Басты ақпаратҚоғам

Жастарға арналған жоба

1 қыркүйектен бастап Президенттік жастар кадр резервіне үшінші мәрте іріктеу жүргізіледі. Азаматтарды іріктеу 6 кезеңнен тұрады. Биылғы іріктеу барысында мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігі ескеріледі. Бұл туралы елорданың коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Әли Көмекбаев мәлімдеді.

Биылғы іріктеу инфра­құрылым, өнеркәсіп және сау­да саясаты, агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау, сыртқы саясат пен инвес­тициялар, экономикалық және қаржы саясаты, цифрландыру, әлеуметтік саясат және азаматтық қоғамды дамыту салалары бойынша жүзеге асырылады. Үміткерлермен әңгімелесу міндетті түрде салалық орталық органдар өкілдерінің қатысуымен өтеді. Іріктеуге жоғары білімді, бес жылдық жалпы жұмыс өтілі бар, 35 жастан аспаған Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Олар мемлекеттік тілді В1-ден төмен емес деңгейде меңгеруі тиіс.

«Кандидаттардың құжаттарын қабылдау қыркүйектің аяғына дейін pkrezerv.gov.kz сайтында жүзеге асырылады. Іріктеу объективтілігін қамтамасыз ету үшін кандидаттардың деректері жеке нөмір беру арқылы жасырылады. Яғни, бағалаушылар үшін үміткердің кім екендігі беймәлім болады. Екінші кезеңде үміткерлер тестілеуден өтіп, онда олар күрделі мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілеттерін көрсетеді. Тес­тілеу аудио-бейне фиксациямен өтеді. Өту шартының сақталуын қамтамасыз ету прокторинг жүйе­сімен қадағаланатын болады. Келесі кезең таңдаған салалық бағыттарына байланысты ситуа­циялық тапсырмалар түріндегі нақты проблемаларды шешуге деген көзқарасын бағалауға бағытталады. Аталған кезең онлайн-режимде аудио-бейне жазбамен сүйемелденіп, эссе жазу форматында жүргізіледі. Орындалған тапсырманың шешімін бір уақытта тиісті бағыттар бойынша үш салалық сарапшы бағалайды. Сарапшылар пулы академиялық орта мен бизнес-қоғамдастық өкілдерін, мемлекеттік қызметшілерді қамтиды. Төртінші кезең ассессмент-орталығы мен құзыреттер бойынша сұхбаттан тұрады. Сарапшылар мінез-құлық индикаторлары арқылы кандидаттардың бойындағы көшбасшылық, мәселелерді талдау және шешу, қызметті басқару, белсенділік құзыреттерін анықтайды. Үміткерлер топтық және жеке тапсырмаларда бағаланады. Кәсіби HR менеджерлері әр үміткермен сөйлеседі, ішкі уәждемесін және құндылық бағдарларын айқындайтын құзыреттерді анықтайды. Содан кейін резервшілермен сараптамалық комиссияда әңгімелесу өткізіледі. Оның құрамына қатысушылардың жеке нәтижелерін түсіндіре отырып ұсынатын мемлекеттік органдардың басшылары кіреді. Сарапшылардың қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия отырысында қарауға ұсынылатын қатысушылардың тізімі жасалады. Соңғы кезеңде Ұлттық комиссияның отырысы өтіп, Президенттік жастар кадр резервіне үздік 50 кандидат қабылданады. Ол осы жылдың 25 желтоқсанына дейін өткізіледі деп жоспарланып отыр. Ережеге сәйкес, резервте болу мерзімі 3 жылды қамтиды. Резервке алынған адамдар заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік саяси лауазымдарға, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына, «Б» корпусының басшылық және А санаттар тобының лауазымдарына тағайындалуы мүмкін» деді департамент басшысы.

2019 және 2021 жылдары резервке алынған 350 адамның 264-і мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйым­дарында жұмыс істейді, яғни жалпы санның 75%-ы жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 128 адам орталық мемлекеттік органдарда, 38 адам жергілікті атқарушы органдарда, 57 адам ұлттық компанияларда, 41 адам өзге ұйымдарда қызмет атқаруда. Сондай-ақ олардың қатарында 31 резервші саяси лауазымдарға, 6 резервші «А» корпусының лауазымдарына тағайындалса, бір резервист Парламент Мәжілісінің депутаты және 2 резервист мәслихат депутаты болып қызмет атқаруда.

«Елорда бойынша айтсақ, 2020 жылдың басынан бастап бүгінгі күнге дейін Астана қаласының әкімдік құрылымында Президенттік жастар кадр резервінің 15 резервшісі жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 3 адам жұмысын жалғастыруда (саяси лауазымда – 1, «Б» корпусында – 2), қалған 12 адам басқа лауазымдарға орналасуына байланысты жұмыстан шықты. Сонымен қатар, әкімдікте жұмыс істейтін 5 резервші жоғары басшылық қызметке және саяси лауазымдарға тағайындалғанын атап өткен жөн» деді Ә.Көмекбаев.

Брифинг барысында департамент басшысы аталмыш жобаның маңыздылығына тоқталып, мемлекеттік басқару жүйесінде үздіксіз білімнің қажеттілігін алға тартты.

– Жастарды ел игілігіне тарту – бүгінгі күннің маңызды мәселесінің бірі. Осы орайда Мемлекет басшысы мемлекеттік басқару жүйесіне жастарды тарту мақсатында осы жобаға аса назар аударып отыр. Елге өзгеріс әкелетін әрбір жас жарқын болашақтың негізгі тетігі саналады. Сол үшін де жастар Президенттік жастар кадр резервіне қатысу мүмкіндігін жіберіп алмауы керек. Өйткені, бұл жоба үлкен мүмкіндіктерге жол ашады, – деді ол.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button