қатысқан, оның 30 мыңға жуығы қазақстандық болған. Отандастарымыз жастық шақтағы кезеңін, денсаулықтарын тәуекелге буып, өз борыштарын абыроймен орындады. Радиацияның әрі қарай таралуына тосқауыл болды. Чернобыль апаты бүкіл әлемге қасіретті сабақ болды. Болашақта осындай апаттың қайталанбауына, жол берілмеуіне өзіміздің ықпалымызды, күш-жігерімізді жұмылдыра білуіміз керек. Еліміз аман болсын, жұртымыз тыныш болсын, – дейді М.Құсайын.

Іс-шара соңында жиналған көпшілік ескерткішке гүл шоқтарын қойды.


Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button