Қоғам

ТІРІ СӨЗДІ ТІРЕК ЕТКЕН



Бірде түсіме Дүкенбай аға кірді. Жарқырап киініп алған. Үстінде қаракөк костюм-шалбар, мойнында қызылгүлді галстук. Қолында бүйірі бұлтиған қара сөмкесі. Тура өңімдегідей тіл қатып: «Азамат, журнал не болды, жарық көріп жатыр ма?» деп сұрап қояды. Ұйқылы-ояумын. «Ағам о дүниелік болып кетіп еді ғой, оған журнал неге керек екен?» деп ойлап жатып, шошып оянып кеттім. Содан таңға дейін көзім ілінбеді. Ағамның әлгі бейнесі көз алдымда тұрып алды.

Дүкенбай Досжан ағамен біздің жолымыз республикалық «Мәдени мұра» деген журналда түйісіп еді. 2008 жылы осы басылымға жұмысқа тұрдым. Екі айда бір шығады. Күйіп-жанып бара жатқан жұмыс жоқ. Музей ісін насихаттауға арналғандықтан, жер-жердегі мұражай мамандарынан ма­қа­лалар ағылып жатады. Со­лардың арасынан іріктеп, жөн­демге келеді-ау дегендерді жа­риялаймыз. Ұжымы да ша­ғын. Президенттік мәдениет орталығына бағынады. Сондай бір қазақы мекеме болған. Белгілі ақын, марқұм Қайрат Жұмағалиев деген ағамыз да осында істейді. Жасы үлкен кісі. Жұмысқа күнде келмейді. Бір айда екі-үш рет бас сұғады. Әңгіменің майын тамызып айтады. Мен келерден бір ай бұрын Алматыдан ақын Ауыт Мұқибек те журналға ауысып келген.

Әуелде Дүкенбай аға оны онша жақтыра қоймады. Ол – ақын. Сезімнің адамы. Көбелек секілді ұшып-қонып жүреді. Құйрық басып бір орында отырмайды. Онысы табандап жұмыс істейтін бас редакторға ұнаған жоқ. Бәріміз даңғарадай кең кабинетте отырамыз. Дүкенбай аға қағаз жазып отырып, көзінің астымен Ауытты бағып отырады. Барлығымызда компьютер бар. Ауытта ғана жоқ. Содан ол басшылықтан ескі бір компьютер сұрап алды. Енді ол күн ұзақ жерден дән терген сауысқан секілді соған өлеңдерін жазып, тоқылдатады да отырады. Соны көрген Дүкенбай аға: «Айналайын, Ауытжан, көп жұмыс істеме, ауырып қаласың. Кішкене далаға шығып, серуендеп кел!» деп кекетіп қояды. Бірде Алматыдан көрнекті ақын Тұманбай Молдағалиев келіп, Ауыт сол кісіге жол көрсетуші болу үшін жұмыстан сұранып кетті. Тұманбай аға Мәдениет және ақпарат министрлігіне барады.

Ол кезде министр – Мұхтар Құл-Мұхаммед ағамыз. Ақын министрге кіріп кетеді де, Ауыт қабылдау бөлмесінде күтіп отырады. Дәл сол кезде министрге кіру үшін әлдебір шаруасымен Дүкенбай ағам да барады. Сопайып тұрған Ауытты көреді. «Не істеп отырсың?» деп сұрайды. Оның да беті бүлк етпей: «Министрдің қабылдауына жазылып едім, сол шақырды» деп үнсіз тұра береді. Ағам кілт айналып, кабинеттен шығып кетеді. Жұмысқа келді. Қып-қызыл болып кеткен. Мені ша­қырып алды. «Министрліктен Ауытты көрдім. Мұхтарға кірем дейді. Өзі тыныш жүр ме?» деп сұрады. «Иә, аға» деп едім, көңілі жайланып, күліп жіберді. Ағамның сондай-сондай қызық мінездері көп еді.

Қаламгер өзінің «Жазмыштың жазуы» естелігінде: «Тұнжы­раған, мұңайған кісіні көрсем, сыр тартып, жан әлеміне үңілгім келеді» деп жазатыны бар. Осы сөйлемді оқығанда, көз алдымда Дүкенбай ағамның өз бейнесі тұрады. Ол кісі үнемі тұнжырап, өз ішіне өзі үңіліп, томаға-тұйық, әрдайым ойлы кейіпте жүреді. Көп шешіле бермейді, көп сыры бүркеулі ме деп қаласыз. Іштей өз ойымен өзі алысып жүретін тұйықтау кісі еді. Өмірден көрген-түйгені, тоқығаны теңіз. Бар арманы – көкейінде қоздаған суретті ақ қағазға түсірсем дейді. Ешқашан жазудан бас алып көрген емес. Қашан көрсең қағазға, кітапқа еңсесін салып үңіліп отырғаны.

Мен ол кісімен әріптес емес, баласындай болдым. Оңашада әдебиет туралы ақтарылып сөйлесетін едік. Әсіресе, Тәкен Әлімқұлов, Бердібек Соқпақбаев, Мұқағали Мақатаев туралы тамылжытып айтатын. Өзінің жазып жүрген шығармалары жайында жұқалап қана әңгімелейтін. Өмірінің ақырғы жылдарында жазылған көркем дүниелерін қолжазбасынан оқыдым. Жазуы өте әдемі болатын. Бейнелі сөзді ерекше кие тұтып, «Қара сөз түзеген сайын құлпыра береді» деген тәмсілді жиі қолданатын.

