Басты ақпаратЕл тынысы

Ұлт болып аза тұтты



Абай облысындағы өрт кезінде 14 адам қаза тапты. Осы қазалы оқиғаға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алапат өрттің салдарынан қаза тапқан азаматтарды еске алу үшін 12 маусымды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Кеше елімізде мемлекеттік туымыз түсіріліп, халық өрт құрбандарына тағзым етті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына жұмыс сапарымен келіп, өртеніп жатқан орман алқабын тікұшақпен аралап шықты. Мемлекет басшысына Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков пен Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев өрт сөндіру жұмысының барысы және табиғат апаты салдарымен күрес жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Мемлекет басшысы Абай облысына жасаған жұмыс сапары барысында «Семей орманы» табиғи резерватындағы алапат өрт салдарынан қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасы мүшелері мен жақын туыстарымен кездесіп, оларға көңіл айтты.

Қаза тапқан азаматтардың туыс­тары Президентке қиын жағдайға тап болғанын айтып, тұрмыстық проблемаларын шешіп беруді сұрады. Сондай-ақ орман шаруашылығындағы олқылықтар туралы арыз-шағымдарын жеткізді. Атап айтқанда, марқұмдардың туған-туыстары резерваттағы материалдық-техникалық база сын көтермейтінін, орманшылардың еңбекақысы аздығын, ал қызметкерлерді әлеуметтік қорғау шаралары нашар екенін айтты.

Мемлекет басшысы Бас прокуратура осы қайғылы жағдай бойынша тергеу амалдарын жүргізіп, кінәлі адамдар жауапқа тартылатынын айтты. Сондай-ақ Президент жақынынан айырылған отбасыларға таяу арада көмек көрсету жөнінде Үкіметке тапсырмалар берді.

***

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысындағы алапат өртке байланысты Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың отырысын өткізді.

Жиынға қатысушылар, ең алдымен, табиғат апаты кезінде қаза тапқан азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

«Елімізде тағы да алапат өрт болып жатыр. Өкінішке қарай, тілсіз жаумен күрес кезінде азаматтарымыз қайтыс болды. 14 адам қызметтік міндетін атқарып жүріп ерлікпен қаза тапты. Мен жаңа ғана бұл адамдардың туыстарымен кездестім. Өте ауыр әңгіме болды. Жұрт жылап отыр. Үкіметке наразылығын айтып жатыр. Марқұмдардың отбасыларына және жақындарына қайғыра көңіл айтамын» деді Мемлекет басшысы.

Президент жаңадан тағайындалған Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Сырым Шәріпхановты таныстырып, ведомствоға жүктелетін басты міндеттерді атап өтті.

«Алда ауқымды жұмыс бар. Жалпы, бұл салада түйткілдер, шешілмей жатқан мәселелер аз емес. Қазіргі таңда негізгі міндет – жұмысты сапалы жүргізу. Бұл – ең алдымен, осындай апаттарға жол бермеу қажет, сонымен қатар төтенше жағдай болған кезде тиісті шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылуы керек деген сөз. Бұл жағдай кәсіби салғырттықты, адамдардың тағдырына бей-жай қарайтынымызды көрсетті. Мен бұған тағы да көз жеткіздім. Ал қазіргі таңда сапалы, дұрыс жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Мұны мойын­дауымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, бұл саланың жұмысын түбегейлі жақсарту қажет. Министрлік және оның басшылары өздерінің қызметтік міндеттеріне селқос қарайды. Не істеу керек екенін білмейді. Шұғыл шешімдер қабылдамайды. Сондықтан осындай қайғылы жағдай болып отыр» деді Мемлекет басшысы.

Президент өртпен күрес шараларының басы-қасында жүрген Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков пен Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың табиғат апаты салдарымен күресу, жақын маңайдағы елді мекендер тұрғындарын эвакуациялау және зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы баяндамаларын тыңдады. Президент баяндамашылардың жауабына көңілі толмайтынын жеткізді. Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановқа батыл кадрлық шешімдер қабылдау жөнінде тапсырма берді. Ал Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа сөгіс жариялады.

Президент қазір адам өмірін сақтау, сондай-ақ өртті ауыздықтау басты мақсат екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы былтыр Қостанай облысында болған өрттен қорытынды шығарылмағанын, берілген тапсырмалар атүсті орындалғанын қатаң сынға алды.

«Қауіп-қатердің бағаланбағаны қазірдің өзінде түсінікті болып отыр. Болжам дұрыс жасалмады. Нәтижесінде табиғат апаты тиісті дәрежеде әрі дер кезінде ауыздықталмады. Демек, тиісті алгоритмдер жұмыс істемейді. Бұл, ең алдымен, ТЖМ-нің кемшілігі. Бас прокуратураға қозғалған қылмыстық іс аясында уәкілетті органдар мен лауазымды адамдардың іс-әрекетіне нақты баға беруді тапсырамын» деді Мемлекет басшысы.

Президент орман және дала өртін алдын ала анықтау және апатты жағдайдан сақтандыру жөніндегі жұмыс тәртібі жолға қойылмағанына назар аударды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы орман алқаптарында жүрген кезде қауіпсіздік ережесін бұзатын азаматтарды қылмыстық жауапкершілікке тарту қажет екенін мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың отырысынан кейін өрт сөндіруге жұмылдырылған құтқарушылармен және еріктілермен кездесті.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button