Басты ақпаратРуханият

Төтенше комиссия аш ауылдарға қандай көмек берді?

Елді аштық жайлап алған осы кезде, яғни 1921 жылдың аяғы мен 1922 жылдың басында астана қала Орынбордағы Қазақ автономиялы республикасының басшы мекемелері Қазақстанның ор­талық өкіметі жер-жердегі қайғылы жағдайлардан хабардар еді. Ашаршылыққа ұшыраған Орал, Торғай, Ақмола аймақтарындағы жағдайды бақылап, реттеп отыру үшін Қазақстан орталық атқару комитетінің төрағасы Сейітқали Меңдешев бас­қарған орталық төтенше комиссия құ­рылды.

1921 жылғы 26 қазанда ҚОАК ықшам төралқасы (малый президиум КЦИК – З.Т.). Мұхтар Әуезовті сол орталық комиссия төрағасының орынбасары етіп бекіту жөнінде ұсыныс тұрғысында қаулы алады. Бұл қызметтен Шнейфар босатылады. Бірақ ертеңінде, яғни 27 қазанда болған үлкен төралқа бұл шешімді бекітпеді. Мұхтар Әуезов орталық комиссияның мүшелігіне енгізілді, оның орнына, яғни төрағаның орынбасарлығына Сергеев бекітілді. Бұл арада, біріншіден, М.Әуезовтің ҚОАК саяси хатшысы міндетіндегі жұмысының көптігі, екіншіден, бұрынғы Алашордадағы қызметтері «еске алынуы» мүмкін екені құжаттардан көрінеді.

1921 жылғы 10 желтоқсанда Қазақстандағы кеңес құрылысын нығайту, әсіресе, елдегі алапат аштықпен күрес мәселелерін талқылаған ұлты қазақ коммунист қызметкерлердің жиналысы болды. Бұл жиынға Әліби Жангелдин төрағалық етті. Қатысқандар: Әуезов, Алманов, Асылбеков, Нахимжан, Кенжин, Байтұрсынов, Байділдин, Төлепов, Жаманмұрынов, Сарымол­даев, Жүргенов, Нұрмұхамбетов, Игіліков, Қаржасов, Біржаров, Оразбаева, Саматов, т. б.

Күн тәртібіне екі мәселе ­қойылды:

  1. Қырдағы аудандардың аштыққа ұшыраған тұрғындарына нақты көмек көрсетуді ұйымдастыру.
  2. Қазақ қызметкерлерін осы жұмысқа тарту және оларды тиімді пайдалану, сондай-ақ, Түркістан Республикасына қоныс аударған қазақ қызметкерлерін кері қайтарудың амалын қарастыру.

Жиналысқа Қазақ облыстық партия комитеті атынан қатысқан Авдеев, жалпы алғанда, қазақ қызметкерлерінің пікірін қолдап, республикадағы басқарушы мекемелер мен ұйымдарда қазақтар мен қазақ емес басқа ұлт өкілдерінің арасында принципті мәселелер жөнінде келіспеушілік бар екенін мойындады.

1921-1922 жылдары Қазақстанның бес губерниясында 3 миллион 353 мың адам ашаршылыққа ұшыраған, одан ­өлгені – 1,5 миллион. Ақмола ­губерниясында 1921 жылдың наурыз айын­да есептегі 1021164 адамның 472 мыңы аштыққа ұшыраған. Бұл – Орынбордан Кеңес Одағының орталық билік органдарына берілген ресми ақпар ғана

Қазақстан орталық атқару комитеті өткізген осы кеңесте «Қырдағы аудандардың аштыққа ұшыраған халқына нақты көмек көрсетуді ұйымдастыру туралы» М.Әуезовтің баяндамасы тыңдалды. Әуезов: «Аштарға көмек көрсететін ұйымдардың қолы қыр еліне әлі жеткен жоқ. Олардың таяу арада жетуі де неғайбыл» екенін атап көрсетіп, оның басты себептерін санамалап берді:

