Руханият

Абайдың қара сөздері – өмір сүру қағидасы



(Жалғасы. Басы газетіміздің №85, 86, 90-91 сандарында )

Он тоғызыншы сөздің астары

Қазақ халқының «есті адам» дейтін сөз тіркесі бар еді. Сол сөз тіркесінің мән-мағынасына біз Абайдың он тоғызыншы сөзін оқығаннан кейін зейін қоя бастадық.
Абай адам пенделері тіршілікте болып жатқан жақсы нәрселерді ескеріп жүрсе, жаман нәрселерден сақтанып жүрсе, оқыса, тоқыса, білгені көп болады, білімді адам болады дейді.
«Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» дейді Абай.
Естігендерінен, көргендерінен өзіне пайдалы ештеңе ала алмайтын болса, шыға беріп қайта қалпына келетін болса, Абай ондай кісілерден қатты торығады.
«Осындай сөз танымайтұғын елге сөз айтқанша, өзіңді танитұғын шошқаны баққан жақсы деп бір хаким айтқан екен, сол секілді сөз болады» депті Абай.
Біздің ойымызша, Абайдың бір хаким деп отырғаны өзі болса керек.
Әйтпесе әлгі шошқа бағу туралы мысал сөзді біз басқалар еңбегінен кездестіре қоймаппыз.

Жиырмасыншы сөздің астары

Жиырмасыншы сөз адам бойын­да кездесер аса бір қауіпті, аса бір жағымсыз қасиетті талдауға арналған. Ол қасиет аты – жалығу.
…Тамақтан да, ойыннан да, күлкіден де, мақтаннан да, кербездіктен де, тойдан да, топтан да, қатыннан да көңіл аз ба, көп пе жалығады… Бұл сөзді Абай айтып отыр. Бірақ жалығудың өзі ақыл мен ойдың жемісі екенін ескертіп қояды.
Бұл сөзін Абай: «Бұлай болғанда ақымақтық, қайғысыздық та бір ғанибет (арабша олжа, табыс) екен деп ойлаймын» деп қорытындылап, оқушыларына бастаған ойын аяқтап тастауға қалдырады.
Абай санап өткен адам басында кездесіп жататын, жоғарыда саналып шыққан оқиғалар ақылы жеткен адамды аз ба, көп пе жалықтырады екен.
Абайдың бұл арада жазбай кеткен біраз ойы бар секілді.
Ақылды адам өмірді біраз қызықтағаннан кейін ойланбай ма?
Мен неге сонша ойнап кеттім, неге орынсыз күлкіге, мақтанға құмарланып алдым? Маған кербезденген күндерім не берді?..
Өз қылығына, өз ісіне күндердің күнінде өзі разы болмаған ақылды адам міндетті түрде дұрыс жолға түсер болар. Ал егерде ол өзгермесе, онда ол Абай айтқан ақымақтық пен қайғысыздықтың рахатын көріп жүргендердің бірі болмақ.

