Басты ақпаратРуханият

Жақсылардың сарқыты еді…

Уақыт өтіп, жылдар жылжып, ғасыр алмасқалы алдыңғы толқын ағалар сиреп, тәубе, кейінгі толқын өсіп келеді. Сол алдыңғы толқын ағалардың бірі Әділ аға Дүйсенбек еді. Жиырма жылдан аса қасында жүріп, ағалық қамқорлығын көрдік. Сыйлас інісі болдық. Қандай кішілік, кісілік десеңізші, ағалық жасына, ақ қырау шалған шашына қарамай, атымызды тура атамай «Сүке» деп өтті.

«Өзіңнен кейінгілерді көріп қартаймақ» түгіл, қайран қалатын кездерің де болады екен. Әсіресе мына зымыран заманда!» деп, мен алпысқа келгенде «Ізгілік іздері» деген мақала жазып, Алматы облыстық «Жетісу» газетіне жариялады. Шераға (Мұртаза), Мамадияр аға (Жақып), Әділ аға (Дүйсенбек) – «Егеменнің» үш бәйтерегі бастап, Жанат ағамыз (Елшібек), екі Ерекең, Жәкең – Ержұман (Смайыл), Еркін (Қыдыр), Жанболат (Аупбаев) қоштап, Арқа төсіндегі елордаға алып келіп еді-ау! Жаңа астанада Әділ аға үлкеніміз болса, Дариға тәтеміз салт жүрген біздерге қай кезде де дастарқанын жайып, қамқорлық көрсеткенін айтпай кетсек, арға сын болары ақиқат. Мен Әділ ағаны өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан білетін едім. Алғашында тай-құлындай тебісіп бір сыныпта оқыған ауылдасы, өмірдің талай өткелін артқа тастап, қара жұмыста шынығып, кеудесіне Еңбек Қызыл Ту орденін тағып, озаттар қатарынан табылып, ұлды-қызды болып, өзіне-өзі келген соң, отызды еңсеріп барып, бастағы арманына табандылықпен қол жеткізген курстас ағамыз Жақан Күләшев арқылы араласып едік. Ол кездегі «Социалистік Қазақстанның» («СҚ») даңқы дүркіреп тұрған кез. Жақан ағамен бірге «СҚ-ға» жиі барамыз Әділ ағаға. Балаң кез, көңілдегі көк дөнен қырға да, ойға да жүйткиді. Мен үшін бас басылымдағылардың бәрінің басы бақыттан айналып отырғандай көрінеді. Именіп жүреміз. Сәті түссе, сәлемдесіп қаламыз. Ізетпен. Сөйлесе қалса, жүздері жылы, сөздері шуақты, мендері кем. Сол жақсылардың үлгісін бізге Әділ аға ылғи айтып жүретін. «Ана Ерағаларың (Смайыл) «СҚ» мен «ЕҚ-ның» өз дәстүрі бар, ол – үлкеннен үлгі, жастан ізет дейтін сөзі – баяғыдан келе жатқан сабақтастық. Содан көз жазып қалмасақ екен. Ағаларымыз айбынды, шетінен тұлға еді-ау!» дейтін бас қосып, арғы-бергіні әңгіме желісіне айналдырғанда. Бір замандары арманға айналған бас басылымға келгенімде Әділ аға демеп, қолдап жүрді. Жақсыма қуанып, олқы тұсыма бағыт берді. Осы арада мына бір табандылықты айта кетуді парыз санаймын. Ол – еңбек жолын «Егеменнен» («СҚ-дан») бастап зейнетке шыққандар санаулы, біз білетін үшеу ғана. Біріншісі Хайдар Баймұхамбетов болса, екіншісі – Әділ Дүйсенбек, үшіншісі Марат Аққұл болатын. Марат марқұм «Егеменінің» табалдырығын аттай беріп, Алланың аманатын тапсырып, қызмет орны киелі шаңыраққа адалдығын көрсеткенде, әсіресе егемендіктердің, естіген жұрттың ет жүрегін шымырлатқаны ақиқат. Әділ аға қазақ баспасөзіне бар саналы өмірін арнаған азамат еді. Бұл саладағы жазған дүниелері газет бетінде қалмай, көлемді кітаптарында жарық көрді. Басқасын айтпағанда, «Шынайы өмір шырайы» кітабы сөзімізге дәйек болары хақ. Бірінші