Басты ақпаратМәдениет

«Гауһартасты» көрелік

Астана қаласының Музыкалық жас көрермен театры ұсынған «Гауһартас» спектаклі қалың көрерменнің сүйікті қойылымына айналды.

Дулат Исабековтің қаламынан туған ең алғашқы тырнақалды прозалық туындысы «Гауһартас» повесі екені белгілі. Бұл шығарманы қаламгер 1967 жылы 25 жасында әскерде жүргенде жазған екен.

Ал осы «Гауһартас» повесінің жазылуына Мәскеу түбінде әскерде болғанда радиодан Бибігүл Төлегенованың орындауында естіген «Гауһартас» әні түрткі болыпты.

Жазушының қаламынан туған осы ерекше туынды Кеңес уақытында әдебиетсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп, қалың оқырман тілегімен 5 тілге аударылған. Ал 1975 жылы Шәріп Бейсембаевтың режиссерлігімен «Казақфильм» студиясы «Гауһартас» фильмін көгілдір экраннан көрерменге тарту етті.

Менің айтайын дегенім, араға шамамен жарты ғасыр салып «Гауһартас» көрерменге басқа бағытта, басқа жанрда жол тартты. Енді Дулат Исабековтің «Гауһартасы» киелі театр сахнасы төрінен көрінді. Биыл ақпан айында елорданың Музыкалық жас көрермен театры көрермен назарына «Гауһартас» музыкалық драмасын ұсынды. Жалпы бұл идеяның авторы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Асхат Маемиров болды. Режиссер арнайы Алматыға барып, жазушымен кездесіп, өз ойымен бөлісіп, ақ батасын алып қайтқан. Содан кейін театр ұжымы алты айдай спектакліне қызу дайындалған. Дайындық барысында әлеуметтік желіге салынған спектакльдің үзінділері көптеген қаралым жинап, халықтың қызығушылығын оятқан. Соның арқасында премьераның алғашқы күндері билеттер бірден өтіп кетіп, спектакль аншлагпен басталды.

Дулат Исабеков шығарманың авторы ретінде Алматыдан арнайы келіп, спектакльді тамашалады. Тіпті актерлердің өздері туынды авторының алдында спектакльде ойнау үлкен жауапкершілікті қажет ететінін және қобалжу болғанын жасырмады. Алайда жазушы-драматург Дулат Исабеков: «Спектакльді көріп отырып, көзіме қанша рет жас алдым. Сценарийді оқып шыққаннан кейін қалай шығар екен деп ойладым. Жазу деген бір басқа, сахнаға шығару деген бір басқа. Мұндағы хор, ән – бәрі де өте орынды. Режиссер бәрін орын-орнымен пайдаланған. Салтанаттың рөлі маған ерекше әсер етті. Бірде-бір актер бос жүрген жоқ. Әсіресе Қайыркенді ойнаған актер рөлге кіріп кетіп, толығымен шығармамдағы Қайыркенге айналды. Бүтіндей алғанда, спектакль өте жоғары дәрежеде шықты» деп оң бағалап, театр ұжымына ақ батасын берді.

«Гауһартас» спектаклін алғашқылардың бірі болып көру бақыты маған да бұйырды. Шыны керек, бұл спектакль мен көрген спектакльдердің ішіндегі ең үздігі десем артық емес. Қойылымдағы әр деталь, әр реквизит бір дәуірдің атмосферасын сыйлайды. Әр актер шығармадағы әр бейнені айқын аша білді деп ойлаймын. Актерлық құрамның шеберлігінде сөз жоқ. Күлкісі, әзілі, мереке-қуанышы, қайғысы мен трагедиясы араласқан сезімдерге толы спектакль болды. Қойылымның басты кейіпкерлері: әнді сүйген жас келін Салтанат, қатал мінезді жары Тастан және ақынжанды қайнысы Қайыркен. Оқиға той-думанмен басталып, Салтанаттың өлімімен аяқталады. Спектакльді өне бойындағы әр талшығымен сезгенін сонша, жылап шықпау мүмкін емес. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» дегендей бұл қойылымның негізгі құндылығы – жанындағы аяулы жарынды, гауһартасынды аялай білу, бағалау. «Гауһартас» спектаклінде ата-ананың рөлі және отбасындағы шынайылық болғандықтан болар, көрермен көңілінен шықты. Әр қойылым сайын залда ине шаншыр орын болмады.

Астаналық театр республика тұрғындары сұрауымен алғашқы гастроліне де шықты. Осы спектакль арқылы бұрынғы жылдардағы «Гауһартас», «Құдаша», «Келші, айым» сынды халық әндері жандана түсті. Яғни қойы­лымдағы «Құдаша», «Ләйлім Шырақ» әндері жасөспірімдер мен жастар арасында трендке айналып, мектеп пен колледж сахналарындағы мерекелік кештерде шырқалып жатыр. Халықтың көзайымына айналғаны сонша, елімізден әрі асып, «Құдаша» халық әні – Қытайда да трендке айналған.

Қорыта келе, жарты ғасырдай уақыт өтсе де, жаңа бағыттағы «Гауһартас» өнерсүйер көременнің сүйікті спектакліне айналды. Астана қаласының Музыкалық жас көрермен ­теа­тры өзінің III театр маусымында көрерменнің ықыласына бөленген «Гауһартас» музыкалық драмасын қысқа уақытта 73 мәрте көрерменге ұсынған. Сіздерге де халықтың зор қошеметіне ие болған «Гауһартас» спектаклін тамашалаңыздар дегім келеді, құрметті оқырман! Олай болса, театрда жүздескенше!

Зарина ТАЙЛАҚ, Астана қаласының

 №8 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button