Жиырма бірінші сөздің астары

Абай өзінің жиырма бірінші сөзін адам пенделерінің бойында кездесетін «мақтан» сезіміне арнапты.
Мақтан сезімін екі түрге бөліп, бірін үлкендік мақтаныш десе, екіншісін мақтаншақтық деп атайды.
Сонда Абайша үлкендік деген не?
Үлкендік – адам ішінен өзін өзі бағалы есеп қылмақ.
Біздер Абай ойлағандай үлкендік дәрежеге жету үшін ауық-ауық өзімізге өзіміз есеп беріп отыруымыз керек екен. Істеген істерімізге, сөйлеген сөздерімізге баға беріп отыруымыз керек екен. Абай бұл ойды тағы бір сөзінде келтірген болатын. Бұндай адамдардың мақсаты өзіне жаман атақ тағылмауын қамтамасыз ету.
…Яғни, надан атанбастығын, мақтаншақ атанбастығын, әдепсіз, арсыз, байлаусыз, пайдасыз, сұрамшақ, өсекші, өтірікші, алдамшы, кеселді – осындай жарамсыз қылықтардан сақтанып, сол мінездерді бойына қорлық біліп, өзін ондайлардан зор есептемек…
Өзін ондайлардан үлкен есептемек. Бұл мінез – ақылдылардың, арлылардың, артықтардың мінезі екенін баса көрсетеді.
Абай мақтаншақтар туралы ерекше түсінік береді. Оларды үш түрге бөліп: алғашқы саты ағайын ішінде атақты болғысы келетіндердің өзін-өзі мақтап жетпек болатынын, екінші сатысы ел ішінде мақталсам дейтіндер ағайын арасында мақтау іздейтінін, айтып жүрсін деп әдейі ұйымдастырарын, ал жатқа мақталғысы келетіндердің ел көзіне түсуге тырысарын әңгіме етеді.
Өзін-өзі мақтап, болмағанды бойы­на таңып отыратындарды Абай наданның наданы, ләкин өзі адам емес деп бағасын береді.
Данышпан атамыздың осы ойы тым қатал емес пе екен?
Өйткені өзін-өзі мақтап отырғандар мен өзін біреуге мақтатып отыратындар тек қана биліктілер мен барлардың сүйікті ісі емес, адам баласының көпшілігі құмар қасиет секілді көрінеді бізге.

Жиырма екінші сөздің астары

Біздің ойымызша, осы сөз Абайдың жалпы адам пенделерінің іс-әрекеттерін, пейіл-ниеттерін, санасы мен сапасын мұқият ой елегінен өткізіп барып түйіндеген ойы секілді. Адам адамдар қоғамында жүргесін қалай болғанда да бір кісімен, не ойлары бір бағыттағы қоғаммен ниеттес болуы, соларды қорғауы, соларға тілектес болуы заңды нәрсе. Адам солай жаратылған. Абай өз заманынан, қоғамынан дұрыс адамды іздеген. Солардың қайсылары қадірлеуге лайықты, жақсы көруге тұрады деген мәселені шешпекке тырысады. Содан соң байлар мен мырзаларға, болыстар мен билерге, кедейлер мен ғарыптарға мінездеме жазып, олардың іс-әрекеттерін сипаттап шығады. Абай бұларға тілектес бола алмайды.
Көпшілігіміз неге жарлылар мен ғарыптарға тілекші болмасқа деріміз сөзсіз. Абай: «Ғарып-ғасар бейшараны құрметтейін десең, жатқан түйеге міне алмаса да, ол момындыққа есеп емес. Егер мінерлік жайы болса, бірдемені ептеп ілерлік те жай бар» деп оларға сенімсіздік білдіріпті.
«Ырыс баққан дау бақпас» деген мақалменен боламын деп… момын байларды аямасаң һәм соның тілеуін тілемесең болмайды. Сонан басқаны таба алмадым» деп қорытындылайды. Біз момын бай деген сөзді өзінің адал еңбегімен дәулет құрап, бай атағын алғандарды айтып отыр дейміз.
Абай бұл сөзінде жарлыдан көрі момын бай «дұрыс адам» моделіне (өзінің көкейіндегі) келіңкірейді дейтін секілді.
Абай түсінігінде кедейлік – кедейдің өз жалқаулығынан, өз талапсыз­дығынан, өз надандығынан.
Момын байдың дәулеті адал еңбектен құралған. Абай осы сөзін адал еңбекті марапаттау үшін жазған секілді.
Біреу Абайды байшыл дейді, біреу кедейшіл дейді.
Абай байшыл да емес, кедейшіл де емес.
Ол адамдардың (қазақтардың) адал еңбекке құмар болуын, кісілік қасиетті бойына жинауын, талапқа құмар болуын тілейді.
Абайға момын бай талапсыз жарлыдан әлдеқайда жақын.

