Жаңалықтар

Абай әніне вальс биледі



Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық даму істері басқармасының ұйымдастыруымен елордадағы «Ritz Carlton» қонақүйінде «Бір әлем – бір өмір» атты халықаралық жастар балы өтті.Салтанатты кешті ашқан елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен барлық дебютантты құттықтады.
– Елорда әкімдігі Жастар жылында 136 жоба аясында 600-ден аса іс-шара өткізді. Солардың бірі – бүгінгі бал. Бұл шараның мақсаты – әртүрлі ұлттардың мәдениеті және өнері арқылы бір-біріне деген құрметтерін, сүйіспеншіліктерін арттыру, олардың тұлға ретінде рухани кемелденулеріне ықпал ету, заманауи, жаңашыл, шығармашыл, қайырымды, адамгершілік қасиеті жоғары жаһан жастарының ортасын қалыптастыру, жігерлі жастардың бас қосулары арқылы жаһандық мәселелердің бүгінгі жай-күйіне үндеу жасау, нәтижелі қайырымдылық шараларын жүзеге асыру, игі шаралардың санын арттыру, – деп атап өтті қала әкімінің орынбасары.
Жиынға қазақстандық қыз-жігіттермен қоса Ресей, Қытай, Нигерия, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Украина, Индонезия, Венесуэла елдерінен келген жалпы саны 100 дебютант қатысты. Олар «Полонез», «Жастар биі», «Әлем халықтарының биінен» басқа Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай ұлы хакімнің «Көзімнің қарасы» әніне дөңгелене вальс биледі.
«Бұл – менің Нұр-Сұлтанға алғаш келуім. Ыстық жерден екеніме қарамастан, жергілікті климат та, халық та ұнап жатыр. Биге бір апта бойы дайындалдым. Бұл кеште тәжікстандық қызбен бірге өнер көрсетемін» дейді венесуэлалық қатысушы Давид Гомес Родригез. Қырғызстандық жұп ­Қаныкей Мамасейітова мен ­Нұржігіт Самарбекұлы да бүгінгі іс-шараға үлкен әзірлікпен келген екен. «Біраз уақыт бұрын балға қатысуға өтініш берген болатынбыз. Іріктеуден өткенімізді естігенде қуанышымызда шек болмады» деп ағынан жарылды олар.
Дебютанттар балға даярлық барысында қайырымдылық жұмыстарымен де айналысқан. Атап айтсақ, жастар астанадағы Қарттар үйі мен балалар үйінде рухани кеш ұйымдас­тырып, «Жүректен жүрекке» акциясы аясында әлеуметтік жағдайы төмен 100 отбасыға материалдық көмек көрсеткен.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button