Басты ақпаратЕл тынысы

Түлеген Түркістанның тартуы

Астанада Түркістан облысының 5 жылдығына орай өңірдің әдеби-мәдени әлеуетін таныстыратын ауқымды шаралар өтті. Ұлттық академиялық кітапханада «Бес жылдыққа – бес әдеби сапар» жобасы аясында көрме мен жиын, «Қазақстан» орталық концерт залында аймақ тарихы мен өнерінен сыр шертетін көрме мен әйгілі композитор, Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан әнұранының авторы Шәмші Қалдаяқовтың әндерінен «Менің Қазақстаным» концерті ұйымдастырылды.

ТАРИХИ КЕЛБЕТ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Кітапханада өткен шара қонақтары өлкетану бағыты бойынша жасақталған кітап көрмесі мен Түркістанды танытатын бейнефильм тамашалады. Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының ыстық ықыласын жеткізген облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев әдеби сапардың мақсаты мен осы жиынның мән-жайына тоқталды.

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев Түркістан облысы тұрғындарымен кездесуде Түркістанға тарихи және рухани елорда мәртебесін беру мәселесін көтерген болатын. Бейсенбай Тәжібаевтің айтуынша, қазіргі таңда өңір басшысының қолдауы­мен Түркістанның тарихи келбетін аша түсетін маңызды жобалар қолға алынуда.

Жиынға қатысқан зиялы қауым өкілдері Түркістанды түлету бағытындағы пікірлерін айтты. Қоғам қайраткері Дархан Мыңбай Түркістанда қолөнерді дамытуды, қолөнершілерді шақыртып жағдай жасауды ұсынды. Парламент Мәжілісінің депутаты, ақын Қазыбек Иса Түркістанның Қазақ хандығының астанасы болғандығын басты назарда ұстау керектігін алға тартып, кітап қорын кеңейтуге өз үлесін қосатынын жеткізді. Ұлттық ғылым академиясының академигі, Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мен Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Кәрімбек Құрманәлі Түркістанды таныту мен насихаттауға жіті көңіл бөлу керектігін айтып, қасиетті шаһарда Ұлттық ғылым академиясының филиалын ашуды ұсынды. Ал белгілі журналист, «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр Тәуелсіздіктің 30 жылында екі ұлы оқиға болғанын, бұл Астананың салынуы мен Түркістанның түлеуі екенін айтты.

Сондай-ақ Парламент Мәжілісінің депутаты, ақын Жанарбек Әшімжан, алаштанушы ғалым Қайрат Сақ, Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы, жас ақын, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Батырхан Сәрсенхан ойларымен бөлісті.

Осы жиын мақсатының бірі «Ауыл кітапханаларына 20 мың кітап» шарасы аясында елді мекендердің кітап қорын қалыптастыру болса, астаналық қаламгерлер кітапхана қорына 4 мыңға жуық кітап сыйға тартты.

ШӘМШІ ӘНДЕРІ ШАРЫҚТАДЫ

«Қазақстан» Орталық концерт залына Шәмші Қалдаяқов әндері кешіне келгендер алдымен көрмені тамашалады. Мұнда Түркістан облыс­тық тарихи-өлкетану музейі, «Ұлы дала елі» орталығы, Руханият – Әбу Насыр әл-Фараби музейі, Бейнелеу өнер музейі, Түркістан облысының мақта шаруашылығы тарихы музейі және Қажымұқан атындағы облыс­тық спорт музейінің жәдігерлері мен «Оңтүстікфильм» мекемесінің көрмесі қойылды. Көрмеге ғұлама ғалым, энциклопедист Әбу Насыр әл-Фарабиден бастап, даңқты балуан Қажымұқан, әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқов, т.б. тұлғалардың мұралары, түркі тілдес елдердің ұлттық киімдері, қылқалам шеберлерінің туындылары, фотосуреттер, бір сөзбен айтқанда, өлкенің бай мұрасы мен тарихы қамтылған.

Ал «Менің Қазақстаным» концерті Түркістан облысының 5 жылдығы мен Шәмші Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясының 60 жылдығына орай ұйымдастырылды. Шәмшінің қарындасы Райхан ­Қалдаяқова кештің құрметті қонағы болды.

– Мағжан ақын айтпақшы, «Түркістан – ер түріктің бесігі мен екі дүниенің есігі». Түркістан – қазақ елінің рухани астанасы. Министр қызметіне тағайындалғанымда алғашқы сапарымды Түркістан облысынан бастадым. Шәмші ауылына барып, оның кіндігі тамған жерде жұртшылықпен кездескенде бірқатар уәде бердім. Соның бірі наурыз айында Астанада Шәмші Қалдаяқов әндерінің кешін ұйымдастыру болатын. Ол кеш өтті, сол ауылдың бір топ азаматы оның куәгерлері болды. Мәдениет – елдің рухани қазынасы, өнер – ұлттың жаны. Елордада Қазақстанның барлық жиырма аймағының кештері өтсе дұрыс болар еді, – деген Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Түркістан облысының 5 жылдығы мен Шәмші Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясының 60 жылдығымен құттықтады.

Шәмшінің соңғы туындысы, ақын Сабырхан Асановтың өлеңіне жазылған «Отырардағы той» әнімен ашылған концертке облыстық филармония өнерпаздары мен танымал әншілер қатысты. Олар «Сүгір» атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі мен «Алаш» вокалды аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен Шәмшінің өміршең әндерін әуелетті. «Яссы» және «Фараб» би ансамбльдері кешті мың бұралған бимен көркемдеді. Кеш барысында Қазақстанның Халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, Мәдениет қайраткері Айжан Тәженова, белгілі әншілер Наркенже Серікбаева, Мамадияр Таукеев, Ғазизхан Шекербеков, «Славян базары» халықаралық фестивалінің бас жүлде иегері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Рухия Байдүкенова, Дінмұхамед Байқожа, Айзада Әлімбек, Дана Мақатаева, Данияр Барыс, т.б. әншілер өнер көрсетті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button