Басты ақпаратҚоғам

Әскери оқу-жаттығу жиынына жіберілді



Елордада жергілікті әскери басқару органдары күні аталып өтілді. Осы айтулы датаға байланысты Астана қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бірқатар іс-шаралар ұйымдастырды.

Қазақстан Қарулы Күштері құрылған сәттен бастап жергілікті әскери басқару органдары қысқа мерзімде ел әскерінің барлық деңгейдегі құрылымдық жасақтауын орындады. Оның ішінде жергілікті әскери басқару органдары жастарды әскерге дайын­дау, мерзімді әскери қызметке шақыру бойынша ұйымдастырушылық жұмысын жүйелі жолға қойып, Қарулы күштердің құрамын толықтыру нау­қанын атқарып келеді.

Астана қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті елорда аумағында әскерге шақыру науқанымен қатар, әскери-патриоттық іс-шараларды тұрақты атқаратын мекеменің бірі болып отыр.

Сейсенбі күні Астана қаласының Қорғаныс істері департаменті 99255 әскери бөліміне тіркелген әскери міндеттілердің құрамының кезекті жоспарлы оқу-жаттығу әскери жиындарына жөнелту іс-шарасын ұйым­дастырды. Оқу-жаттығу әскери жиыны Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 33-бабына және ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 15 мамырдағы №620 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасы азаматтарын әскери қыз­метке шақыруды ұйым­дастыру және жүргізу ережелерінің» 4-тарауының талаптарынына сәйкес және Астана қаласы әкімідігінің 2023 жылғы 11 тамыздағы №514-1614 Қаулысының негізінде жоспарлы түрде өткізілді.

Жиын барысында стратегиялық маңызды нысандарды күзету мен қорғауды ұйымдастыру, диверсиялық топтармен күресу тақырыбында жаттығулар ­пысықталады

 Ғани Артықов, Астана қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің уәкілі, полковник:

«Бұл азаматтар бұрын әр жылдарда Отан алдындағы әскери борышын атқарып келген. Енді олар әскери міндетті ретінде әскери оқу-жаттығу жиынына шақырылды. Оқу-жаттығу әскери жиыны ағымдағы жылғы қыркүйектің 12 мен 21 аралығында Астана қаласының аумақтық қорғанысын дайындау, әскери міндеттілердің білімі мен дағдыларын игеру және жетілдіру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Шақырылған азаматтардың барлығы дерлік жиынды Отан алдындағы жауапты міндеті деп қабылдап отыр. Жиында олар жұмылдыру ресурстарын даярлау және қайта даярлау, далалық дайындықтары мен қимыл-әрекеттерін үйлестіру, қойылған жауынгерлік тапсырмаларды орындау барысында бөлімшелерді басқаруды ұйымдастыру, өзара жауынгерлік үйлесімдіктерін шыңдау іс-шараларын жүргізу бойынша практикалық білімі мен біліктіліктерін жоғарылатады.

Сондай-ақ, жиын барысында стратегиялық маңызды нысандарды күзету мен қорғауды ұйым­дастыру, диверсия­лық топтармен күресу тақырыбында жаттығулар пысықталады».

Әскери оқу-жаттығу жиындарына  78 запастағы әскери міндеттілер аттанды.  Астана қаласы ұйымдарының, кәсіпорындарының мекемелерінің басшылары жиынға шақырылған әскери міндеттілердің келуін қамтамасыз еткен.   Қолданыстағы заңнамаға сәйкес әскери оқу-жаттығу жиындарын өту кезінде әскери міндеттілердің жұмыс орыны мен орташа жалақысы сақталады.

Ал, әскери оқу-жаттығу жиындарының даярлық бағдарламасын үздік өткен әскери міндеттілерге кезекті әскери атақтары беріледі.

Досжан Ақтасов, әскери оқу-жаттығу жиындарына шақырылушы, «АРЭК» компаниясының қызметкері:

«Әскери міндетті болған соң оқу-жаттығу жиындарына баруды парызым деп санаймын. Қарулы Күштер қатарында бұған дейін бір жыл қызметімді атқарып келгенмін. Қазір «АРЭК» компаниясында жұмыс істеймін. Үйленгенмін, бір балам бар. Шақыру келгенде бірден баратынымды айттым, отбасым да қолдады. Мен үшін Отан алдындағы міндетті борышты өтеу маңызды саналады. Біз қай уақытта да елімізге қорған болуға тиіспіз».

Үш баласы бар, қаладағы бір кәсіпорында геодезист болып жұмыс істейтін Нұрлан Қуандықұлы да әскери оқу-жаттығу жиындарына баруды жауапкершілігі жоғары міндеті санайтынын айтады.

Осылайша, елордалық 78 азамат әскери оқу-жаттығу жиындарына аттанып кетті. Олар 10 күн бойы бұрынғы іскери тәжірибелерін жетілдіріп келетін болады.

Астана қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті жергілікті әскери басқару органдары күніне орай елорда тұрғындарына арнап салтанатты жиын-концерт ұйымдастырды. Әскерилердің өнеріне көрермен дән риза болды.

 


Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button