Елорда тынысы

70-тен аса көше жөнделеді



Биыл Астанада 70-тен аса көшеде жол жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек мәлім етті. Елорда басшысы жуырда Кирпичный және Өндіріс елді мекендерінің тұрғындарымен жүздесіп, жүйелі мәселе­лерді ашық талқылады.

«Тұрғындармен жергілікті орындарда – елді мекендерде, аудандарда тұрақты түрде кездесу өткіземін. Кирпичный және Өндіріс елді мекендерінің тұрғындарымен осыған дейін жоспарланған істің қалай жүзеге асырылатынын, сондай-ақ келер жылдың кестесіне енгізілетін жүйелі проблемаларды талқыладық. Маңызды мәселелердің бірі – тозығы жеткен, апатты тұрғын үйлерді бұзу. Мәселен, Байқоңыр ауданын алсақ, мұнда, негізінен, Чехов көшесі (3, 1), Биші Қайың (Күлтегін), Асан қайғы, Сырдария, Лермонтов және тағы басқа көшелердің бойындағы үйлерге қатыс­ты мәселелер көтеріледі. Бұл үйлер бұзылатын үйлердің тізімінде бар. Мәселен, алдағы үш жылда апатты үйлердің тұрғындары үшін 2,5 мыңнан 3 мыңға дейін пәтер салуды жоспарлап отырмыз. Сол сияқты Кирпичный елді мекенінде №12 мектеп апатты деп танылған. Тиісінше, осыған дейін ол бұзылған, қазір оның орнына жаңасы салынып жатыр» деп жазды Ж.Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында.

Сонымен қатар, әкім тұрғындармен кездесуде аталған елді мекендердегі инженерлік желілер, жолдар, аулалар мен қоғамдық орындарды абаттандыру, автобус тапшылығы секілді мәселелер көтерілгенін жеткізді.

«Биыл қала бойынша 70-тен астам көшені (ағымдағы жөндеу – 300 көше) жол жұмысымен қамтуды, 165-тен астам аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандыруды жоспарлап отырмыз. Аталған жұмыстың бір бөлігі орындалды. Автобустар бойынша биыл 400 автобус сатып аламыз. Оның 70-і жеткізілді, тағы 70-і шілде айында келеді. Проблемалардың шешілуін бақылауда ұстаймыз. Олар бойынша кесте әзірлейміз» деп түсіндіріп берді әкім.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button