Басты ақпаратЕл тынысы

Әлеуеті зор байланыстар нығая түсті



Германияға ресми сапармен барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы елдің Федералдық канцлерімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше құрмет көрсеткені үшін Германияның Федералдық канцлері Олаф Шольцке ризашылығын білдіріп, еліміздің Еуропа Одағындағы негізгі серіктесі – Германиямен арадағы ынтымақтастықты дамытуға Қазақстан айрықша мән беретініне назар аударды. Мемлекет басшысының айтуынша, Астана мен Берлин барлық деңгейде белсенді әрі өзара сенімді саяси диалог жүргізіп келе жатыр және көпжақты алаңдар аясында тығыз қарым-қатынас орнатқан.

Бүгінде Германия – Қазақстан экономикасына қаржы құйған жетекші инвесторлардың және ең ірі сауда серіктестерінің бірі. Германияның Орталық Азия өңірімен сауда-саттығының шамамен 83 пайызы Қазақстанның үлесіне тиесілі. 2022 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 25 пайызға өсіп, 2,8 миллиард долларды құрады.

Мемлекет басшысы сауда-­экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтудың әлеуеті зор және отандық нарыққа Германия бизнесінің барынша көбірек келуі үшін Қазақстан барлық қажетті жағдайды жасауға дайын екенін атап өтті. Мұнай-газ химиясы, сирек кездесетін металлургия өнеркәсібі, «жасыл» энергетика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы салалары басым бағыттар ретінде анықталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев нақты қадам ретінде жеке неміс инвес­торлары қатысатын жобаларды қаржыландыру бойынша екіжақты Жұмыс тобының қолдауымен Шикізатты бірлесе игеру жобаларын іске асыру жөніндегі консорциум құруды ұсынды.

Көлік-транзит саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударылды. ­Қасым-Жомарт Тоқаев Германия тарапын Транскаспий бағытының әлеуетін пайдалануға, сондай-ақ Каспийдегі Ақтау және Құрық порттарының инфрақұрылымын дамыту ісіне қатысуға шақырды. Сонымен қатар неміс тарапын жаңартылатын энергия көздерін, соның ішінде «жасыл» сутегін дамыту үшін анағұрлым тығыз қарым-қатынас орнатуға үндеді. Бұл ретте Маңғыстау облысында Svevind Energy неміс-швед компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «жасыл» сутегін өндіру жобасының маңыздылығы атап өтілді. Сонымен қатар Президент неміс әріптестерінің назарын Қазақстан азаматтарына қатысты виза режимін жеңілдету мүмкіндіктеріне аударды.

Өз кезегінде Федералдық канцлер Олаф Шольц Германия тарапының Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін растады. Канцлер Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды толық қолдайтынын әрі оған оң баға беретінін жеткізді.  Канцлердің пікірінше, заң үстемдігін қамтамасыз ету – елді орнықты дамытудың және шетелдік инвесторларды қолдаудың ең басты шарты.

Германия тарапы Қазақстанмен арадағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыс­тарды нығайтуға дайын екенін нақтылады. Атап айтқанда, мұнай жеткізу көлемін ұлғайтуға, жеткізу тізбегін әртараптандыруға және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қызығушылық танытты. Сондай-ақ «Жасыл» энергетиканы пайдалану және климат мәселесін бірлесіп ілгерілету бағытында қарқынды қарым-қатынасты жолға қою қажет екеніне назар аударды. Екі елдің шағын және орта бизнес өкілдері үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында бірлескен жұмысты жандандыруға баса мән берілді.

***

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Олаф Шольц БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді. Қазақстан Президенті мен Германияның Федералдық канцлері жоғары деңгейде өткен келіссөздерден кейін бұқаралық ақпарат құралдары үшін бірлескен мәлімдеме жасады.

Мемлекет басшысы Берлинге сапармен келуге арнайы шақырып, қонақжайлық көрсеткені үшін Олаф Шольцке ризашылығын білдірді. «Германия – Қазақстанның Еуропа Одағындағы стратегиялық серіктесі, әсіресе өзара сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстар жолға қойылған. Сондықтан екі елдің ынтымақтас­тығын нығайтуға баса мән береміз. Біз бүгін құрметті Канцлер мырзамен бірқатар маңызды мәселені талқыладық. Қазақстан мен Германия арасындағы байланыстарды одан әрі дамытуға ерекше назар аудардық» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жүргізілген келіссөздер қазақ-герман қатынас­тарын одан әрі нығайтуға екі тараптың ниетті екенін тағы да растағанын атап өтті. «Қазіргі жағдайда Қазақстан мен Германия екі елдің орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру ісіне барынша прагматикалық тұрғыдан қарауы керек. Ол үшін біздің саяси ерік-жігеріміз бен орасан зор экономикалық әлеуетіміз бар. Келіссөздер барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықтың перспективаларына баса мән берілді. Біз екіжақты сауда-саттықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өттік. Экспорттық және импорттық тауарлар номенклатурасын одан әрі кеңейту үшін пәрменді шаралар қабылдауға уағдаластық» деді Мемлекет басшысы.