Жиырма үшінші сөздің астары

Бұл сөзбен Абай адамның қуаныш пен жұбаныш сезімдерін әңгіме ету арқылы «тоқмейілсу» деген тоқырауға түсіп қалмауды, оның жарамсыз қылық екенін, тоқмейілсіген адам ілгері ұмтылуды тоқтататынын түсіндіргісі келген секілді.
Қуаныш пен жұбаныш Абайдың өз басына да тән құбылыс екен.
Мысалға Тұрағұл естелігінде Абай: «Құдая, бергеніңе тәуба, мен мұсылман екенмін. Егер осы Есіркеп Тәкежанның қасында отырып, түйе сұратып жіберсе, бермей жібере алмас еді. Бұл түйе бермегеніме Абай ашуланып ештеңе етпейді деп, менің жұмсақ мінезіме сеніп бермей отыр деп қуанып қалды»… (Жүрегімнің түбіне терең бойла. Алматы «Жазушы», 1995. 24 бет).
Есіркеп өзіне түйе бермей жіберсе, оған Абай қуанады, жұбанады.
Бәленшеден ілгері болдық, түгеншеден оздық делінетін қуаныштардың пайдалы нәрсе емес екенін ескерте келіп Абай: «…Оған Құдай тағала айтып па, көптен қалмасаң болды деп…» дейді.
Абай бірелерден емес бәрінен озық болуға шақырады.
«…Жақсыға салысып жақсы болады-дағы. Жүз ат бәйгеге қосылса, мен бәйге алдым деген сөз болса, алдыңда неше ат бар деп сұрар, артыңда неше ат бар еді деп сұрағанның несі сөз? Мен бес аттан, он аттан ілгері едім дегеннің несі қуаныш?».
Абайдың өз сөзін оқитын ұрпақтарына айтпағы – осы.
…Қатардан қалмау көппен көрген ұлы той… деп жұбануды Абай ел үшін кемшілік қасиетке санайды.
Кейбір желсөзділер жақсы ойлы айтылған сөздерге қазақтың жеңіл астарлы сөздерін пайдаланып, арзан күлкі иелерін күлкіге батырса болды, шешенсініп, білгірсініп бір сәтке жұрт назарын өзіне аударғанына бола қуаныш пен жұбаныш тауып жатады.
«Аузың сасық екен, тазаласашы» деген қалыңдығына бір жаман күйеу «тұқымымызбен аузымыз сасық болушы еді» деп, тек қана өзінің емес, тұқымының да келісіп тұрмағанын паш етеді. Масқара етеді. Соны бір ақымақ елге әңгіме етіп айтады, соған мың ақымақ күледі.
Абай: «…Тұқымымызбен аузымыз сасық болушы еді деген жаман күйеу қалыңдығын жеңіп пе? Көңілін сол сөзі разы қылуға жетіп пе? Ендеше көбіңнен қалма, сен де аузыңды сасыта бер деп пе?» деп ызаланады.
Төмендегі сөздерді Абай жаны қинала, әлгі жаман күйеудің надандығын сезе, аузының сасығын жұта отырып жазған болар деп ойлаймыз…
…Ғылым көпке келіп пе? Бір­еу­ден тарап па? Хикмет (даналық, ақылдылық, ойшыл) көптен тарай ма? Бірден тарай ма? Жер білмеген көп адам адасып жүрсе, бір жер білетін кісінің керегі жоқ па екен?.. Жұт келсе, елдің бәрінің түгел жұтағаны жақсы ма?..

