Басты ақпаратМәселе

Демографиялық саясаттағы қателігіміз неде?

Соңғы жылдары елорда халқының саны 60 пайызға жуық өскені айтылып жүр. Өйткені, еліміздің өңірлерінен көшіп келіп жатқандар көп. Мәселен, 2022 жылы қаңтар-қыркүйек айларында Астанаға 55,8 мың адам қоныс аударыпты. Негізінен алғанда, елордаға солтүстік, орталық және шығыс өңірлердің тұрғындары көшіп келеді. Алайда, бас қаланың инфрақұрылымы жыл сайын көші-қон ағынына төтеп бере алмайтыны анық. Бұл жерде демографиялық және миграциялық бірқатар мәселе бар. Соларға өзімізше сараптама жасайық.

Астана «резеңке» қала емес

Урбанизация үдерісінің қазіргі қарқыны сақталатын болса, елорда халқының саны 2030 жылға қарай 2-2,5 миллион адамға жетуі мүмкін. Инфрақұрылымның дамымағанын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та сынға алды. «Қала тез үлкейіп келеді. Сол себепті қазіргі таңда Бас жоспарға қойылатын талаптар жиі бұзылады. Сондықтан инженерлік инфрақұрылымды кешенді түрде дамыту – басты міндет. Алайда бұл бағытта бірқатар мәселе бар. Атап айтқанда, әкімдік ЖЭС-3-ті пайдалануға бере алмай келе жатқанына 10 жылдан асты. Жобаны аяқтау мерзімі бірнеше рет шегерілді. Бұл оның 53 миллиард теңгеге қымбаттауына себеп болды. Аталған мәселе 2019 жылы көтерілді. Бірақ нысанның әзірлік деңгейі бұрынғыдай 83 пайызды құрап отыр. Нәтижесінде, қазір елорда 300 гигакалорийден астам жылу энергия­сы тапшылығынан зардап шегіп отыр» деді Президент Астананы дамыту мәселелеріне арналған жиында.

Демек, демографиялық және көші-қон саясатына басын қатыратындар бас қаланың халқын алдағы уақытта белгілі бір көлемде шектеуді қаперінде ұстайтыны белгілі. Себебі, жылуға, ауыз суға және электр қуатына тапшылық болса, халықтың саны өскен сайын оның да көрсеткіші ұлғая береді. Бас жоспарда бұлардың бәрі міндетті түрде ескерілуі керек. Көші-қон ағынын ешкімнің де тоқтата алмайтыны айдан анық.

Биыл елордаға 25 жыл толды. Осы аралықта халық саны 4-4,5 есеге дейін өсті. 1998 жылы бұл жерде 326 мың адам болса, қазір 1 млн 300 мың адамға жуықтады. 2013 жылы елорданы дамытуға қатысты жиын өткізген Тұңғыш Президент Н.Назарбаев былай дегені есімізде: «Мен Астана халқының санын миллион­дарға жеткізіңдер деген жоқпын. Бұл жерде алдағы уақытта ғимараттар, тұрғын үйлер салына береді. Бірақ ол халық санын өсіру үшін емес, қаланы тұрғындарға жайлы, қолайлы етуіміз үшін, тұрғындарға ең сапалы өмір сүру жағдайларын қалыптастыру үшін жүзеге асырылады». Алайда, 10 жыл бұрын берілген бұл тапсырма толық орындалған жоқ. Арадағы 10 жылда елорда халқының саны 800 мыңнан аса адамға өсті. Демографиялық және көші-қон саясатындағы қателіктің бірі осы. Ел Үкіметі үш ірі мегаполис: Астана, Алматы және Шымкентке балама болатындай басқа қалаларда жағдай жасай алмай отыр. Сол себептен, өңірлерден көшетін ел-жұрт негізінен Астананы таңдайды. Себебі, бұл жерде орташа жалақы көлемі 300-360 мың теңгенің көлемінде. Ал Солтүстік Қазақстан облысында 170-200 мың теңге көлеміндегі жалақы әлі өспей отыр.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button