Басты ақпаратҚала мен Сала

Әлеумет жайы – назарда



2023 жылы қалалық мәслихат депутаттары елордадағы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен өнерді қолдау мен дамыту бағытында бірқатар игілікті істерді жүзеге асырды. Соларға жеке-жеке тоқталайық

Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимовтың айтуынша, өткен жылы депутаттардың бастамасымен елорданың медициналық мекемелерін салу мен жөндеуді көздейтін Денсаулық сақтау жүйесін дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспары әзірленді. Депутаттық корпус Астанада аутизм спектрі бұзылған балаларды оңалту орталығын Түркияда жұмыс істеп тұрған осыған ұқсас орталықтың үлгісі бойынша ашуға бастамашылық жасады, оңалту барысында инновациялық әдістер қолданылады.

Өткен жылы балабақшалардың жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін жол картасы әзірленді, оған мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеудің негізгі мәселелері енгізілді. Мәслихат төрағасы бұл жекеменшік балабақшалар ұсынатын қызметтердің сапасына қатысты көптеген шағымдарға байланысты қолға алынған іс-шара екенін айтты. Жол картасы белгілі бір уақытта балабақшаларға деген қажеттілікті жабуға көмектесті.

VII және VIII сайланым депутаттары бірнеше рет көтерген күрделі мәселенің бірі – балалардың денсаулығына әсер ететін мектеп тағамдарының сапасы. 2023 жылы мектеп асханасындағы тағамдарының құны 30 пайызға артты, жаңа мәзірді дайындау барысында балалардың тамақтануына бөлінетін қаражатты қосымша көбейту жоспарда бар. Демек ақша көбейсе, өнімдер сапасы артады, ас мәзірінің әртүрлілігі жақсарады. Білім беру саласындағы айтулы жаңалық – мәслихат депутаттары өткен жылы 100 білім беру грантын тапсырды. Ерлан Каналимов атап айтқандай, көпбалалы және әлеуметтік ахуалы төмен отбасылардан шыққан балалар, «Жастар рухы» қозғалысының белсенділері және жас спортшылар «Синергия» университетінде және «Astana International University»-де тегін оқиды. Сондай-ақ 40 бала Көлік және коммуникация жоғары колледжінде, халықаралық ­М.Жұмабаев атындағы колледжде тегін білім алады.

Өткен жыл мәдениет саласы үшін де табысты болды. Депутаттар М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының ғимаратына күрделі жөндеу жүргізуді қолдады. Былтыр қалалық кітапхана жүйесін жаңғырту мәселесі оң шешілді. Жаңғырту бағдарламасы бойынша 18 кітапхананың төртеуінде жөндеу жұмыстары басталды. Кітапханаларда жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділік қамтамасыз етілді, коворкингке, балалар аймақтарына бөлінген жұмыс кеңістігі өзгерді. Биылғы қуанышты жаңалықтың бірі – 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап мәдениет қызметкерлерінің лауазымдық жалақысы 71 пайызға, ал 2025 жылы 100 пайызға көбейеді.

Өткен жылы әлеуметтік саладағы көптеген өзекті мәселелерді шешуге қалалық мәслихат депутаттары толықтай атсалысты. Бұл туралы Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов былай деді:

«Депутаттар дер кезінде Астананың Бас жоспарына қала тұрғындарының ұсыныс-тілектерін енгізу үшін Бас жоспар базасындағы көшпелі отырыстарда барлық мәселелер ашық айтылып, өз шешімін тапты. Елорда тұрғындарының санының өсуніе қатысты алғашқы болжамдар өзекті болмағандықтан, осыған байланысты құжат айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Елордалық мәслихат депутаттарының бастамасы бойынша мынадай іс-шаралар атқарылды:

1) тұрғын үй сертификаттарының сомасы 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайтылды, оларды алушылардың санаты кеңейтілді;

2) емдеу-сауықтыру мекемелерінің санын 5-ке дейін ұлғайту туралы шешім қабылданды;

3) 2024 жылдың басынан ерекше қажеттілігі бар адамдарға күніне біржолғы төлемдерді арттыру жоспарлануда. Ол I топтағы мүгедектер үшін 69 мың теңгені, II топ үшін 34,5 мың теңгені және III топ үшін 17 250 теңгені құрайды;

4) Бурабай ауданында орналасқан қарттарға, ерекше қажеттілігі бар адамдарға (үлкендерге, балаларға) арналған оңалту орталығының аумағында медициналық корпус салу мәселесі көтерілді;

5) 2024 жылы 3400 адамның тісіне протез салу және санация қызметтерімен қамту туралы шешім қабылданды».


Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button