Мәселе

Өңірлер жұмысқа шақырады



Жастар сарайында «Еңбек мобильділігі орталығы» кезекті бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырды.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыз азаматтарды, пробация қызметінде есепте тұрған адамдарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шарасының бірі – бос жұмыс орындары жәрмеңкесі. Компания өкілдері келіп, кәсіпорынның мүмкіндігін таныстырып, білікті, белсенді кадрларды алуға мүмкіндігі бар. Міне, елордада кезекті рет өткен жәрмеңкеде осындай үйлесімді жұмысты көрдік.

– Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі – жұмысқа орналасуға көмектесудің тиімді әдісінің бірі. Жыл басынан бері 29 жәрмеңке ұйымдастырылды. Бұл жолғы іс-шараға 56 компания 281 мамандық бойынша 781 вакансия ұсынды. Қаржы, білім беру, медицина, техника саласы мамандарына сұраныс жоғары. Бүгінгі іс-шараның ерекшелігі – елдің төрт өңірінің мобильділігі орталығы өкілдері келіп, астаналықтарға жұмыс ұсынып, көші-қонның мән-маңызын түсіндірді, – деді Олжас Омар.

Біз жұмыс ұсынған компания өкілдерімен сөйлесіп көрдік. Халықаралық әуежай 10 вакансияға 20 маманды іздейді. «Astana Recycling Plan» ЖШС, «Modex Astana» ЖШС, «Clean City NC» ЖШС, «IS Group» ЖШС, «City Transportation Systems» ЖШС,  «Bazis Construction» ЖШС, «MetalFormer» ЖШС және тағы басқа іргелі компаниялар оператор, менеджер, инженер, экономист, заңгер, диспетчер, электрик, құрылысшы және тағы басқа мамандарды қажет етеді. «Халық банк» АҚ, «Kaspi bank» АҚ, «Fortebank» АҚ, «Қазпошта» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Астана Тазалық» ЖШС, «Салауатты Астана» ЖШС өкілдері жұмыс істеп жүргендерді өзіне шақырып, бос жұмыс орындарымен таныстырды.

Бізді өзге өңірлерде қандай жұмыс орындары бары қызықтырды. Сөйтіп, Абай облысы Жұмыспен қамту басқармасы көші-қон бөлімінің бас маманы Дархан Аюповпен сөйлестік. Оның сөзінше, жаңадан құрылған облыста бос жұмыс орындары көп. Әсіресе елді мекендерде жайлы жұмыс табуға мүмкіндік бар.

«Қуатты өңірлер – ел дамуының двайвері» ұлттық жобасы бойынша елордадан өзге өңірлерге қоныс аударған жағдайда, отбасының әрбір мүшесіне 241 мың теңге көлемінде көмек беріледі. Егер отбасында үш адам болса, онда көшіп барғаны үшін 724 мың, төрт адам болса 966 мың, бес адам болса 1 миллион 207 мың теңге қарастырылады. 6 адамға – 1 миллион 449 мың теңге, 7 адамға – 1 миллион 690 мың теңге, 10 адамға 2 миллион 415 мың теңге бөлінеді. Одан бөлек, үйді сатып алуға алғашқы жарна ретінде 4 миллион теңгенің ұтқырлық сертификаты беріледі.

– Жыл басынан бері Абай облысына оңтүстік өңірлерден 206 адам қоныс аударса, 126 қандас көшіп келді. Олармен 5 жылға келісімге отырып, тиісті жәрдем көрсетілді. Жалпы көшіп келушілер өңірдің аудандары мен қаласында қоныс аударып, көшіп-қонып жүруіне мүмкіндігі бар, – деді Дархан Аюпов.

Қарағанды облысының Ақтоғай, Нұра ауданы, Ұлытау облысының Жаңаарқа, Ұлытау ауданы, Павлодар облысының Шарбақты және СҚО-ның Есіл ауданының өкілдері астаналықтарды жұмысқа шақырды.


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button