Елорда тынысы

Үркерде «Әке мен бала аллеясы» ашылды



Елордамыздағы жалпықалалық сенбілік аясында Нұра ауданының Үркер тұрғын алабына қарасты №69 мектеп-гимназия ауласында ағаш отырғызылып, «Әке мен бала аллеясы» ашылды. Тазалық айлығындағы сенбілік бұл мектепте мерекелік көңіл-күймен өтті. Қазан асылып, киіз үй тігілді, тіпті ұлттық ойындар ойнатылып, ұлттық құндылықтар насихатталды. Мектеп оқушылары мен олардың әкелері тал ексе,  аналары мен ұстаздар қазан басында бауырсақ пен палау пісіріп, келушілерге таратты.

Үркердегі жалғыз орта білім беретін оқу орны – Кемел Ақышев атындағы №69 мектеп-гимназиясында бүгінгі таңда 136 сынып бар болса, сол сыныптардан бір-бір әкеден осы сенбілікке қатысып, олар барлығы 136 түп ағашты мектеп ауласына отырғызды. Мектеп директоры Жұлдыз Рахметованың айтуынша, бұл іске осы жылы құрылған «Әкелер кеңесі» белсенді атсалысуда.

-Осы кеңестің ұсынысымен биылғы сенбілікті басқаша өткізуді жоспарладық, яғни іс шара аясында «Әке мен бала» аллеясын ашуды көздедік. Бұл жай ғана сенбілік емес, көктемнің басталуы, сондықтан ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін бағдарлама жасадық. Ауыл ақсақалдары бата берді, ақ жаулықты аналары шашу шашты. Келген қонақтарға және барлық қатысушыларға бауырсақ таратылды, меймандар киіз үйдегі дастарханнан дәм татты. Бала кезінен ағаш отырғызып үйренген бала болашақта да ізгі істерге ұйытқы болар азаматқа айналады, екінші жағынан әкелерді осы іске жұмылдыру арқылы балаларды тәрбиелеуге басымдық беріп отырмыз. Бүгінгі таңда мектебімізде екі ауысымда 3700-ге жуық оқушы білім алады. Жалпы тұрғын алапта 30 мыңнан астам адам тұрады, – дейді мектеп басшысы.

Арнайы мерекелік бағдарлама аясында сенбіліктің басталу іс-шарасына Астана қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев және осы мектептегі көптеген әлеуметтік жобаларға қолдау көрсетіп отыратын жеке кәсіпкер, әрі Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжан, Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Айгүл Аманжолқызы  қатысты.

-Бүгінгі іс-шара жай ғана сенбілік емес, мұның тәрбиелік мәні өте зор. Осындай маңызды шаруаны жоғары деңгейде атқарып, ұйымдастырып отырған №69 мектеп ұжымы мен басшылығына рахмет! Жалпы қазіргі таңда қаладағы барлық білім беру мекемелерінде сенбіліктер өтуде. Қазір астанада білім беру саласында мемлекеттік және жеке меншікті қосқанда 700-ден астам ұйым болса, солардың бәрінде аула тазалау, ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілуде. Баланы тәрбиелеуде ата-аналар мен ұстаздар бірігіп, бір-бірін қолдай отырып жұмыс істесе, үнемі байланыста болса, саналы да білімді, тәрбиелі ұрпақтарымыз көп болары сөзсіз. Осы ретте көп нәрсе мектеп басшылығына да байланысты. Осы мектепте ата-аналармен байланыстың жақсы моделі қалыптасқан. Бұл модельді қазір көп мектептер қолданып жатыр. Оның үстіне Үркер алабы халқының да белсенділігі жоғары екенін атап өту керек. Қалада жалпы шет аймақтар деген болмау керек, сондықтан біз барлық мектептерге бірдей қараймыз. Сенбілік аясында қаладағы мектептерде 1500-нан астам ағаш отырғызу жоспарланған, – дейді білім басқармасының басшысы Қ. Сенғазыев.

Аталған мектепте биыл құрылған Әкелер кеңесінің мақсаты – бала тәрбиесіне қатысты қоғамдық жұмыстардың ұйытқысы болу. Мектепте жетім, толық емес отбасылардың балалары да көп, осы кеңес аясында болашақта сол балалардың тәрбиесіне қатысты  іс-шаралар өткізу де жоспарланып отыр.

-Бұл мектепте қазір 3 балам оқиды, үлкенім де осы жерде оқып, бітірген.  «Бір жылдығын ойлаған халық бидай егеді, жүз жылдығын ойлаған ел ағаш егеді, ал мың жылдығын ойлаған халық саналы ұрпақ тәрбиелейді» деген сөз бар. Міне, бүгін алдағы ғасырлық ғұмырымызды ойлап ағаш ексек, ертең сол арқылы мың жылдығымызды жалғайтын саналы ұрпақ тәрбиеленіп шығады. Ел сүйсінерлік осындай шаруаның басы-қасында болып, үнемі ел ертеңі – ұрпақ қамын ойлайық, осы тұрғыда мектепке қолдау білдірейік, – деді аталған мектептегі Әкелер кеңесінің төрағасы Ерлан Жеңісбайұлы.

Сенбілік кезінде әкелер мен балалар мектеп ауласына үйеңкі, жөке ағашы, терек, қарағай, шырша сынды түрлерінен 136 ағашты отырғызды. Жалпы Нұра ауданы бойынша тұрғындар мен шағын және орта бизнес өкілдері де сенбілікке бір адамдай атсалысып, белсенділік танытты.


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button