Руханият

2020 жыл



Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2020 жыл – Волонтер жылы болып жарияланды. Тарих пен тұлға тұрғысынан маңызды мерейтойлар да дәл осы жылға дөп келді. Атап айтқанда, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150, Алтын Орданың 750, ұлы Абайдың 175, Қазақ хандығының 555, Ұлы Жеңістің 75, Қазақстан Конституциясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдықтары – осы жылдың еншісіне жазылды. Бұл мерейтойлардың барлығын лайықты атап өтуге әлемді жайлап, көктемде елімізге жеткен қауіпті індет кесірін тигізді. Бас қаланың бас басылымы – «Астана ақшамы» газетінің де осы қазан айында 30 жылдығы. Осыған байланысты 5 наурыз күні газеттің ширек ғасырдан астам шежіресін тарқатуды бастағанбыз. Ал бүгінгі нөмір арқылы соны түйіндейміз.

100 электробус – жолаушылар игілігіне

Елорданың автобус паркі 80 пайызға жаңарды. Соның ішінде 100 электробус сатып алынды. Жыл басында оның 15-і қала бағдарларына шықты. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов электробустардың техникалық жағдайымен танысты. Астаналық басылым биылғы жылашар нөмірінде соны хабарлады. «Жайлы әрі дыбыссыз электрлі автобустар атмосфераға зиянды қалдық шығармайды, сондай-ақ үнемді. Жаңа автобустар интеллектуалды бақылау жүйесімен, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандустармен және баласы бар жолау­шыларға арналған орындармен қамтамасыз етілген. Оның тағы бір ерекшелігі – орындықтардың тұсында мобильді телефондарды қуаттауға арналған жалғағыштар орнатылған» («Астана ақшамы», №1, 7 қаңтар, 2020 жыл).Абай жылы ашылды

Қаңтар айында Абай жылы ресми түрде ашылды. Газетіміз «Абайдың тойы елордадан басталды» атты материалында соны жан-жақты тарқатты. Оның алдында Мемлекет басшысының «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласы жарық көрді. Президент онда ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына сай бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналғанын, сананы жаңғырту арқылы ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашатынымызды, оған Абай мұрасының тигізер пайдасы зор екенін атап өтті. Ұлы ақынның мерейтойы той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілетініне ерекше тоқталып, Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлемге кеңінен таныстыру қажеттігін айтты («Астана ақшамы», №3, 11 қаңтар, 2020 жыл).

Елордада ескерткіштер көбейеді

Жыл басталғанда елордада бірқатар аса көрнекті тұлғалар ескерткіштерінің ең үздік жобаларына конкурс жарияланды. Атап айтқанда, әлемге әйгілі ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби, ағартушы, педагог Ыбырай Алтынсарин, мемлекет және қоғам қайраткерлері Жұмабек Тәшенев пен Сұлтанбек Қожанов, екі мәрте Кеңес Одағының батыры Талғат Бигелдинов ескерткіштері бар («Астана ақшамы», №4, 14 қаңтар, 2020 жыл).

Астанада – «Абайтану» орталығы

31 қаңтарда Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназияда «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығы ашылды. Аталмыш орталық «Бала Абай», «Ақын Абай» және «Хакім Абай» аталатын үш бөлімге бөлінді. Мұнда орын алған құнды жәдігерлердің бірі – 1996 жылы Семейдегі музей қорынан табылған Абайдың ұлы Мағауияға жазған хатының көшірмесі («Астана ақшамы», №12, 1 ақпан, 2020 жыл).

Орта мектептер тұлғалар атымен аталды

Үкіметтің қаулысымен бас қаланың бірқатар орта мектептеріне атау­лар берілді. №10 мектеп-гимназия Жұмабек Тәшенев, №48 мектеп-лицей Ахмет Байтұрсынұлы, №52 мектеп-гимназия Бейімбет ­Майлин, №56 мектеп-лицей Шәкәрім ­Құдайбердіұлы, №57 орта мектеп Мәшһүр Жүсіп ­Көпейұлы, №58 мектеп-гимназия Ілияс ­Жансүгіров, №68 мектеп-гимназия Міржақып Дулатұлы, №76 мектеп-лицей Әлихан Бөкейхан, №80 мектеп-гимназия Сәкен ­Сейфуллин, №84 мектеп-лицей шейх Халифа бен Заид әл-Нахаян, №85 мектеп-лицей шейх Тәмим бен Хамад әл-Тани және Оқушылар сарайы әл-Фараби есімдерін иеленді («Астана ақшамы», №17, 13 ақпан, 2020 жыл).

