Ел тынысы

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Төрт еркіндік» қағидаттары мүлтіксіз сақталуы керек



Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Көпполярлы әлемдегі еуразиялық интеграция» атты ІІ Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық отырысына қатысты. Жиын сұрақ-жауап форматында өтті. Модератор Александр Шохин Мемлекет басшысына Еуразиялық экономикалық одақтың 2025 жылға дейінгі қабылданған стратегиясында өзара инфрақұрылым байланысы, «Солтүстік – Оңтүстік» және «Батыс – Шығыс» дәліздері және үшінші елдермен арадағы қатынастар секілді перспективті бағыттар қамтылған ба деген сұрақ қойды. Президент өз сөзінде форумға қатысушыларға ілтипат білдіре отырып, жиынға шақырғаны және іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Ресей тарапына және Владимир Путинге ризашылығын білдірді.

Мемлекет басшысы 2020 жылы Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттары қабылданғанын атап өтті.

«Еуразиялық экономикалық одақтың географиялық аумағы орасан зор екенін ескерсек, өзара инфрақұрылым байланысын дамыту мәселесі аса маңызды басымдықтардың бірі болып қала береді. Бұл жерде біз бірден екі деңгейде: бірінші – ішкіодақтық, яғни одаққа мүше елдердің көлік және коммуникация салаларындағы интеграциясы бағытында, екінші – халықаралық, яғни көлік-логистика саласындағы халықаралық мәселелерді жүзеге асыру және үшінші елдермен ынтымақтастықты дамыту аясында  жұмыс істейтінімізді айта кету керек. Жаһандық тауар ағынының мейлінше жылдам өзгеріске ұшырап жатқанын ескерсек, қазір жан-жағымызды жіті бақылап, бүкіл аймақта барынша тренд қалыптастыру өте маңызды.

Қазір көлік логистикасы халықаралық ынтымақтастықта алға шықты. Шын мәнінде, халықаралық нарықта көлік бағдарларына, логистикаға және басқа да салаларға иелік ету үшін күрес жүріп жатыр. Бұл – барлық мемлекет үшін пайдалы бизнес. Еуразиялық экономикалық одақ осы бағытта маңызды рөл атқаруға тиіс деп ойлаймын. Одақтың ең басты саяси және экономикалық серіктесі – Қытай Халық Республикасымен тиімді қарым-қатынас жасаудың маңызы зор. Қытай – ең ірі жүк жөнелтуші әрі ең ірі тұтынушы ел» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы форум қатысушыларына өткен аптада ҚХР-ға мемлекеттік сапармен барғанын, сапар аясында Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистикалық орталығының іргетасын қалағанын жеткізді. Президент бұл порт Орталық Азияға, Еуропаға, Түркияға және Иранға тікелей контейнер пойыздарын жөнелтетін негізгі хабқа айналатынына сенімді.  Сонымен қатар Бақты – Аягөз учаскесінде теміржол байланысын іске қосу және ҚХР бағытында бөлек шекара өткелін салу жоспарланып отыр. «Біз Ресеймен нәтижелі ынтымақтастық құруға ниеттіміз. Себебі бұл жоба тек Қазақстаннан ғана емес, Батыс Сібірден де ҚХР-ға тауар жеткізу мерзімі мен қашықтығын едәуір қысқартады. Тағы бір маңызды мәселе. Физикалық инфрақұрылымды дамытудан бөлек, «жұмсақ» инфрақұрылымды қалыптастыруға баса мән беру қажет. Яғни, цифрландыру, кедендік әкімшілендіру ісін оңтайландыру және әкімшілік жүктемені азайту. Жалпы, қазір біз Еуразияда бұрын-соңды болмаған жаңа көлік құрылымын қалыптастырып жатырмыз десек, артық айтқандық емес. Бұл іске тыңғылықты әзірлікпен әрі жұмыла кіріссек, біршама экономикалық және саяси пайдаға кенелеміз» деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент Одақты дамытудың жаңа басымдықтарын анықтау қажеттігіне назар аударды. «Кез келген істі қолға алғанда әрдайым қазіргі проблемаларды ғана шешіп қоймай, келешектегі жұмысты да жоспарлау керек екені сөзсіз. Сондай-ақ айналадағы жағдайдың өзгеруіне байсалды қарау керек. Мұның бәрінің берік негізі болуға тиіс. Іргетасы неғұрлым мығым болса, соғұрлым мықты әрі ұзаққа төзімді ғимарат салуға болады. Ал біздің Одақтың іргетасы не? Одақ туралы келісімді толыққанды жүзеге асыру негізгі мәселе және солай бола береді. Қазақстан 2015 жылғы Шарттың негізінде дәл осы интеграцияны қолдайтынын тағы да атап өткім келеді. Яғни, «төрт еркіндік» және инфақұрылымға тең дәрежеде қолжетімділік, әділ бәсеке, тең құқық және ұлттық мүддені ескеру секілді негізгі қағидаттар мүлтіксіз сақталуы керек.  Бұл – біздің ортақ ісіміздің негізгі қағидаттары. Қазақстан дәл осы қағидаттарды ілгерілетеді» деді Президент.

