Білім

1-сыныпқа 18 мың оқушы барады



1 қыркүйекте 18 мың бүлдіршін алғаш рет қоңыраудың үнін естіп, мектеп табалдырығын аттамақ. Бірінші сыныпқа баратын оқушылармен қатар, 155 мың оқушы салтанатты шараға қатысады.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында қалалық Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин хабарлады.
Жаңа оқу жылында астаналық оқушы­лар қалалық, республикалық және жеке­меншік бағыныстағы 105 мектепте білім алатын болады. Білім ордаларының бар­лығы оқулықтармен 100 пайызға қам­тылмақ. Ол үшін бюджеттен 2,7 млрд тең­ге бөлінген. Қазіргі таңда оқулықтарды елор­даға жеткізу жұмыстары жүріп жатыр.
Әнуар Жанғозиннің пікірінше, мұ­ға­лімдерді қағазбастылықтан құтқарудың жолы – электронды журнал мен www.kundelik.kz электронды күнделігі. Онлайн күнделік ата-аналарға балаларының оқу үлгерімін қадағалауға мүмкіндік береді. Биыл бұл жүйенің мобильді қосымшасы да іске қосылмақ.
Басқарма басшысы қала әкімі Әсет Исекешевтің тапсырмасымен білім беру жүйесін қаржыландыру соңғы 2 жылда едәуір ұлғайғанын айтты. Мәселен, былтыр бөлінген қаржы 54 млрд теңгені құраса, биыл 65 млрд теңгеге дейін өсті. Әкімдік білім беру нысандарын қажетті деңгейде қамтамасыз ету, жөндеу жұмыстары және қосымша білім беру жүйесіне басымдық беріп отыр.
Әйтсе де, бұл қаржы мектептердегі үш ауысымды оқыту мәселесін түбегейлі шешуге жеткіліксіз көрінеді. Алдыңғы оқу жылында үш ауысымды 11 мектеп болған еді. Ал биыл бұл түйткіл қалай шешімін таппақ? Сұраққа Әнуар Жанғозин «Оқу ордаларының құрылысы қарқынды. Биыл 6 мектептің ғимараты пайдалануға беріледі. Келер жылы тағы 5 мектеп салынады және 6 мектептің жанынан қосымша ғимарат тұрғызылады. Қазіргі таңда Үкіметпен 24 мектептің және 10 қосымша ғимараттың құрылысы бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Осылайша, алдағы 4 жылда мектептерге түсетін жүктемені азайтқымыз келеді» деп жауап берді.
Ал биылғы оқу жылының жаңалығы қалалық білім ордаларында жан басына қаржыландыру әдісі енгізілетіні болмақ.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button