Жиырма төртінші сөздің астары

Абай заманында жер бетіндегі әрбір мың адамның бірі қазақ екен. Біздің заманымызда жер бетіндегі әрбір үш жүз адамның бірі қазақ.
Абай сол заманда кейбір елдерде үш миллион халық тұратын қалалар бар, дүниені үш айналып көріп, танысып шыққан адамдар бар. Қазақ сол дәрежеге жете алар ма екен деп уайым етеді. Қазақтар қашан өнер мен малды түзден түзу жолмен іздейтін күнді арман етеді.
Әй, не болсын!.. Жүз қараға екі жүз кісі сұғын қадап жүр ғой, бірін-бірі құртпай, құрымай тыныш таба ма?
Абай бұл сөзінде өз замандастарының бірін-бірі күндеуі, аңдысуы, жауласуы, ұрласуы жер жүзіндегі жұрттың қоры болғандықтан, істеп отырсыңдар деп ширықтырады. Абай әлгіндей адамдардың басқа елдерде де барын, олардың да елдеріне жақпас әрекеттері бар екенін білмеді деймісің? Бұрын да бір рет айтқанбыз, тағы бір қайталайық, «дос жылатып айтадының» дәл өзі.
Жеңіл ойлайтын кейбір қазақтар, әсіресе, шетелдерде оқып, шетел азаматтарымен көбірек араласатындар Абай әлемге қазақты жаман етіп танытты деп ренжиді.
Олар Абай ойларын толық өз болмысына сіңіруге тырыспай, Абайдың қазақ халқының ары мен зарының жоқтаушысы екенін мойындай алмай қара сөздердің әріптеріне мән беріп, кәдімгідей тулап жатады.
Осы сөздерді жазарда Абай, алдымен қатты ойланып алған секілді. Жалпы адам баласының жер басып тіршілік етіп жүруі үшін, тіршілікті саналы, сапалы өткізуі үшін адам пенделеріне не керек екенін түгендеп шықпақ болған болар.
Содан кейін екінші сөзінде Абай қазақтарды басқалармен салыс­тырып алады. Кемшілігін көзіне шұқып тұрып көрсетеді. Арына тиеді. Үшінші сөзінде арызшылсың деп бетін қызартса, төртінші сөзінде күлегешсің деп келемеж етеді. Бесінші сөз қазақтың кейбір мақалдарын сынауға арналса, алтыншы сөз – қазақ жалқауларының еншісі.
Қалған сөздерінде де қазақ халқының мінезі осылай, құлқы осылай деп қатты сынға ала отырып, тұтас саналы адамзат бойын­дағы бар кемшіліктерді теріп шығады.
Барлық сөздерінің арқауындай ортақ түйін бар, тұтас желі бар, ол – қазақтардың (адамдардың) жаны мен тәнінің сұранысы, рухының таза болуы. Абай қазақтардың (адамдардың) арына тие сөйлеп, амалсыз ойландырмақ болған секілді.
Абай сегізінші сөзін ақылды кім үйренеді, насихатты кім тыңдайды деп бастаса, келесі сөзін: «Осы мен өзім – қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді…» деп оқушысын өзіне қаратып алады. Содан кейін Абай өз қандастарының қылығынан түңілген, өмірден баз кешкен адам ойын айтады. Тіпті «артқа алаң болмай өлуге» деуге дейін барады.
Абай өлеңдерін де, қара сөздерін де арттағы ұрпақтарына үлгі үшін жазған. Ол өз басының пенделік сұранысын емес, ұлы жаратылыс жаратқан ұлы пенделерде ғана болатын адамдық борышын өтеген.
Әйтпесе, Абай өле-өлгенінше тіршілік шаруасынан баз кешкен жоқ. Оқу керектігін, басқа елдерден үйрену керектігін тек қана айтып қойған жоқ, іске де асырды. Шәкәрімнің сол мақсатқа өмірін арнауын міндет етті.
Оныншы сөз адамдарға бала мен мал не үшін қажет деген ойға жетелейді. Он бірінші сөзде ұры мен бұзақыны сөз етеді. Он екінші, он үшінші сөздер ғибадат пен иман туралы. Он төртінші сөз кімді жүректі, батыр деп тануға болатындығы туралы нұсқау секілді.
Келесі сөздерде ақылды кісі мен ақылсыз кісі туралы ойланып, Құдайға құлшылық етудегі салғырт­тық туралы да ескерту жасайды.
Он жетінші сөз мысал арқылы өмірді қалай сүруге болатындығы туралы ереже.
Он сегізінші сөзде кербездік туралы әңгіме етілсе, он тоғызыншыда – адам есі, жиырмасыншыда – ойсыздық, жиырма біріншіде – мақтан, жиырма екіншіде – кісі қадірі, жиырма үшіншіде – қуаныш пен жұбаныш сезімдері туралы әңгіме етіледі.
Барлығын бірдей тізіп көрсетпей-ақ қоялық, өрмектің жүзін аударды қалғанын қажет етсе оқушы өзі қарап шығар. Қайталап айталық, Абай осы қара сөздері арқылы «қазақ» дей отырып, бүкіл адамзат қажетін өтерліктей, олардың жаны мен тәнін риза етерліктей, рухын асқақтатарлықтай дәрежеге жеткізген. Тек қана әрпіне қарап ызасыз оқу қажеттігін, терең ойды, мұхит түбінде жатқан маржандарды көре білу қажет секілді. Әрине, барлық оқушы олай бола алмас. Болмаса қайтеміз. Абайдың өзі айтқандай, өз сөзі өзінікі.
Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.