Айгүлдің Алматыға сапары

Басылымның тілшісі Айгүл Уайсова Алматыға арнайы барып, тектінің тұяғы Мұрат Жұмабекұлы Тәшеневпен, Мұхтар Әуезовтің мемориалдық музей-үйінің директоры Диар Қонаевпен, жоғарыда аты аталған ғалым Жақыпбек Алтаевпен сұхбаттасты.Қауіпті індет келгенде…

13 наурызда Қазақстанда үш адамнан коронавирус анықталды. Екеуі Алматыдан болса, біреуі Нұр-Сұлтан қаласынан. Италияның Милан қаласынан Мәскеу арқылы елордаға ұшып келген 90 жолаушының бірінен қауіпті індет шықты. Ол шұғыл түрде карантинге жатқызылды. Осы жағдайға байланысты кешенді іс-шаралар қолға алынды деп хабарлады «Астана ақшамы» газеті (№30, 14 наурыз, 2020 жыл).
Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев Үндеу жолдап, өз Жарлығымен 16 наурыз күнгі сағат 08.00-ден ел аумағында бір ай мерзіміне төтенше жағдай режимін енгізді. Жағдайға байланысты ол екі айға жалғасып, 11 маусымда аяқталды. Барлық сақтық шаралар қолданыла бастады. Нұр-Сұлтан қаласында ірі сауда нысандары мен сауда ойын-сауық орталықтарының, киім-кешек базарларының жұмыс уақытына шектеу қойылды. Мемлекеттік қызметтер мен мәдени іс-шаралар онлайн форматқа көшті. Елорда әкімі Алтай Көлгінов 19 наурыз күні сағат 00-ден бастап карантин енгізілгенін жариялады. Қалаға кіреберіс жолдарда жеті блокбекет қойылды. Халықаралық және жүк тасымалынан басқа әуе рейстері мен теміржол қатынасы жабылды. 30 наурыз бен 5 сәуір аралығында Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмысы уақытша тоқтатылды. Екінші тоқсанда мектеп оқушылары, студенттер қашықтан оқытыла бастады. Елордада 12 күн ішінде науқастарды қабылдайтын 200 орындық аурухана салынды. Бас қалада ауқымды залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Табысын жоғалтқан азаматтарға мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан ең төменгі жалақы мөлшерінде 42500 теңге төлеу белгіленді. 13 шілде – Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Инфекцияны алдын алу шаралары және ағымдағы жағдай туралы осындай жаңалықтар «Астана ақшамының» бетінде тұрақты түрде жарияланып тұрды.

Майдангерлермен мәнді кездесу

Карантиннің алдында «Астана ақшамы» газеті, басылым қарайтын «Elorda Aqparat» ЖШС бірқатар маңызды шараларды өткізіп үлгерді. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай «Бәйтерек басындағы басқосу» айдарымен редакцияда «дөңгелек үстел» мәжілісі ұйымдастырылды. Оған қос майдангер Ахат Бекмадияұлы мен Жүнісбек Кәрімов, Республикалық ардагерлер ұйымы орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев пен аталмыш кеңес төрағасының орынбасары Көпболсын Бекмағамбет қатысты. Сұрапыл соғыстан елге аман-есен оралған көпті көрген қариялар мен ұйым басшылары әсерлі, ғибратты әңгімелерді өрбітті («Астана ақшамы», №30, 14 наурыз, 2020 жыл).

Карантинде не жаздыңыз?

Басылым шолушысы Азамат Есенжол бір топ қаламгерге «Карантинде не жазып жүрсіз?» сауалын қойды. Бұл сұраққа Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, тарихшы қаламгер Қойшығара Салғараұлы, жазушылар ­Қажығали ­Мұханбетқа­лиұлы­ мен Алдан Смайыл, ақын Несіпбек Айтұлы, ақын, халық­аралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қорғанбек Аманжол жауап берді («Астана ақшамы», №44, 16 сәуір, 2020 жыл).