  1. Ауылдардың тікелей өзі­мен араласа отырып, олардың мұқтажын анықтайтын қызметкерлер жоқ (яғни М.Әуезовтің қолындағы губерниялар мен уездерде құрылған ашыққандарға көмек беретін ұйымдардың құрамында ұлты қазақ қызметкерлердің жоқ екені көрініп тұрды – З.Т.).
  2. Аштыққа ұшыраған қазақтар нақты бір жетекші адам болмаса, өздеріне арналып мемлекет тарапынан бөлінген үлесін де ала алмайды. Өйткені қазақтар бір үзім нан үшін жат жерде қол жайып қаңғырып жүргеннен гөрі, үйінде өлгенді артық санайды. Тіпті, көмек іздегеннің өзінде, қараңғы, аңқау қазақ оны таба алмайды.
  3. Жергілікті жерлердегі аш­тарға көмек беретін ұйымдар, әлбетте, қолтығының астындағы, яғни жақын жердегі қалалар мен қала маңындағы селоларды қамқорлыққа алуға тырысады. Демек, қаладан шалғай орналасқан қазақ ауылдары көмектен үнемі қағажу қалады.

Ақиқатын айтатын болсақ, қырда қырылып жатқан қазақтың жағдайына қарағанда, қаладағы аштықтың үрейлі көріністері ойын­шық сияқты әсер қалдырады (М.Әуезовтің баяндамасы орысша, біз ықшамдап аудардық. Ал мына соңғы сөйлемде автордың стилі мейлінше сақталды – З.Т.).

«Егер де бұл аудандарды аш­тықтан құтқару үшін дәл қазір шұғыл түрде үзілді-кесілді шаралар қолданылмаса, Қазақ республикасы қазақсыз қалады. Көптеген аудандағы қазақтар бірталайдан бері тек қана көртышқан, суыр, тағы сол сияқты жәндіктермен өзегін жалғауда. Соның салдарынан ауылда әртүрлі жұқпалы аурулар мен індет түрлері бұрын естіп-білмеген көлемде таралып барады. Мұның барлығы аштарға көмек көрсету ұйымдарының қыр еліне (қазақтар деп оқыңыз – З.Т.) жаны ашымайтынын, олардың тағдырына немкетті қарайтынын көрсетеді. Сондай-ақ, осындай қасірет отын өшіруде қазақ қыз­меткерлерінің енжарлығы байқалады. Билік басында отырған қазақ қызметкерлері, бұл істі дәл осы күйінде қалдыруға болмайтыны өз алдына, бұл – сіздер үшін қылмыс. Бәріміз осы үшін қазақ елінің алдында, өзіміздің арымыздың алдында жауаптымыз» деді М.Әуезов.

Баяндамасының соңында М.Әуезов қырдағы аштарға көмек көрсету шараларының жоспарын ұсынды. Жиналыс сол жоспарларды негізге алып қаулы қабылдады. Кейін қазақ халқының атын әлемге танытқан ұлы ойшыл, кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов осы сөздерді айтып, халқының тағдыры үшін еңіреп тұрғанда 25 жастан жаңа ғана асқан еді.

Бұл баяндаманы толық келтіріп отырғанымыз – «Қырдағы ел», «Қыр қазақтары» деген атаулар Ақмола, Семей, Торғай губернияларының аймақтарын түгел қамтыды. Осылайша, республи­каның қыр аймақтарында ашаршылыққа ұшыраған халыққа көмек көрсету деген жалпы бағдарлы мәселенің аясында, әсіресе, қорғанышы осал, әлсіз, аңқау, сондықтан да қырылып қалуға әбден бейім қазақ ауылдарына ерекше назар аудару керегі мемлекеттік деңгейде арнайы көтерілді.

Көп ұзамай, сол 1922 жылдың қаңтарында ҚОАК саяси хатшысы М.Әуезов аштарға көмектесу жөніндегі орталық комиссиясының мүшесі ретінде Орал губерниясын аралап қайтты.

