Басты ақпаратЖаңалықтарҚала тіршілігі

АБАТТАН, АСҚАҚ АСТАНА!



Астана қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясында Қоғамдық кеңес пен қалалық кәсіпкерлік палатасы мақұлдаған шаһар аумағын абаттандыру ережелері қабылданды.

Аталмыш ережелермен қалалық Коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Солтамбеков таныстырды.

ҚАР ҚАНША УАҚЫТТА ШЫҒАРЫЛАДЫ?
Оның айтуынша, бұл ережелер абаттандыруға қатысты жеке және заңды тұлғалардың міндеттерін айқындайды. Мұнымен қоса қала тазалығына жауапты ұйым­дардың белгілі бір жағдайларда әрекет ету мерзімдерін белгілейді. Мәселен, күз бен қыс мезгілдерінде аялдамалардан, жаяу жүргінші өткелдерінен, көпірлерден, сауда орталықтары мен базарлардан, бір сөзбен айтқанда, халық көп жиналатын орындардан қар шығару мерзімі оның түсуі басылғаннан кейін бір тәулік ішінде жүзеге асырылуы тиіс. Көшелер мен өтпе жолдардағы, тұрғын үй аулаларында үйілген қар үш тәулік ішінде шығарылуы тиіс.

Ережелерге сәйкес, жеке және заңды тұлғаларға қо­қысты жинау мен шығарумен айналысатын ұйым­дармен келісімшартқа отыру міндеттеліп, қалдық­тарды өздігінен шығару шарттары белгіленді. Сондай-ақ, қауіпті қалдық­тармен жұмыс істейтін мекемелердің жауапкершілігі, құрылыс алаңдары мен учаскелерінің талаптары айқындалды.Тұрғын үйлердің аулаларының, ішкі орамдарының, балалар алаңдары мен жаяу жүргінші жолдарының «жасыл» аймақтарына қызметтік немесе жеке көлікпен кіруге, бұл аймақтарға көлікті қаңтаруға тыйым салынды.

Бұған қоса, диспетчерлік қызмет болмаған жағдайда шлагбаум орнату немесе темір қоршауларды, бетон блоктарын және өзге кедергілерді салу арқылы көліктің жүруін шектеу ұйғарылды. Инженерлік желілерге келсек, мердігерлік ұйымдардың жұмысы кезінде арнайы ескерту белгілерін орналас­тыру міндеттелді. Ғимараттардың үш қабаттық биіктікте орналасқан архитектуралық жарықтандыру элементтері істен шыққанда бір тәулік ішінде, ал үш қабаттан асқан жағдайда 72 сағат ішінде оларды ауыстыру белгіленді.

Абаттандыру ережелерімен танысқан қалалық мәслихат депутаттары баяндамашыға бірнеше сұрақтарды қойды. Мәселен, Гайдар Қасенов қалалық Әділет департаментінің ережелерге қатысты осының алдындағы ескертпелерін еске алды. Қайырлы Тәукен жарықтандыру элементтерін ауыстыруға аз уақыт беріліп отыр­ғандығын, көбінесе арнаулы техника табылмайтындықтан бұл жұмыс созылып кететінін айтты. Бұл сұрақтарға жауап берген Нұрлан Солтамбеков барлық мәселе ескерілгенін жеткізді.

13 МЫҢ БЕЙНЕКАМЕРА ОРНАТЫЛАДЫ
Сессия кезінде қалалық Инвес­тициялар және даму басқарма­сының басшысы Әлішер Әбді­­қадыров бағдарламалық фотобейнетіркеу және бейнеталдау кешенін құру және пайдалану жобасы бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптес­тік міндеттемелерін қабылдау жайынан хабар берді.

Бұл жоба қалада қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қолға алынып отыр. Сол үшін шаһарда алты жыл ішінде 13 мың бейнекамера орнату жоспарланды. Қазір қалада 3 мың бейнекамера жұмыс істеп тұр. Ал алдағы күндері жолдарда орналас­тырылатын 6 мың бейнекамера қаланың барлық қиылыстарын қамтымақ. 4 мың бейнекамера халық көп жиналатын жерлерде орнатылады. Олардың бәрі «Нұрсая-2» тұрғын үй кешенінде орналасқан талдау орталығынан бақыланады.

«Бұл бейнекамералар көліктердің нөмірін, жылдамдығын тіркеп, жол ережелерін бұзу фактілерін анықтайды. Бұған қоса мәліметтерді жинақтаған бейнекамералар арқылы 98-99 пайыз дәлдікпен қала жолдарында қанша көлік жүретінін біле аламыз» дейді Ә.Әбдіқадыров. Оның айтуынша, бейнекамералар істемей қалған жағдайда немесе сапасыз бейне ұсынғанда жауапты орындар айыппұл төлейді.

Кезектен тыс сессия барысында тағы бірнеше мәселе мәслихат депутаттарының талқысына шығарылды. Атап айтсақ, қала бағдарларында жолақысынан босату үшін азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету тәртібі ұсынылып, осы санаттағы адамдарға амбулаториялық ем алу кезінде тегін және жеңілдікпен дәрілік заттарды, арнайы емдік өнімдерді, медициналық мақсаттағы бұйымдарды қосымша беру мәселесі әңгіме болды. Сондай-ақ, мәслихаттың осының алдындағы кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізілді.

Аманғали Қалжанов




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button