Досыңа достық – қарыз іс,
Дұшпаныңа әділ бол.

Жиырма бесінші сөздің астары

Бұл еңбегінде Абай тағы да бір рет адамдарға мал табу қажеттігін (еңбек ету қажеттігін), малдың аздығы (ақша мен ішіп-жемнің, мал мен дүниенің) адам баласының бойындағы барлық жаман қасиеттердің оянуына септігін тигізетіндігін баса көрсетеді.
Мал тап. Малыңды балаңның өнер, ғылым үйренуіне жұмса дейді.
…Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма! Әйтпесе, бір ит қазақ болып қалған соң, саған рахат көрсете ме, өзі рахат көре ме, я жұртқа рахат көрсете ме?
Кісіліктің, адам атанудың стандарты, бағдарламасы. Бұдан тұжырымды етіп ешкім де айта алмас.
Бұл сөзінде де Абай қазақтың арына тиіп, «бір ит қазақ» деген сөзді қыстырып та қояды.
Әлемдік азамат болу үшін, толық адам дәрежесіне жету үшін шетел тілін білу қажеттігін, озық елдердің өнері мен үлгісін үйрену қажеттігін түсіндіре білген.
Білімді кісі білімнің тек қана өз басына емес, ел бақытын ашатындай білім болуын армандайды. «Баламды медресеге біл деп бердім» деп бала білімінің ел пайдасына, халық қамына жарар ма екен деген үміт те болады.
Білім алғанда, өнер үйренгенде: «…Біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек» деп ақыл айтады.
Бұл сөздегі Абай тұжырымдары сол кезде елге өте қажет ақыл болатын.
Әйтпесе, байларға өкімет балаңды оқыт деп салық салғанда, баласын «аяп» орнына кедей баласын орыс оқуына жіберіп қорлағандай болған надандық заманда Абайдың бұл сөздері нағыз елді ел етер ақыл болатын.
Кім білген, біраз сол заманда оқу, білім алғандар бастауы осы сөзден нәр алып жатпағанына?
Алаш азаматтарының сол заманда Абайды қазақтың бас ақыны деп мойындауына әсер етіп жатпасына кім кепіл?

