Жаңалықтар

АДАМЗАТТЫҢ АБАЙЫ



Бүгін – қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туған күні. Былтыр Үкімет қаулысымен 10 тамыз Абай күні болып бекітілді. Бұған дейін хакімді ұлықтау шаралары жылына екі рет –10 тамыз бен 23 тамыз күндері өтетін. Оның себебі ақынның туған күніне қатысты ғалымдардың пікірі екіге жарылған еді. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен соған нүкте қойылды. Енді тиісті дата тайға таңба басқандай анық.

Абай – түпсіз тұңғиық. Абайтануға өткен ғасыр­дың басында Әлихан ­Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш ардақтылары түрең салды. Содан кейін Мұхтар Әуезов абайтанудың негізін қалап, «Абай жолы» атты роман-эпопеяны жазды. Бұл – әдебиетімізге үлкен табыс әкелген туынды Абайдың да, Мұхтардың да даңқын асырды. Ұлы ақынның өлеңдері мен «Қара сөздері», әндері мен күйлері – әдебиетіміз бен өнеріміздің жауһарлары санатына жатады. Бірақ Абайды толық танып болдық деп әлі айта алмаймыз.

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласын жазды. Сонда ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына сай бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналғанын, сананы жаңғырту арқылы ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашатынымызды, оған Абай мұрасының тигізер пайдасы зор екенін атап өтті.

«Абайды қалай дәріптесек те жарасады. Оның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығы – ­қазақ халқына ғана емес, жаһан жұртына да үлгі-­өнеге. Абайдың адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр, табиғат пен қоршаған орта, мемлекет пен билік, тіл мен қарым-қатынас туралы айт­қан ой-тұжырымдары ғасырлар өтсе де маңызын жоғалтпайды. Өйткені ақынның мұрасы – бүкіл адамзат баласының рухани азығы» деді онда Президент.

Елордада 10 тамыз күні жыл сайын ақын ескерткіші алдында Абай рухына тағзым ету шарасы өтеді. Биыл пандемияға байланысты бұл шара бұқаралық сипат алмайды. Ескерткішке гүл шоқтары қойылып, ақын өлеңдері оқылады. Басты жаңалық – ақын бейнесінен үлкен пазл жиналады.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button