бөлімінде Отанымыздағы сан салалы кәсіп иелерінің әр жылдардағы тыныс-тіршілігін жан-жақты қамтыса, «Егеменде» еңбек еткендер» деген екінші бөлімде ардақты ағаларынан бастап, замандастарын, кейінгі толқынды қамтып, есте сақталған талай кезеңді, түрлі қызық-хикаяны баяндайды. Кейінгі жасты кемелдікке тарту ісінде кеңдік танытып, қамқорлығын аямаған абзал ағаларының аялы алақанын, тигізген шарапатын тек сөзбен ғана емес, дәлелмен айтады. Ал көркем шығармалары – өз алдына бір әлем. Соның ішінде алғашында «Менің Шерағам», кейін толықтырылған нұсқасы «Шерағамның шеруі» роман-эссесі – сүбелі дүние, қабырғалы еңбек. Алғашқы шығарылымына «Егеменге» талдау мақала бердім. Шераға да, Әділ аға да ризалығын білдіргені есте. Сол бес жүз бетке таяу роман-эссе жайлы «Жинақта Шерағаңның бірде бала, бірде дана, бірде көл, бірде шөл, бірде тарпаң, бірде салқам мінездері жарасымды да жан-жақты көрініпті. Қысқасы, ірі тұлғалар көктен салбырап түспейді, бәрі – өзіміз сияқты пенде, бірақ олардың көпшіліктен ерекшелігі – ой мен парасат биіктігінде, шамырқанса шарт сынар, сынбас бұрын ұлтының намысы үшін керек жерінде сілкініп қалар қайраулы семсер бола білетіндігінде… Жазушы Ә.Дүйсенбектің «Шерағамның шеруі» атты романы қалың оқушыны таза әдебиеттің ауылына қарай қайта жетелеуде, арзанды қымбаттан ажырата білуде елеулі еңбек екені сөзсіз» деген еді айтулы қаламгер, Еңбек Ері Дулат Исабеков. Осы бағаның өзі шығарманың шырайын ашып тұрғаны анық. Журналист-жазушы Әділ аға Дүйсенбек «Егеменнің» әр атаулы күніне орай жарық көрген кітаптарына көргені көптігімен кеңесші болып қана қоймай, шежіресін түзуге де ерекше үлес қосты. Басылым тарихын қамтыған өзінің «Қара шаңырақ» деген жинағын шығарды. Әділ аға туралы айта берсек, есте қалғандар баршылық екен. Әсіресе Астанаға келген алғашқы жылдары оңай болған жоқ. Бірте-бірте елорда көтерілді, елдік деген ұғым бәрімізді қанаттандырды. Тұлпар текті ағамыз: «Әй, жігіттер, астана тұрғызу барысында біз де азат елдің тың игерушілеріміз. Сәл қиындыққа қиналма­йық. Естуімше, Есілдің сол жағы керемет қала болатын көрінеді. Бір-бір пәтерге ие боламыз әлі-ақ!» деп басты бір шұлғығанда, ол сөзге біріміз иландық, екіншіміз сене қоймадық. Енді, міне, оң жағалау да, сол жағалау да қиял әлемі – ақиқат әлеміне айналып, аға сөзі дана сөзіне айналды. Иә, өмір бойғы еңбегі еленіп, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері атанып, жақсылықтың қызығын көріп, Дариға тәтеміз екеуі жадырап жүргенде, айдарлы ұлы Айдарынан көз жазып қалғанын естігенде білетіндердің қабырғасы қайысып, шарасыз күй кешті. Өзі де ауыр сырқатпен күресіп бақты. Бір жолы «Егеменнің» жүз жылдығына арнайы шығарылған «Жүзжылдық жылнама» атты бес томдық кітапты Сұңғат Әліпбай, Берік Садыр – үшеуміз апарып, көңілін сұрадық. Кең дастарқан басында біраз әңгіме айттық. Сыртымыз бүтін болғанымен, ішімізде дауыл тұрды. Кетуге ыңғайланып, орнымыздан қозғала бергенде, «Мына бес том іргелі тарихи дүние болыпты. Азаматтарға рақмет. Рақметімді жеткізіңдер» деді орнынан тік көтеріле тұрып. Біз