Басты ақпаратЕлорда тынысы

25 қазан – Тәуелсіздіктің бастауы



Кеше елордадағы Достық үйінде Астана қаласы Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен «25 қазан – тәуел­сіздіктің бастауы»  тақырыбында халықаралық ғылыми-­практикалық конференция өтті. Жиында еліміздің тәуелсіздік жылдардағы негізгі жетістіктері, қоғамда тұрақтылықты сақтауға бағытталған мәселелер талқыланды.

Іс-шараға елорда әкімдігінің, ҚР Президенті Әкімшілігінің өкілдері, Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдардың, этномәдени бірлестіктердің, ғылыми-сараптамалық топтың мүшелері, жастар қанатының өкілдері, сонымен қатар ZOOM арқылы алыс және жақын шетелден ғалымдар қатысты.

Конференцияда тарих ғылымдарының докторы, профессор, Астана қаласы ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының төрағасы Тілеген Садықов модератор болды. Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов Қазақстанның егемендігі туралы декларация 70 жыл бойы арман болған тәуелсіздікке қарай жасалған алғашқы қадам екенін, оның қабылдануы еліміз үшін оң өзгерістер әкелгенін жеткізді.

– Осы декларацияның арқасында егеменді мемлекеттіліктің іргелі қағидаттары ретінде Қазақстанның жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл шешімі мемлекеттілік пен егемендік тұрғысынан аса маңызды әрі тарихи қадам болды. Жаңа да жас, тәуелсіз мемлекетте ұстанымы нық, бағдары айқын, салмақты саясатты арқау еткен болмысы бөлек қоғам қалыптасты. Бұл – ұлт пен ұлыстың татулығы, барша отандастарымыздың табанды еңбек, ерік-жігерінің жемісі. Жылдың басы қиыншылықпен басталса да, өздеріңіз көріп отырғандай, бүгінде қазақ елінің түкпір-түкпірінде Республика күніне орай түрлі шаралар бастау алды. Ал бүгін мемлекеттік мереке елордамыз – Астанадан басталып, барлық өңірде шарықтау салтанатын құрып, елдің рухын көтеріп жатыр. Ендеше көк байрағымыз, еркіндігіміз ғұмырлы болсын! – деп атап өтті Д.Бабамұратов. Ол сондай-ақ Республика күніне орай елордада 100-ге жуық түрлі спорттық, мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізу жос­парланып отырғанын жеткізді.

Мемлекет тарихы инс­титуты директорының орынбасары, педагогика ғылымдарының кандидаты Жабай Қалиев тарихи құжаттың қалай қабылданғаны, мән-маңызы туралы толық ақпарат берді.

– Декларацияда Қазақстан халқы Қазақ КСР-індегі егемендіктің жалғыз иесі және мемлекеттік биліктің қайнар көзі деп жарияланды. Ал өз кезегінде Қазақстан халқына республиканың барлық ұлт азаматтары жатқызылды. Декларация республиканың барлық азаматтары үшін лайықты және тең өмір сүру жағдайларын жасауға ұмтылысты көрсетті, экологиялық қауіптіліктің қайнар көзі болып табылатын объектілердің қызметіне және жұмысына тыйым салатын экологиялық қауіпсіздік қағидаттарын негіздеді. Декларацияда Қазақ КСР-нің маңызды міндетінің бірі – ұлттық мемлекеттілікті қорғау және нығайту, төл мәдениетті, дәстүрлерді, тілді жаңғырту мен дамыту және қазақ ұлтының, Қазақстанда тұратын басқа ұлттардың ұлттық қадір-қасиетін нығайту біріктірілді. Алғаш рет декларация мемлекеттік биліктің үстемдігін, оның республика ішіндегі тәуелсіздігі мен толықтығын, сондай-ақ сыртқы қатынастарда өзінің аумағында КСРО-ның жоғарғы органдарының республиканың егемендік құқықтарын бұзатын әрекеттерін тоқтату құқығын қамтамасыз етті, – деді баяндамасында Ж.Қалиев.

Жиынға қатысқан тарих ғылым­дарының докторы, профессор ­Гүлнар ­Мұсабалина 25 қазанды Жаңа ­Қазақстан құру жолындағы маңызды күн деп атап өтті.

– Республика күні бұл жай ғана мереке емес, бұл – біздің халқымыздың тәуелсіздік жолындағы сан ғасырлық күресінің нәтижесі. Мұның бәріне ауызбірлік пен ынтымақтың, жарқын болашаққа деген сенімнің арқасында қол жетті. Еліміздің ертеңі – өз қолымызда. Әрбір ел азаматы туған Отанын дамытып, гүлдендіруге үлес қосып, шын жүрегімен еңбек етер болса, еліміз әлемдегі мықты мемлекеттің біріне айналары сөзсіз. Ата-бабаларымыздың бізге қалдырған аманатына адал болып, оны келер ұрпақ сол күйінде жеткізу – біздің борышымыз. Біз мақтанарлық дүние көп. Біз тәуелсіз Қазақстанның ең бақытты ұрпағымыз! – деді ол.

Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы, Астана қаласы ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі Татьяна Брынза «Астана қаласының сәулеті мен монумент мүсіндеріндегі этномәдени дизайн» тақырыбында ой тарқатты.

– Жиырма жылдан астам уақыт ішінде Астана қаласы идеологиялық мақсаттарға да, салмақты суреткерлік өнер деңгейі талаптарына да сай келетін монумент жұмыстарымен толыға түсті. Бұл мүсіндерге қазақтың тарихи тұлғаларына, мәселен ұлы ойшыл Абайға, біртуар ақын және жазушы Сәкен Сейфуллинге, орыс­тың ақыны Пушкинге, қазақтың үш биіне, Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандарға, сонымен қатар қазақтың ханы әрі батыры Кенесарыға арнап соғылған ескерткіштерді жатқызуға болады, – дей келе, ол елордадағы ең көрнекі ескерткіштер мен мүсіндердің бәрінің мән-маңызына жеке тоқталып өтті.

Конференцияда сондай-ақ ZOOM форматында сөз алған Түркияның экс-мәдениет министрі Намык Кемал Зейбек тәуелсіз Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастардың негізгі бағыттары туралы айтты. Ал жиынға Венгрия­дан онлайн қатысқан филология ғылымдарының кандидаты, қауымдас­тырылған профессор Раушангүл Мукушева «Этносаралық келісім – елдегі тұрақтылықтың кепілі» тақырыбында сөз сөйледі. Сондай-ақ ­Беларусь елінен онлайн қатысқан тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Александр Ратько «Екі елдің ғылыми-ағартушылық бағыттағы ынтымақтастығы» тақырыбын қозғады. Конференция барысында еліміздің өзге де танымал ғалымдары «Егемендік декларациясы – тәуелсіздік бастауы», «КСРО-ның ыдырауы және Қазақстан», «Қазақстандағы этносаралық мәдени байланыстар» тақырыптарында баяндама жасап, ой-пікірін ортаға салды.


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button