150 көше жөнделеді

Карантинге қарамастан, қала инфрақұрылымына қатысты жұмыстар тоқтаған жоқ. «Биыл Нұр-Сұлтан қаласында жалпы ұзындығы 100 шақырымды құрайтын 150 көше жөнделеді. Жол жөндеу жұмыстары басталып кетті. Оның ішінде 50 көше қаланың орталық бөлігіндегі қоғамдық көлік жүретін магистралды көшелер. Олардың көбі орташа, кейбірі күрделі жөндеуден өтеді. 150 көшенің 100-і – тұрғын алаптарда». Сондай-ақ сол уақытта қаланың шеткі аймақтарын газдандыру да басталды («Астана ақшамы», №46, 21 сәуір, 2020 жыл).

АҚШ-тағы қазақ ғалымымен әңгіме

Шеф-редактор Төлен Тілеубай АҚШ-та тұратын қазақ ғалымы, «Locus Fermentation Solutions» компаниясының ғылым және технологиялар бойынша аға вице-президенті Кен Әлібекпен (Kenneth Alibek) тілдесіп, COVID-19-дың неден және қалай басталғаны, әлемге таралуы, екпе жасау, алдағы уақыттағы ахуал­дың өзгеруі, індетпен күресудің тиімді жолдары жөнінде кеңінен сұхбаттасты. «Індет бәсеңдейді, бірақ түбейгелі жойылмайды» депті ғалым («Астана ақшамы», №48, 25 сәуір, 2020 жыл). Расымен, қауіп әлі сейілген жоқ. Екінші толқыны болады деген болжам да бар.

Тұрғын үйде – Абай бейнесі

«Елордада Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойына орай тұғырлы тұлғаның есімін иеленген даңғыл бойындағы 50-ші көпқабатты тұрғын үйдің қабырғасында ұлы ақынның айшықты бейнесі салынды. Бұл өнерді ғылыми тілде «мурал» деп атайды» деп сүйіншіледі «Астана ақшамы» (№68, 11 маусым).Табиғи газдың келуі – тарихи оқиға

Жазда елорданың әлеуметтік нысандары мен жеке тұрғын үйлерге табиғи газ келді. «Көгілдір отынның» игілігін алдымен «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, №29 орта мектеп, «Көктал-1» және «Железнодорожный» тұрғын алаптарының бірқатар тұрғындары көре бастады. «Бұл шын мәнінде тарихи оқиға. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған бес әлеуметтік бастаманың басты жобаларының бірі – елорданы газдандыру. Елордаға өткен жылдан бері 1 мың шақырым магистралды газ құбыры тартылды… Биыл 8 мың жеке үйге газ тарату желілерін салуды жоспарлап отырмыз» деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов («Астана ақшамы», №79-80, 9 шілде, 2020 жыл).

Абай күні белгіленді

Үкімет қаулысымен 10 тамыз Абай күні болып белгіленді. «Астана ақшамы» 6 тамызда шыққан нөмірінде осыны сүйіншіледі. Осыған дейін хакімнің туған күні туралы әртүрлі пікірлер айтылып, бұл мәселе бір ізге түспеген еді. Осы шешіммен бұл мәселеге нүкте қойылды.«Нұр-Сұлтан-Жидебай» веложорығы

2 қыркүйек күні елордалықтар Абайдың 175 жылдығына арналған «Нұр-Сұлтан-Жидебай» веложорығына қатысушыларды елордадан шығарып салды. 1000 шақырымдық жолға ағылшын тілінің маманы, мотиватор Ернат Мэлсұлы, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі­нің қызметкері Жасұлан Үкеев және әріптесіміз, «Астана ақшамы» газетінің тілшісі Дәулетқали Асауов аттанды («Астана ақшамы», №103-104, 3 қыркүйек, 2020 жыл).

Президент пен Елбасы хакім туралы

Жыл ішінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың хакім туралы «Абай – рухани реформатор» аталатын тағы бір мақаласы, Елбасының «Абай аманаты» атты мақалалары жарық көрді.

Жадырамыз – жүлдегер

«Астана ақшамының» журналис­тері шығармашылық байқауларда жүлдегер атанды. Шолушы Жадыра Шамұратова қаламгерлер арасындағы «Ауылым – алтын тұғырым» әдеби-онлайн байқауында «Проза» аталымы бойынша 2-орынды жеңіп алды.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button