Ол кісі кез келген мақаланы өңдеген кезде бәйге атының бапкеріндей – жалын тарап, сауырын сипап, үкілеген сәйгүліктей жұтындырып жібереді. Тірі сөзді дөп табады, ешкімге ұқсамайтын сөйлем ырғағымен жазады. Мақаланы қалай, қай сөзден бастап кетуді сол кісіден үйрендім. Біраз қолжазбасын үлгі есебінде сақтап жүрмін. Ол кісі маған үлкен университет болды.
***
Көрнекті қаламгердің шығар­маларын бала күнімнен оқып өстім. Әсіресе, жазушының оқыған сәттен қант қиығындай еріп жүре беретін әңгімелері қандай керемет! Мәселен, «Ергежейлі» әңгімесін алайық. Бас кейіпкері құдды біздің ауылдағы Жылқыбай ағама ұқсайды. Оның таудан тас домалатқандай алдыр-салдыр мінезіне бала біткен «жынды» деп күлетінбіз. Дүйім бала сыртынан сықылықтап, мазақ қыламыз. Ол болса маңайында қаулаған қиқар сөзді елең қыл­май, өз білгенімен мәз болып, өзінше өмір сүріп, жүріп жатады. Ептеп өлең жазады.

Онысын ешкім көңіл бөліп оқымайды. Сөз зергерінің Яғымусы сай­қымазақ балалардың тілінде «жағымсыз» аталып кет­кен кейіпкері еш қалыпқа сый­майтын, өз басымен өзі алысып жүрген әпенде мінезі көңілімді қатты толқытты. Әлгі әңгімені оқығаннан кейін әдебиетке құштарлығым оянды. Жазушы болсам деп армандай бастадым. Кейін Жылқыбай ағамның жүріс-тұрысына жаным ашитын кепке түстім. Сөз саптасы, қалыпқа сыймайтын бейнесі көз алдымнан еш жуылмай қойды. Бірде ашық-шашық, келесіде томаға-тұйық жүрісі кісі күлерлік әрі ерсі, әрі оғаш.

Аузындағысын бөтенге жырып бергендей ақкөңіл, алаңсыз, артында зілі жоқ. Ергежейлі Яғымус – бұрын ұшыраспаған тосын бейне, тың образ. Құйтақандай, кішкентай кейіпкерін жазушы жанды қуыршақша шырқ үйіріп сөйлете білген. Жан сарайын аралап көрсеңіз, жүрегіңіз сыздайды. Жүрегіңді кермек мұң кеулеп, тұнжырай түсесің, әлем-тапырық күй кешесің. Яғымустың жалғыздық дертін өзің де бастан кешкендей боласың. Сөз, сөйлем баланың ойымен өріліп, әрқилы әсерге бөлеп, бесіктегі сәбише тер­бетеді. Жүрекке қоңыр мұң ұялайды.

Қазақ әдебиетінің асыл қазы­насына айналған жазушының әсерлі әңгімелері көп. «Шортанбай», «Қымыз», «Арыстанды-Қарабастың желі», «Терезенің жарығы», «Жігіттің бір жұрты», «Көкпар», «Қыдырдың құбылысы», «Қызылқұмның желі не деп жылайды?», «Құмда қалған кемелер», «Адамға қанша қуаныш қажет?» секілді тірі сөздің жауһар түзілімі, ою-өрнегі кілем түгіндей клас­си­калық әңгімелерін оқып, пайы­мыңыз кеңейіп, қиялыңыз қанаттана түседі, ортайған ойыңыз толады.

Қаламгердің көркемдік жо­лындағы ізденісі прозаның үлкен жанрларында қапысыз танылды. Қаламынан «Жі­бек жолы», «Дария», «Табалды­рығыңа табын», «Зауал», «Мұхтар жолы», «Алыптың азабы» сынды қалың роман, «Жолбарыстың сүрлеуі», «Тіле­гімді бере гөр», «Күміс керуен», «Сексеуіл шоғының қызуы» секілді бір тыныспен оқылатын хикаяттар туды. Тұнық, мөлдір тіл бояуы, сөз суреті, меңзеу мен тұспал мұхиты, қайталанбас көрініс гобелені қиялды қау­зап, көзді арбайды.

Тауға шық­қандай биіктейсің.Әдебиеттің басты эталоны – тіл. Жазушының қай-қай шығармасы айшықты көркем тілмен көмкерілген. Таңғы самалдай есіп, жаныңа жел боп тиіп, лықси төгіледі. Баяғы Төлеген Момбековтің шертпе күйінің әсеріндей айтып болмас қоңыр мұңға шомасыз. Көрнекті суреткер өз өмірінде 11 роман, 22 повесть пен хикаят, 100-ден аса әңгіме жазды. Оның шығармалары әлемнің 19 тілінде жеке кітап болып жарық көрген.

***
Бірде әңгіме арасында: «Өмірімде аяғымнан шалған, түрлі дақпырт таратқан жау­ларым көп болды. Соларды жеңу үшін ұзақ ғұмыр кешуім қажет. Кезінде Әзілхан Нұршайықовты өз замандастары жазушы деп мойындамады. Солардың бәрі өмірден өтті. Бүгінде Әзағаңнан қадірлі ешкім жоқ» деп сыр тарқатқан еді. Мен де Дүкенбай Досжан ағаны ұзақ ғұмыр кешетіндей көруші едім.

Әкесі 87 жасында, анасы 101 жасында дүниеден озыпты. Жазушы да тоқсанға табандап барады деп ойлайтынмын. Алайда өмірде адамның дегені бола ма? Тура 71 жасқа толған шағында өмірден өтті. Биыл Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақтың қабырғалы жазушысы тірі болса, 75 жасқа толар еді…

Азамат  ЕСЕНЖОЛ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button