Жиырма алтыншы сөздің астары

Жиырма алтыншы сөз оқушыларына озып келген жылқының шабысы үшін тымағын аспанға лақтырып мақтану, жығылып қалған жігіттің айласы аздығы үшін жерге кірердей намыстанып, кіріп кетер жер тесігін іздейтіндей намыстану надандық пен ақымақтықтың әсері деген түсінік туғызады.
Ау, ағайын! Озып жатқан да, жығып жатқан да бір қазақтың аты мен жігіті емес пе!
Абай осындай түсінікті сағынады.
Өз жұртыңнан жау іздеме, өз ауылыңнан дау іздеме деген қағиданы алға тұтады. Сол қағида пайдасын жұрт арасынан таба алмаған кезде Абай: «Мұның бәрі – қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ, биттей нәрсені бір үлкен іс қылған кісідей қуанған болып, ана өзгелерді ызаландырсам екен демек. Біреуді ызаландырмақ – шариғатта харам, шаруаға залал, ақылға теріс. Әншейін біреуді ыза қылмақтың несін дәулет біліп қуанады екен?» деп таңғалады.
Абай солай дейді.
Осыларын айтсаң ел де «рас, рас» дейтін көрінеді.
Бірақ ақылы арқылы сана сүзгісінен өткізер біреуі жоқ және сол істерінің терістігін біле тұра, өкініп те жатпайды.
Абай заманындағы бұл келеңсіздік, тіпті одан да әріректе көпшілік қылығынан орын алған бұл дертті біздің заманымыз жоқ етті деп, біз де мақтана алмайтын секілдіміз.
Біреуді ызаландырмақтың шариғатта харам, шаруаға залал, ақылға теріс екенін бұ заманда білмейтін адам жоқ. Бірақ соны түзетпекке еңбек ету, ел болып қам жасау шаралары жетіспей жатады.
Бұл шаруа мемлекеттік тұрғыда үгіттеліп, шара қолдану арқылы, ұлттық, мемлекеттік рухани ұран етіліп, ұзақ жылдар бойы «баланы бесіктен» дегендей, тәрбие нәтижесімен жетуге болар. Әйтпесе, қай рудың баласы іс басында, сол ауылдың итінің құйрығы жоғары болатындай түсінікпен қазақтар әлі де талай Абайын жылатар, Абай данасын көрінде аунатар.
Демек, бұл істердегі ұлт бойындағы кемшілік қасиеттерді біз жалпы көпшілік санасының төмендігіне аудара салу үрдісіне, сол арқылы өзін ақылды етіп көрсететіндер білгірлігіне қосыла алмайтын секілдіміз. Мәселе жеке адамдарда емес, оларға серкелік қызмет етіп жүрген басшыларда деп ойлаймыз. Нөлдерді санға айналдырар, елді бастап жүрген «единица» атты тұлғалар қатесі деп түсінеміз. Солай болар, асылы.
Жүйрік атты сатып алып, тартып алып, ұрлап алып өз ауылының атағынан қоспаса, төбет таласына түрікпеннің алабайын алып келіп, ананың бөрібасарын қанжоса жасамаса, қайта ел ішінен жүйріктерді таңдап, баптап, берісі алты алашқа, арысы әлем жарыстарында жұлқындырса… мүмкін, ел санасы да Абай атаның көз жасын көл етуге итермелемес еді.