Президент мұнай-газ химия­сы, металлургия, көлік және логистика секілді перспективті салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері жан-жақты қарастырылғанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан тарапының жетекші еуропалық компаниялармен қол жеткізген уағдаластықтарын жоғары бағалады. «Бүгінгі кездесу қарсаңында Siemens, Deutsche Bahn, Siemens Energy, Linde және тағы да басқа негізгі серіктестермен маңызды коммерциялық келісімдерге қол қойылуын құптаймын. Бұл құжаттар мемлекеттеріміз арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға тың серпін береді» деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика саласындағы кооперацияны дамытуды басты басымдықтардың бірі ретінде атады. «Өздеріңізге мәлім, Қазақстан жыл басынан бері Германияға «Достық» мұнай құбыры арқылы 500 мың тонна мұнай жөнелтті. Мұның бәрі өзара келісімнің нәтижесінде жүзеге асты. Германиялық дос­тарымыздың өтініші бойынша жеткізілетін мұнай көлемін ұлғайтуға, оның ұзақмерзімді болуын қамтамасыз етуге еліміздің дайын екенін растадым» деді Мемлекет басшысы. Президент өз сөзінде екі елдің өзара ықпалдастығын кеңейтетін жаңа мүмкіндіктерге де тоқталды. «Қазақстан мен Германияның бәсекелестіктегі артықшылықтарын «шикізат, өнеркәсіп және технология» формуласына сай үйлестіру екі тарап үшін синергетикалық тұрғыда айтарлықтай тиімді болмақ. Мен Канцлерге Шикізатты игеру жөніндегі бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін консорциум құруды ұсындым. Біз жаңартылатын энергия көздеріне, әсіресе, «жасыл» сутегіне қатысты немістің озық технологиялары мен ғылыми жетістіктерін трансферт жасауға мүдделіміз» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Транскаспий көлік бағдарының транзиттік қуатын арттыру, сондай-ақ оны Трансеуропалық көлік желісімен (ТEN-T) және Global Gateway бастамасымен ұштастыру үшін бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, агроөнеркәсіп секторындағы, сондай-ақ қаржы, инновация, цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты нығайту үшін мол мүмкіндік бар. «Бүгінде экономикалық жобаларды қаржыландыру аясында біз Deutsche Bank, Euler Hermes, KfW секілді банктермен, сондай-ақ аймақтық қаржы құрылымдарымен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Осы тізімді кеңейту үшін неміс қаржы институттарын барынша тығыз ықпалдастық орнатуға шақырамыз» деді Президент.

Келіссөздер барысында мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастыққа да айрықша мән берілді. Мемлекет басшысы жаңа қазақ-неміс білім беру мекемелерінің құрылуын, атап айтқанда, биыл маусым айында Ақтау қаласында Қазақстан-Германия орнықты инженерия институтының ашылуын құптайтынын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттер арасындағы ықпалдастықтың жоғары деңгейін сақтау үшін Германия Канцлерін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Федералдық канцлер Олаф Шольц өз сөзінде Қазақстан Германияның Орталық Азиядағы жетекші сауда-экономикалық серіктесі екенін атап өтті. Сондай-ақ энергетика, орнықты даму, цифрландыру және климаттың өзгеруіне қарсы күрес салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтудің маңызды екенін айтты. Бұдан бөлек, Канцлер Германия мен Еуропа Одағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бас­тамасымен Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформаларды толық қолдайтынын мәлімдеді.

Қазақстан мен Германия басшылары бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Атап айтқанда, Мемлекет басшысына Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасы жөнінде, Украина төңірегіндегі қақтығыстарға қатысты сұрақтар қойылды. «Шын мәнінде, Қазақстан мен Ресейдің арасын әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара бөліп жатыр. Елдеріміз арасында сауда, гуманитарлық байланыстар бойынша дәстүрлі ынтымақтастық орнаған. 2013 жылы екі ел Одақтастық қарым-қатынас туралы шартқа қол қойды. Украинадағы қақтығысқа келер болсақ, Қазақстан әскери іс-қимылдардың тез арада тоқтатылуын және БҰҰ Жарғысы негізінде бейбіт келіссөз жүргізілуін жақтайды. Мен бүгін құрметті Канцлер мырзаға жағдайдың шын мәнінде өте күрделі екенін айттым. Ресей де, Украина да келіссөз жүргізуге дайын екенін растайды. Алайда келіссөздің қандай алаңда жүргізілетіні әзірше белгісіз. Сондықтан парасатты, салмақты, салиқалы дипломатияның кезеңі туады деп ойлаймын. Олар бірін-бірі айыптауды доғарып, екі жаққа да тиімді келіссөздің жолын табуы керек. Қазақстан Украина қақтығысын шешудің қандай да бір жолдарын ұсынып жатқан өзге елдер мен мемлекеттер тобының күш-жігерін қолдайды. Біз өз тарапымыздан барлық қажетті шараны қабылдаймыз» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