Экономикалық интеграция түпкі мақсат емес. Бұл тек ұйымға мүше мемлекекеттердің экономикасын дамытудың және халықтарының әл-ауқатын жақсартудың бір құралы екенін түсіну маңызды. Сондықтан экономикалық интеграцияның жетістігі стратегиялар, келісімдер және шешімдердің санымен емес, керісінше, жаңа өндірістер, технологиялар және жұмыс орындарымен бағаланады. Біз үшін ЕАЭО аясындағы интеграция, ең алдымен, экономикалық сипатқа ие. Әрине, стратегияда айтылған кез келген басқа саланың маңызы бар. Бірақ оларды экономика тұрғысынан қарастыру керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан ТМД, ҰҚШҰ аясында, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастық шеңберінде жақын серіктестерімен әлеуметтік, мәдени, гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға дайын. Форматтарды араластыру бастапқы мақсаттан ауытқып, ресурстарды зая кетіруге әкеп соқтыруы мүмкін. «Сонымен қатар тағы бір шетін мәселе бар. Басқаша айтқанда, концептуалды шындық немесе біз ескеруге тиіс ерекшелік. Бұл – Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы Беларусь пен Ресей мемлекеттерінің одағы. Бұл одақтың тұжырымдамалық және идеология­лық негізі өте салмақты. Беларусь пен орыс халықтарының тарихының ортақтығын, тіліндегі, мәдениетіндегі, дініндегі бірегейлікті өзара мойындау,  яғни бір халық – бір мемлекет екенін мойындау.  Демек ЕАЭО-да Одақтас мемлекет бар. Әлемдік саясат тарихында ерекше прецедент немесе құбылыс пайда болды – саяси, құқықтық, әскери, экономикалық, валюталық, мәдени, гуманитарлық кеңістіктері ортақ, одақтас үкіметі мен парламенті бар «екі ел, бір мемлекет» формуласы бойынша мемлекет құрылды. Тіпті қазір ядролық қару да екеуіне ортақ.  Сондай-ақ Қазақстан, Қырғызстан және Армения қатысқан интеграцияның тағы бір деңгейі бар. Біз бұл шындықпен санасуымыз керек. Мұндай жағдайда қалай жұмыс істейміз? Бұл – концептуалды мәселе. Осы экономикалық форумда аталған мәселені талқылауымыз керек деп санаймын» деді Мемлекет басшысы.

Президент сөзінің соңында келесі жылы Одақтың құрылғанына 10 жыл толатынын және ЕАЭО-ның мерейтойлық саммитін ұйымдастыру жоспарланып отырғанын жеткізді. Әрине, біздің интеграциялық бірлестігіміздің онжылдығы – бұл тиісті деңгейде атап өтуді қажет ететін маңызды кезең. Астанада мерейтойлық жиын өткізудің символдық мәні бар. Өйткені ЕАЭО-ны құру туралы шартқа Қазақстан астанасында қол қойылды» деді Президент.

Жиын қорытындысы бойынша бірқатар құжат қабылданды. Сонымен қатар форумда Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Армения вице-премьері Мгер Григорян және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович сөз сөйледі. Сондай-ақ ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің бейнеүндеуі көрсетілді.

Руслан ЖЕЛДІБАЙ, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары – Президенттің баспасөз хатшысы:

Интеграция экономикалық сипатта ғана жүреді

– Президент жиын барысында бүгінде сарапшылар қауымдас­тығы кеңінен талқылап жатқан бірқатар мәлімдеме жасады. ЕАЭО аясындағы интеграция тек қана экономикалық сипатта ғана жүруі керек. Бұл – Президенттің негізгі ұстанымы. Оның шеңберінен шығу ұйымның жарғылық құжаттарының мақсаттарына, принциптері мен міндеттеріне қайшы келеді. Президент атап өткендей, экономикалық интеграция – бұл түпкі мақсат емес, ол экономиканы дамытудың және халықтарымыз­дың әл-ауқатын арттырудың негізгі құралдарының бірі. Яғни, ұйым аясында қабылданатын кез келген шешім оның әрбір мүшесіне және, ең алдымен, олардың азаматтарына пайдасын тигізуі тиіс. Бүгінде ЕАЭО-ның екі мүшесі – Ресей мен Беларусь өзара ықпалдастықтың жоғары деңгейіне шықты. Бұл – ерекше прецедент. Мемлекет басшысының пайымынша, шын мәнінде, бір халық және бір мемлекет туралы сөз болып отыр. Осы ретте мүлде басқа мақсаттарды көздеген екі түрлі интеграциялық жоба шеңберіндегі бастамалардың аражігін ажырату аса маңызды. Біздің елімізге келетін болсақ, Қазақстан қандай да бір одақтас мемлекеттер құруға немесе олардың құрамына кіруге ниетті емес және оны жоспарлап отырған жоқ.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button