Жиырма жетінші сөздің астары

Осы саяхат сапарымызда біз Абай бұл сөзді жазарда не ойлады, осы сөз арқылы елге не айтқысы келді деген сұрақтарға жауап іздеуді оқушылардың өздеріне тапсырғалы отырмыз.
Біз бұл сапарымызды Абайдың өзі туралы аз ғана ой толғауға арнасақ деп отырмыз.
«Абай кім еді?» деп сұрайды біреулер.
«Абай данышпан еді!» деп жауап қайтарады екінші біреулер.
Үшінші біреулер: «Абай ауыл адамы еді. Білігі әлемдік деңгейдегі даналыққа, ой өресі данышпандыққа қалай жетті?» деп сенімсіздік білдіреді.
Біз осы сұрақтарға жауап тауып берерлік Абайдың осы сөзіндегі сөйлемдерінен үзінді келтірелік.
Бір күні Сократ хакім бір Аристодим деген ғалым шәкіртіне:
– Әй, Аристодим, өнерлері себепті адам таңырқауға лайықты адам бар ма? – деді.
– Гомерге бәйітшілігі себепті, Сокофілге трагедиясы себепті, яғни біреудің сыйпатына түспектік, Зевсиске суретшілігі себепті…
Біз осы екі ауыз сөз арқылы Абайдың жер шарын он айналып келерлік білімі болғанына көз жеткізіп отырмыз. Әлгідей сұрақ қойып сенімсіздік білдірушілер Гомер мен Сократ туралы, Арис­тотель мен Ескендір туралы оқыды ма екен, оқымаса, естіді ме екен?
Осыған қоса, біз өз басымыздан өткен бір әңгімені әңгімелеп берсек, о да біздің әлгі сөзімізге септігін тигізуі мүмкін.
Біз бір жолы (біздің «Абай-Шәкәрім» кесенесін тұрғызып жүрген кезіміз болатын) Семей қаласының бір тұрғынымен сөзге келісіп қалдық.
«Қарауылдан қырық қадам ұзап шықпаған Абай, қалайша әлемдік дәрежедегі данышпан бола қалады?» дейді әлгі семейлік.
«Ньютон деген оқымысты жердің тартылу күші туралы заңын шығару үшін, айға барып тәжрибе жасап қайтып па? Данышпанның данышпандығы – сол, көргенінен қорытынды шығарады» дейміз біз.
Абай ауылда өскенмен бүкіл әлемдік қозғалыстар мен жаратылыстар туралы, әлемдік оқиғалар мен оқымыстылар туралы хабардар болған кісі.
Ескі заман ғұламалары туралы ой толғап жүрген Абай, өзінен сәл ілгеріде өткен орыс ғұламаларының бәрін оқыған, біразын аударған.
А.Пушкин, М.Лермонтов, И.Крылов секілді даналарды ерекше құрметтеген.
Шығыс даналарына еліктеп бала күнінен өлеңдер жазған.
Өмірінде орыс көрмей орыс тілін игерген, парсы, араб тілдерін жазба еңбектерінде қолданған, мемлекет басқару, заң пәндерін оқымай-ақ қазақ халқын басқару жөнінде негізгі заң сұлбасын жасауға дейін білімі жеткен…
Тапқырлық, шешендік сөздері қаншама?!
Біз осы саяхатымызды Абайдың бір ауыз сөзімен аяқтағалы отырмыз…
…Бұ кітапханаға түйе кірсе несі бар, бұнда есек те отырыпты ғой…

Жиырма сегізінші сөздің астары

Абай сөздеріне ой жүгірткенде бізді қинаған сөздердің бірі осы жиырма сегізінші сөз болды.
Осы сөзді оқи отырып, біз сүрген өмірімізде талай рет: «Не жазығым бар еді?» деп еңіреген әйелдерді көп көріп едік.
Бір үйден бес адам соғысқа кетіп, әкелері мен балалары түгел қайтпай қалғанды да көргенбіз.
Бір түнде қара орманы өртке шалынып, өрт ішінде қалған балалары мен шешесін құтқара алмай зар жылаған азаматты да құлағымыз шалған.
Ұрлықпен байып, байлықпен мансапты болғандар қаншама…
Жазықсыз жала жабылып, біреудің қылмысы үшін жапа шегіп отыр­ғандар қаншама…
Анасы мен әкесінің ақымақтығынан тұл жетім боп өсіп жатырған бөбектер қаншама…
Осыларды көре жүре, соларға адам жаны ауырғанда өзінен-өзі «Ау, бұл қалай?» деген сұрақ аузыңнан еріксіз жалын болып, атып шығады екен.
Әлде барлық адамдарға көрсетілер жақсылық пен жамандықтың шамасына әлемдегі пенделер бойындағы адамшылық қасиеттердің, жеке адамдардың кісілік пиғылының, бәріміздің табиғатқа, адамдарға деген сүйіспеншілігіміздің шамасы әсер етеді ме екен? Бізде, адамдарда әлгілер тым азайып бара ма?
Содан барып жақсылық жобасы да шектеле ме?
Жауабы жоқ сұрақтардың бірі секілді.
Абай да бұл құбылыстарды адами, діни тілмен түсіндіргісі келмеген секілді. Көптеген табиғи, адами теңсіздіктерді тізіп келіп: «Жақсылық, жамандықты жаратқан – Құдай, бірақ қылдырған Құдай емес, ауруды жаратқан – Құдай, ауыртқан Құдай емес, байлықты, кедейлікті жаратқан – Құдай, бай қылған, кедей қылған Құдай емес деп, нанып ұқсаң болар, әйтпесе жоқ» – депті.
Мүмкін, бұл сұрақты Абайдың:
Ел бұзылса құрады шайтан өрнек,
Періште төменшіктеп, қайғы жемек, – дейтін жолдарынан іздеу қажет пе?
Ел пиғылы бұзылып, көпшілік жаппай шайтан соңына ерген шақта, Абай сөзімен айтқанда, «шайтан өрнек құрған шақта» періштеден күш кетіп, әлгі сыйлықтар (жамандықтар) адамдарға қалай болса солай таратыла бере ме екен?