***

Қазақстан Президенті Berlin Global Dialogue форумында сөз сөйледі. Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші Berlin Global Dialogue форумына қатысты. Президент «Көшбасшылар диалогы» сессия­сында Қазақстанның жаһандық экономикалық процестердегі рөлі туралы өз көзқарасын айтты. Мемлекет басшысы аталған форумның дер кезінде ұйымдастырылып отырғанын атап өтті. «Ондаған жылдар бойғы жаһандану мен интеграция үдерісінен кейін әлем қазір бетбұрыс кезеңінде тұр. Қақтығыс­тар, геосаяси шиеленіс­тер, нарықтардағы келеңсіздіктер және сауда саласындағы даулар әлемдік саяси және экономикалық тұрақтылыққа сызат түсіруде» деді Қасым-Жомарт Тоқаев. ­Президенттің пікірінше, жаһандық экономикалық өзекті проблемаларды шешуге ықпал ететін жаңа әмбебап құндылықтар қажет. Әйтпесе, адамзат дүние­жүзілік сауданың бұрын-соңды болмаған бөлшектенуіне тап болады. Бұл әлемдік ЖІӨ-нің 7 пайызға құлдырауына әкеп соқтыруы мүмкін.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің басым бөлігін еліміздің халық­аралық экономикалық байланыс­тарды тұрақтандыру ісіндегі рөліне арнады. «Еуразиядағы екінші ірі мұнай қорына ие Қазақстан әлемдік нарықтарға энергетикалық ресурстардың ірі жеткізушісі саналады. Біздің мұнай экспортының 70 пайызы Еуропа Одағына шығарылатынын ескере отырып, экспорттық әлеуетімізді кеңейтуге және жаһандық энергетикалық дағдарысты жеңілдетуге үлес қосуға дайынбыз» деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті форум қатысушыларына ұлттық экономиканы дамытудың перспективалары туралы мәлімет берді. «Былтыр Қазақстан экспорты 40 пайызға жуық өсті. Біздің ЖІӨ-нің едәуір бөлігі әлі де энергетика секторына тиесілі болғанымен, экономиканы әртараптандыруға күш саламыз. Автомобиль құрас­тыру, фармацевтика, металл өңдеу және машина жасау салаларындағы өсімді қамтамасыз ете отырып, Қазақстан бизнес жасауға ерекше қолайлы орта қалыптастыру арқылы шетелден кең көлемде инвестиция тартуды жалғастырып отыр» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент форумға қатысушылардың назарын Қазақстанмен экономикалық серіктестік орнатуға жол ашатын перспективаларға аударды. Атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік бағдары немесе «Орта дәліз» аймақтағы сауда мен инвестиция үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл бағыт қазіргі қолданыстағы теңіз жолдарымен тасымалданатын тауарлардың транзиттік уақытын екі есе қысқартады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанның аймақта бірінші болып Париж келісімін ратификациялағанын және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын қабылдағанын айтты. Бұл салада да ірі халықаралық жобалар жүзеге асырылып жатыр. «Германия мен Швецияның бірлескен Svevind компаниясы жылына 2 миллион тонна «жасыл» сутегін өндіруге бағытталған Қазақстандағы жобасына 50 миллиард доллар инвестиция салып отыр. Бұдан бөлек, шикізат пен руданы жергілікті жерде өңдеп, содан кейін Еуропа Одағына мүше елдерге экспорттауға дайын кәсіпорындар үшін инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашылады. Арзан энергия, мемлекеттің қолдауы және бәсекеге қабілетті еңбек құны бұл ұсыныстың тиімділігін арттыра түседі» деді Президент.

Жалпы, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның, шын мәнінде, жаһандық және сенімді сауда-экономикалық серіктеске айналғанына сенім білдірді. Мемлекет басшысы сөзінің соңында баршаға ортақ өркендеген әрі инклюзивті болашақ құру үшін күш жұмылдырудың маңызды екенін атап өтті. «Биылғы жылдың маусым айында менің бастамаммен бірінші Астана халықаралық форумын өткіздік. Бұл бірегей әрі инклюзивті алаң геосаяси тұрғыдан жікке бөлініп жатқан жағдайда жаһандық ынтымақтастық пен диалогты ілгерілету үшін құрылды. Berlin Global Dialogue және Астана халықаралық форумы – Еуропа мен Еуразиядағы халықаралық диалог үшін маңызды алаңдар. Олар өздерінің жаһандық проблемаларды шешуге бағытталған күш-жігерін жандандыра алады деп үміттенемін» деді Қасым-­Жомарт Тоқаев.

Бұдан кейін Қазақстан ­Президенті форумға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Бірінші Berlin Global Dialogue форумына Германияның Федералдық канцлері Олаф Шольц, Еуропалық Кеңестің Президенті Шарль Мишель, Бельгияның Премьер-министрі Александр де Кроо, Албанияның Премьер-министрі Эди Рама және басқа да жоғары лауазымды саясаткерлер, халықаралық компаниялар мен қаржы институттарының басшылары қатысты.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button