есікке беттегенде, оң қолын сәл көтеріп еді, теңселіп кетті. Осы сәт асыл ағаның «СҚ-ның» Арқадағы тілшісі болған Еркеш Ибраһим туралы естелігіндегі: «Бәйтерегім, Мәуелеген еменім, Қайда жүрсем жатсынбаған сен едің, Өзің болып саңқылдады дауысым, Өзің болып тамылжыды өлеңім. …Артық-кемім болса менің кешіңдер, Үзеңгіден аяғымды шешіңдер. О, туғандар, осылайша бір тілші, Бәйтеректей омырылды дерсіңдер, Бәйтеректей омырылды дерсіңдер» деген жыр дүлдүлінің өлеңі ойға орала кеткені. Жүздеген емес, мыңдаған адамның қатарға қосылуына септігі тиген, ондаған ұлт зиялылары басқарып, Алаш ­арыстарының асыл арманы «…елдің ақ ниеті, адал тілегі… елдің ел болуы, елдің бір болуы, елдің берекетті болуы» «Ұшқында» тасқа басылғанымен, қанқұйлы биліктің бишігін ұстағандар жүз жылдан аса тарихы бар басылымды талай жерде шатастырды. Оны жоққа шығара алмайсың. Ондай адастыру өзге салаларда да аз болған жоқ. Бірақ ұлттың қаны, лайсыз жаны барлар сабан астынан саңылау тауып, жұртының сөзін сөйлеген. Оның кейбір дәйегін тарихтан ұқсақ, кейбірін Әділ аға секілді жақсылардан естіп жүрдік. Өткеннің бәрі қара деу де оңғандық емес. Қоғам, оны басқарғандардың, оны төңіректегендердің ақыл-парасатын таразылап көру арқылы өзгені, әсіресе орындаушыларды алакөздеуден құтқарып қалуға болатындай. Бір мысал: «…ең үлкен университетім «Социалистік Қазақстан» газеті болды дегенді әр уақыт айтып, жазып та жүрмін» десе арқалы ақын Хамит Ерғалиев, «Газетте бас редактор болған кездегі ұстаған қағидам: «Шарапатыңды тигізе алмасаң да, кесапатыңды тигізе көрме» болды» депті қарасөздің қас шебері Әбіш Кекілбаев. Әділ аға «Алдыңғы толқын ағалардың тәлімін алдық, олар да сиреді» дейтін. Келместің кемесіне отырып өзі де кетті. «СҚ», «ЕҚ-да» қызмет еткен, әлгі сиреген ұрпақты білетіндер де сетіней бастады. Заман талабы ма, ел газеті, бас басылым деп әспеттеген «ЕҚ» «Қазақ газеттері» ЖШС-ға қосылды. Бұдан кейінгі жайы бір Аллаға аян болуы керек. «Мен қауіп қылғаннан айтам» деп Мөңкеұлы айтпақшы, нарыққа ма, капитализмге алғаш бет түзегенде біраз қазақ басылымы қалтылдап барып, қалпақтай ұшып еді, соның кебін кимесе болғаны. Біз ғана қателеселік. Газеттің күні өтті дейтіндер де бар. Өзіміз үлгі етіп жүрген дамыған батыс пен шығыстағы елдерде миллиондаған таралыммен газет жүз беттен шығып жатыр. Қонақүйде таңды сол басылымдармен қарсы аласың. Желдей есіп, талайды желіктіріп, талайды әрі-тәрі еткен әлеуметтік желіден гөрі, салиқалы басылымның болғаны жөн секілді. Әділ аға туралы айтқанда, дәстүрлі басылымның дамуына саналы өмірін арнаған қайраткеріміз рухани құндылықтың алтын арқауы ретінде газеттің сақталып қалуын жиі айтушы еді. «Егеменнің» айналасына топтасса дейтін, сөйтіп ұлт жайын тасқа бассақ, келешек ұрпақ бар мен жоқты, жаңарған қазақты танып-біліп отырар ма еді дейтін. Алаш сөзін термелейтін. Әділ ағаның кішіпейілділігі, отаншылдығы, журналист мамандығына деген адалдығы кейінгіге сабақ болмақ.

Сүлеймен МӘМЕТ,

Қазақстанның

мәдениет қайраткері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button