Басты ақпаратРуханият

120 жыл сақталған мұра

Абай заманында фотоға түсіру өнері өмірге енді ғана еніп жатқан болатын. Семей ­қаласында Каримовтардың, Кузнецовтардың, Белослюдовтардың фотоүйлері жұмыс істеді. Бұлар ­әртүрлі тапсырмамен қыр даласына келіп, қажетті мекенжайларды, айтулы адамдарды, қазақ ­тұрмыс-салтын түсіріп алып, өз қажетіне жұмсады. Ресейдің ірі қалаларына апарып көрмелер ұйымдастырып, альбом жасап сатты.

Абай ауылының адамдары да суретке түсіп, өздеріне жинап, сақтауды әдетке айналдырды. Ауылдан қалаға қатынағанда елге апарар сыйлығы фотосурет болды. Елге барып, фотоға түсірушілерді кезекпен қонақ етіп, фотоға түсуге барынша әуестенген. Заман ағымына қарай байдың тұқымы, молда, т. б. деп қудалау басталған жылдары қолда бар суреттердің барлығын жыртып, өртеп, жасырып әуре болған. Тек кейбір жүректі адамдар ғана Абай, Шәкәрімнің бірді-екілі фотосуретін жасырып сақтап, біздің заманымызға зорға жеткізген. Абай ауылындағы фотосуреттердің көптігі сондай, 1940 жылы Абай мұражайы ұйымдастырылғанда, Кәкітай Ысқақов пен Әрхам Кәкітайұлы Құнанбай, Абай туыстарының 44 фотосуретін екі жылдың ішінде жинап берген. Онда 78 адамның бейнесі болыпты. Амал қанша, соның ішінде данышпан ақынның екі фотосуреті ғана сақталған. Бұл суреттердің де сақталу тарихы өте күрделі. Ауыр жағдайды бастан кешірген бұл суреттер қудалауға ұшырап, Шымкент маңына жер аударылған Құнанбайдың, Күнтудың, Оразбайдың ұрпақтары өздерімен бірге жасырып, тығып ала кетіп сақтаған. Кейін Алматыда тұрған Мұхтар Әуезовке табыс еткен. Оның өзінде өз есімін айтпай, белгісіз біреулер бүркеншік атпен өткізуге тура келген. Соның бірі өзіміз куә болып жүрген данышпан ақынның екі суретінің алғашқысы – 1896 жылы Семей қаласында түсірілген Абай, Ақылбай, Мағауия фотосуреттері. Түпнұсқа. Ұзындығы мен ені – 8-13 см. Абай мұражайына 1941 жылы 6 ақпанда №40 қабылдау актісі бойынша өткізілген. Фотоны тауып, сақтап, мұражайға өткізуші – Мұхтар Әуезов.

Мұражай қорының негізгі бір кітапшасында «Абай с ­сыновьями Акылбаем и ­Турагулом (подлинник), снято в 1896 году в Семипалатинске фотографом Н.Г.Кузнецовым. В дар музею Абай от Мухтар Омархановича Ауезова» деп жазып, қол қойған.

Абайдың екінші фотосуреті 1903 жылы өмірден өтерінен бір жыл бұрын 58 жасында Жидебай ауылында, үй іші, отбасымен бірге көктем уақыты, мамыр айының бас кезінде, киіз үйдің ішінде түсірілген.

Солдан оңға қарай: бірінші қатарда бөрік киіп отырған қыз бала – Пәкизат. Пәкизаттың басына киіп отырған бөркі бұл күнде Жидебайдағы Абай музей-үйінде экспозицияда тұр. Одан кейінгі отырғандар – Тұрағұл мен Әубәкір. Пәкизат пен Әубәкір – екеуі де Ақылбайдың балалары. Абайдың кенже інісі Оспан өзінде бала болмағандықтан, бұл екеуін де бауырына салып алған. Тұрағұлдың есімі үкімет қудалауына ұшырағандықтан кейінгі жылдарға дейін аталмай, фотодағы бейнесі айтылмай қалыс қалып келді. Тек соңғы жылдардан бастап қана анық айтылып жүр.

Екінші қатардағылар – Абай, Еркежан және Қамалия. Қамалия – Әубәкірдің әйелі. Бұл кісінің Абай туралы айтқан естеліктері мұражай қорында сақтаулы тұр. Ал Еркежан – Оспанның бәйбішесі. Оны Оспан қайтыс болғаннан кейін, әмеңгерлік жолмен 1894 жылы Абай өзі алып, өмірінің соңғы он жылын Жидебайда осы Еркежанмен бірге өткізген. Үшінші қатарда тұрған – Мағауия.

Фотосуретті түпнұсқадан 1959 жылы қайта көшіріп, Абай музейіне өткізген – жазушы Мұхтар Әуезов. Түпнұсқасы Алматыдағы М.Әуезов музейінде сақталған. Суреттің көлемі – 13х23 см, қор кітабында 461/542 инвентарға тіркеулі тұр.

Бұл фотосурет көптеген басылымға шығып танымал болды. Қазірдің өзінде суреттің көшірмесі Қазақстан Рес­публикасы Ұлттық музейінің «Қазақстан тарихы» залының «ХІХ ғасырдағы ұлылар» ­экспозициясында көрмеде тұр.

 Алмахан МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫ,

абайтанушы

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button