Қоғам

ӘДІЛЕТ ЖАРШЫСЫ



Қоғам қайраткері Жанайдар Сәдуақасов небәрі 39 жасында «Халық жауы» атанып, кейіннен атылғаны белгілі. 1957 жылы ресми түрде ақталғанымен, тарихшылар әлі күнге дейін лайықты бағасын алмай келе жатқанын алға тартады. Осы ретте зұлмат заманда халқының болашағы үшін басын бәйгеге тіккен қазақ зиялысы туралы терең зерттеп жүрген өзінің тікелей ұрпағы, тарих ғылымдарының кандидаты Перизат Сәдуақаспен әңгімелескен едік.

Саяси-қуғын сүргін құрбаны Жанайдар Сәдуа­қасовтың жетімдер үйін ашуға, ұлттық мектептерді көбейтуге, әсіресе тұңғыш қазақ театрының ашылуына тікелей ықпал еткенін білеміз. Дегенмен, біз заң саласындағы қызметіне ерекше тоқталғанды жөн көрдік. Себебі, кезінде сот ісін қазақ тілінде жүргізу мәселесін көтерген, әйелдердің құқын қорғауды назарға алған, халықтың құқықтық сауатын көтеруді ойлаған, сот қызметкерлерінің ұлттық құрамын қазақтардан болуын көксеген Сәдуақасов болатын.

«Қазақ зиялыларының алдыңғы легінде болған мемлекет және қоғам қайраткері Жанайдар Сәдуақасов ұлтының ұлы мұратына жету жолында 1937 жылы саяси репрессияның құрбаны болды. Түрлі мемлекеттік лауазымды қызметтер атқарған ол 1928-29 жылдары Әділет Халкомы және Республика прокуроры болды.

Екі жылға жуық әділет және прокуратура саласын басқарған Жанайдар Сәдуақасов Қазақстанда заңдылықты нығайтуға, заң кадрларын тәрбиелеуге, заңнамаға халық мүддесіне қажетті заң баптарын енгізуге, халықтың құқықтық сауатын жетілдіруге, соттық-тергеу желісінде реформа жүргізуге үлес қосты. Осыған дейінгі әр түрлі қызметте жаңа бастамашыл идеяларымен және іскерлігімен көзге түскен Сәдуақасовтың өз заманының құқық саласындағы жаңашыл ізденістері атап өтуге тұрарлық. Мемлекеттік заңдылықты сақтау жолындағы қызметінде ең алдымен, прокуратураны жергілікті әкімшілік органдарға тәуелділіктен құтқаруды көздеген.

Ол заңның сақталуын қадағалайтын басты органның жергілікті әкімшілік органдарға тәуелділігі – орган жұмысына біршама кедергі келтіретіндігіне назар аударады. Прокуратураны жергілікті әкімшілік органдарға тәуелділіктен құт­қару мақсатында, жоғарғы органдардан көмек сұрайды. Жанайдар Сәдуақасов прокуратураны қаржыландыруды жергілікті бюджетке ауыстыру оны әкімшіліктің айтқанынан аса алмайтын органға айналдырады деп есептейді. Оның ойынша, прокуратураның жер­гілікті бюджеттен қаржыландырылуы – әкімшіліктің оны әміршіл құқықтармен басқаруына мүмкіндік береді.

Прокуратура – тек заңның бұзылуын тіркеумен, ұсыныстар енгізумен шектелуге мәжбүр. Әсіресе, бұл құбылыс байлардың мүліктерін тәркілеу мен жер аударудан айқын көрініс беретінін алға тартқан. Бұл – оның қоғамда заңдылық орнатуға және дербес шешім қабылдауға ұмтылған әділетті прокурор болғандығын көрсетеді» дейді тарих ғылымдарының кандидаты Перизат Құрманқызы.

Жөнсіздікке жол бермеді

Тарихи зерттеулерге сүйен­сек, Сәдуақасовтың прокурор­лық қызметі тәркілеу саясатымен тұспа-тұс келген екен. 1928 жылы 12 наурызда өлкелік партия комитетінің бюро отырысында Ф.И.Голощекин тәркілеу Декреті туралы баяндамасында бұл декреттің жобасын жасау барысында коммунистердің екі міндетті есте сақтау керектігін айтады: Біріншісі, мүлкі тәркіленген байлар міндетті жер аударуға жатады; Екіншісі, тәркілеу процесін 2 ай ішінде аяқтау қажет.

«Аталған жобаны қайта қарауға Голощекин құрамына Сәдуақасов, Нұрмақов, Тәтімов, Каширин, Тоғжанов, Құлымбетов енген жаңа комиссия құрады. Оның жұмыс жасауына бір күн уақыт беріледі. Осылайша, 14 наурызда өлкелік партия комитетінің кезекті бюросы шақыртылып, онда декреттің жаңа жобасы жарияланады. Онда байлардан тәркіленген малдарды кедейлерге үлестіріп беру және ауқатты коммунис­терден «артығын» алу туралы шешім қабылданады. Алайда, Қазақстан тұрғындарының атынан Сталиннің, Калинин­нің аттарына жолданған хат­тар тәркілеудің ресми құжаттардың қабылдануынан бұрын басталғандығын көрсетеді. Қалыптасқан жағдайды анықтау үшін Орталықтан Киселев бастаған комиссия келеді.

Бұл туралы «Правда Востока» газеті «В некоторых местах Казах­стана применялись незакон­ные меры и репрессии в связи с выявлением скрытых объектов обложения; при этом за нарушение существующих законов производилась конфискация имущества. Президиум ВЦИК по телеграфу предложил правительству Казахской АССР немедленно приостановить в Семипалатинском округе и в других местах Казахстана незаконные мероприятия» деп жазады.

