Басты ақпаратҚала мен Сала

Шеткі аймақсыз шаһар

Жыл өткен сайын сәулеті мен дәулеті өркендей түскен елорданың тұрғындар саны ғана емес, жер ауқымы да кеңейе түскен. Астана іргесіндегі бірқатар ауылдар бүгінде бас қаланың құрамындағы тұрғындар алабына айналды. Бұл ретте елорда әкімдігі қаланың шеткі аудандарын дамыту бойынша жүйелі бағдарлама негізінде жұмыс атқарып келеді. Демек, бас қалада орталық аймақ немесе шеткі аймақ деген ұғым жоқ.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Сарыарқа ауданындағы Агроқалашық тұрғын алабының тұрғындарымен кездесіп, түйткілді мәселелерді талқылады. Кездесуде тұрғындар жолдар мен тротуарлар, инженерлік желілер салу, жарықтандыру, бейнебақылау камераларын орнату, тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу, газдандыру және тағы басқа мәселелерді көтерді.

«Сұрақтар жеткілікті, олар шешімін табады. Тұрғындармен бірге ең алдымен орындалуы тиіс міндеттерді белгілейміз. Агроқалашық елді мекенін кестеге сәйкес кезең-кезеңімен дамытамыз. Мәселен, тұрғындар газдандыру мәселесін көтерді. Агроқалашық елді мекені газдандырылған, бірақ жекелеген тұстары бар, олар бойынша биыл жұмыс жобасын аяқтаймыз, ал келер жылы желі құрылысын бастаймыз және қалған үйлерді газға қосамыз» деп жазды Ж.Қасымбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Қала басшысы апатты үйлерді бұзуға қатысты мәселеге де бөлек тоқталды. «Келесі жылы Агроқалашық елді мекенінде үш үйді бұзуды жоспарлап отырмыз. Қала бойынша барлығы 200-ден астам апатты үйлер бар. Алдағы 3 жылда тозығы жеткен үйлердің тұрғындары үшін 2,5-3 мыңға жуық пәтер салуды жоспарлап отырмыз» деді әкім.

Сондай-ақ Жеңіс Қасымбек сумен жабдықтау бойынша мәселеге қатысты сұраққа жауап берді. «Биыл маусым айында №3 су сорғыш-сүзгіш станцияны пайдалануға береміз. Тамыз айында тәулігіне 100 мың текше метрден аса су беріледі. Демек, мәселе ішінара шешіледі» деді ол. Қала басшысы абаттандыру маусымы барысында аудандарда жолдар, тротуарлар, аулалар мен қоғамдық кеңістіктер салу жұмысы жүргізіліп жатқанын айтты.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button