Жиырма тоғызыншы сөздің астары

Абай осы сөзінде біраз адамдарды, әйтеуір тіршілік ету, әйтеуір ауызға бірдеңе тауып салу жолында жүретіндерді, сол тіршілік, сол жұтқын үшін арсыздыққа дейін баратындарды, өз сөзімен айтқанда, «антұрғандар» атты арсыздарды қатты сынға алады. Антұрғандар қылығын заңдандырып берерлік, арсыздар ісін ақтап берерлік мақалдар шығарып берген аталарына да қатты шүйлігеді.
«Алтын көрсе, періште жолдан таяды» дейді. Періштеден садаға кеткір-ай! Періште алтынды не қылсын, өзінің көрсеқызар сұмдығын қостағалы айтқаны».
Абайдың осы сөзді жазғандағы жан айқайы, ашу-ызасы, мақал шығарған кісіге айтылмай қалған назасы менің көкірегімде сайрап тұрған секілді.
«Ата-анадан мал тәтті, алтынды үйден жан тәтті» деген де мақал бар екен.
Ата-анадан тәтті көретін сол антұрғанның не оңған жаны бар еді. Ата-анасын малға сатпақ болған арсыз-ай» деп жаны қиналады Абайдың.
Ата-ана не жиса да балама қалсын демей ме?
Осындай білместікпен айтылған сөздерге бек сақ болу керек.
Абайдың айтпағы да осы болатын. Атадан қалған сөздің бәрі бағалы деп қателеспеу қажеттігін ескертеді.
Абай туысынан сыншы. Барлық өмірге сын көзімен қараған, сергек жан. Сондықтан амалсыз сықақшы.
Абайдың аудармаларына зер салып қарасақ, ол И.Крылов еңбектерін қазақшалауға көп еңбек еткен.
Абай бір өлеңінде:
Арсыз болмай атақ жоқ,
Алдамшы болмай бақ қайда? – деп кейбір адамдардың атақты болу жолында ар сатуға дейін баратынын, бақ пен тақ жолында алдау мен арбау жасай алатынын ескерткен еді.
Бұрынғы замандарда қазақтың мақал-мәтелдері қазақ адамы үшін қазіргі заман заңының бір тармағы секілді қабылданатын.
Даулы мәселе бойынша айтысып жатқандар дәл уақытын тауып, дер кезінде орнына қойып айта алған өткір сөз, тура мақал, қанатты сөздер дауласушы жағына тосқауыл бола алатын. Абайдың мақалдар мен мәтелдерге ерекше назар бөлуі де сондықтан болар.
Мақалдар мен мәтел сөздерде ерекше қуат бар, өйткені халық даналығы сондай сөздер арқылы түйінделеді.

Сайын НАЗАРБЕКҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері

(Жалғасы бар)


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button