Бұл ақпараттар түскеннен кейін аймақтарды тексеру және қажетті шараларды қолдану Сәдуақасовтың тікелей басшылығымен жүргізіледі» дейді зиялы тұлғаның ұрпағы. Оның айтуынша, аймақтардағы тәркілеу декретін жүзеге асыруда анықталған өрескел заң бұзушылықтарды жоюға арналған бірқатар іс-шаралар қабылданады. Алайда, бір ғана Прокуратура органының барлық республика аумағында қарқынды жүріп жатқан науқанды толық қадағалап, жедел шаралар қабылдауға мүмкіндігі болмайды. Республика Прокуроры Жанайдар Сәдуақасов жергілікті билік пен соттық-тергеу органдарының жұмыстарынан байқалған асыра сілтеушіліктерді тексеріп, Прокуратура тарапынан нақты шара қолдану мақсатында өз қызметкерлерін аймақтарға жіберуді ұйғарады.

Сондықтан, Қазөлкекомның отырысында өзінің көмекшісі, тәжірибелі прокурор Жалнинді әділет органдарының, олардың нұсқау­шыларының жұмысын тексеру және оларға заңдылықты сақтауға көмек көрсету үшін Семей, Павлодар және Қарқаралы округтеріне жібереді. Жұмыс барысында 50 беттен тұратын есеп жасап, аймақтарда заң бұзушылықтардың шектен шыққандығын анықтайды.

«Сот тарапынан жасалған заң бұзушылықтарды Сәдуақасовтың атына келіп түскен арыздар да айғақтайды. Түскен арыздар мен нақты фактілерге жүгіне отырып, Сәдуақасов, біріншіден, жергілікті жерлерде биліктің берген өкілеттілікті шектен тыс асыра пайдаланады деген қорытындыға келеді. Әрі сол асыра сілтеушіліктің салдарын жоюға мән берілмеген, жөнсіз тартып алынған мал-мүліктерді қайта алып беруге ешкім қол ұшын бермеген. Екіншіден, жергілікті органдардың әкімшілігі заң бұзушылықтар туралы үндемейді, ешқандай ақпараттар бермейді, зардап шеккендердің пайдасына шешілген өзгерістер туралы да мәліметтер жоқ. Демек, ешқандай бақылау болмаған және ұйымдастырылмаған. Үшіншіден, заңсыздықтар үшін бірде-бір адам жазаға тартылмаған деген тұжырым жасайды» деп түйіндейді Перизат Құрманқызы.

Тарихшының зерттеуіне сүйенсек, Жанайдар Сәдуақасов Қазақстандағы байларды тәркілеу саясатын жүргізу барысында заңсыздықтарға жол берілгендігін, тіпті қылмыстық іс-әрекеттердің орын алғандығы туралы шындықты жоғары билік органдарынан жасырмағанын баяндайды. Тіпті, 1929 жылы 3 қазандағы ҚОАК-не берген ақпаратында оны тоқтату қажеттігін жеткізген екен.

Әйел тағдырына алаңдаған

Жанайдар Сәдуақасов – қазақ тілін ресми іс жүргізу үрдісін енгізуге талпынған тұлғалардың бірі. 1932-1933 жылдары халық аштық пен жұқпалы аурулардан қырыла бастағанда туған еліне жәрдемдесуге алғашқылардың бірі болып ұмтылған да өзі. Ол әйелдердің құқығы мен азаттығына көп көңіл бөлген.

«Жанайдар Сәдуақасовтың тәркіленген малды немесе салынған айыппұлды қазақ әйелдерінің тұрмысын жақсарту қорына аудару туралы шешімі әйелдердің қоғамдағы ролін арттыруға ықпал етеді. Сот ісін қазақ тілінде жүргізу және қазақ тілінде қызмет көрсететін учаскелердің санын арттыру сияқты маңызды мәселелерге де баса назар аударады. Мәселен, мұрағат мәліметтеріне сүйенсек, халық соттарында қазақ тілінде жүргізілген істер 1928 жылы 67,7% құрағанына көз жеткізуге болады.

Ол Республика прокуроры қызметін атқарған тұста әділет, сот, прокуратура саласында жұмыс істейтін әйелдердің, әсіресе қазақ әйелдерінің санын арттыруға күш салады. Тұрмыстық қылмыс түрлері бойынша салынған айыппұлдарды және тәркіленген қалың малдарды қазақ әйелінің тұрмысын жақсарту қорына аудару арқылы барша қазақ әйелдерінің азаттығы мен бостандығын қамтамасыз етуге қам жасайды. Халық соттарының жұмысын дамыту, қызметкерлердің ұлттық құрамын қазақтармен жасақтау, сот істерін қазақ тілінде жүргізу жұмыстарын жүзеге асырып, соттағы өндірісті жеңілдету және жеделдету, оңтайландыруды жоспарлап, ол туралы нұсқаулар әзірлейді.

Тек заңдылықты нығайтып, заң кадрларын дайындап қана қоймай, бұқара халықтың құқықтық сауатын ашуға да баса назар аударып, әсіресе ауылдық жерлердегі халықпен жұмыста біршама нәтижелерге қол жеткізеді. Қазақ халқы мен заң саласындағы қызметкерлердің ана тіліндегі құқықтық әдебиеттермен қамтамасыз ету мәселелесін көтеріп, халықтың құқықтық білімін арттыру жұмыстарын жүргізген» деп қорытындылайды ғалым Перизат Сәдуақас.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button