Осы сапардың қорытындысы бойынша ол РКП (б) облыстық комитетіне есеп берді. Орал губерниясында ашаршылыққа ұшыраған халықтың жағдайын баяндай келіп, М.Әуезов бұл аймақтың Ақмола губерниясына бекітілгенін, яғни Қызылжардағы билік орындарының жұмысын ширату керегін баса 10 желтоқсан күнгі жиналысында: «Аштарға көмек көрсету жөніндегі төтенше комиссиялардың құрамында қазақ өкілдері жоқ. Сондықтан аштыққа ұшырап, қатты ауыртпалық тартып отырған қазақ ауылдарына тиісті көмек берілмеуде» деген тұжырым жасалды. Демек, жағдайды түзеу үшін қазақ қызметкерлерінен тез арада жауапты өкілдер жасақтап, тікелей қазақ ауылдарына жіберу жөнінде М.Әуезовтің ұсынысы бірауыздан қолдау тапты. Алайда Қазақ орталық атқару комитетінің саяси хатшысы М.Әуезов бастаған қазақ қызметкерлерінің бұл шараларын олардың қазақ емес коммунист әріптестері сол жерде-ақ «ұлтшылдықтың көрінісі» деп бағалады. Олар аштыққа ұшыраған жартылай көшпелі қазақ ауылдарының мемлекет тарапынан ешқандай көмек алмай жатқанын көргісі келмеді.

Сырт қарағанда, аштан қырылып жатқандарды ұлтқа бөлуге болмайтыны рас сияқты еді. Бірақ қазақ ұлтының өзіне ғана тән мінез-құлқын, төзімін, тұрмыс-тіршілік әрекетін «коммунист жолдастар» түсінбеді, түсінгісі де келмеді.

1922 жылғы 15 ақпанда Қазақ облыстық партия комитеті төралқасының мәжілісінде ҚОАК саяси хатшысы Мұхтар Әуезов өзі іссапармен барып, аралап келген Орал губерниясындағы жағдай туралы баяндама жасады. Ол аштықтың зардаптары күннен-күнге асқынып келе жатқанын, орталық үкіметтен бөлінген көмектің кешігіп отыр­ғанын айтты.

Осы 1921-1922 жылдары Қазақ­станның бес губерниясында 3 миллион 353 мың адам ашаршылыққа ұшыраған, одан өлгені – 1,5 миллион. Ақмола губерниясында 1921 жылдың наурыз айында есептегі 1021164 адамның 472 мыңы аштыққа ұшыраған. Бұл – Орынбордан Кеңес Одағының орталық билік органдарына берілген ресми ақпар ғана. Ал қай сайда қанша қазақтың сүйегі қурап қалғанын дәл есептеген кім бар деп тереңірек ойлансақ, халық қасіретінің көлемін елестетудің өзі үрейлі.

Автономиялық республика болдық, Қазақстан деген мемлекет құрамыз деп жан сала іске кіріскен қазақ зиялыларының өз ұлты алдында адал атқармақ іс-жоспары осылайша тас-талқан болды. Олардың меселі қайтты, тауы шағылып, «балапан басына, тұрымтай тұсына» кетті. Ұлттың қаймағы іріді.

Дәл осы жағдайда Мұхтарлардың, Мағжандардың, Смағұлдардың… бүкіл ой-арманы ­адыра қалды, жігерін құм қылып, өмірден түңілдірді. Орынбордың, ондағы Мұхтар Әуезов сияқты басшы қазақ қызметкерлерінің дүмпуімен, Қызылжардағы төтенше комиссияның құрамына комиссия төрағасының орынбасары болып қосылған Мағжан Жұмабай губернияны аралауға аттанды. Көкшетауға барып, ол жақтағы жағдайды көзімен көрді. Халықпен сөйлесіп, азын-аулақ тағаммен бөлісуге үндеді, мал жинады, азыққа пайдалану үшін тері жинағанын да келесі бір жолы айтамыз…

Зарқын ТАЙШЫБАЙ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ профессоры,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button