Басты ақпаратЕлорда тынысы

Әлеуметтің әл-ауқаты – ұдайы назарда



Қаланың жайлы болуы тұрғындарының көңіл-күйінен аңғарылады. Бұл ретте халықтың бірінші кезекте көңіл аударатыны – азық-түлік бағасының тұрақтылығы, денсаулық сақтау, білім беру, көлік қозғалысы, қоғамдық тәртіп мәселесі. Жыл басынан бері мониторингтік топ 500-ге жуық дүкенді тексеріп шықты. Соның ішінде 198 дүкен тауарды үстеме бағамен сатып келген.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмырзаев қалалық кәсіпкерлер палатасы басшылығы және түрлі бизнес өкілдерінің қатысуымен жиын өткізіп, елорданың түйткілді мәселелерін жауапты органдар өкілдерімен, кәсіпкерлермен бірге талқылады. Басқосуда денсаулық сақтау, туризм, сауда және қызмет көрсету саласы бойынша мәселелер ортаға салынды.

Бағаны қолдан көтерген

Елордадағы 198 дүкен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерін үстеме бағамен сатқаны анықталды. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Ерлан Бекмырзаев мәлімдеді. «Жыл басынан бері біздің мониторингтік топ 500-ге жуық дүкенді тексеріп шықты. Соның ішінде 198 дүкен тауарды үстеме бағамен сатып келген. Бізде сауда туралы заң бар, сол заң бойынша әлеуметтік маңызы бар тауарларға үстемеақы 15 пайыздан аспауы тиіс» деді Е.Бекмырзаев. Ол әкімдік сауда желілерімен белгіленген бағадан асырмау туралы меморандумға қол қойылғанын тілге тиек етті.

«Өкінішке қарай, меморандумға қаланың барлық сауда желілері қол қойған жоқ. Біз бұл жерде барлық тауар туралы айтып отырған жоқпыз. Бағаны көтермеу әлеуметтік маңызы бар 19 атаулы азық-түлікке қатысты. Сондықтан да шағын бизнесті, тұрғын үйлердің жанындағы дүкен иелерін әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ұстап тұруға және бағаны қолдан өсірмеуге шақырамыз» деді ол.

40-тан аса жайлы мектеп салынады

Биыл елордада «Жайлы мектеп» жобасы аясында 24 мектептің құрылысы басталады. Бұл туралы қала әкімінінің орынбасары Ерлан Бекмырзаев мәлімдеді. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2024 жылы да осынша мектеп салынбақ. Осылайша екі жылдың көлемінде 40-тан астам жайлы мектеп тұрғызылады. Бұл – елорда үшін ауқымды жоба» деді қала басшысының орынбасары.

Ол қалада жыл санап оқушылар саны артып келе жатқанына тоқталды. «Оқушы орындарының тапшылығы, үш ауысым мәселесі бәрімізге таныс. Одан бөлек, елордада көші-қон деңгейі жоғары. Өткен жылы қала халқының саны шамамен 100 мың адаммен толықты. Бала туу көрсеткіші де артып келеді. Астанада жылына 5-7 мың түлек мектеппен қоштасса, жаңа оқу жылында 25 мыңдай бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды. Айырмашылық айтарлықтай» деді ол.

2025 жылға қарай ел аумағында 842 мың орындық 401 жайлы мектеп ашу жоспарланып отыр. Ол мектептердегі орындардың саны 300-ден басталып, 2500-ге дейін жетеді. Бір қуанарлығы, жайлы мектептердің барлығы ұлттық нақышта салынады.

Ұлттық нақышта болады

Жайлы мектептердің интерьері, дизайны мен сәулетін жобалағанда ұлттық нақышта бірқатар элементтің болуы талап етіледі. Бұл туралы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов мәлім етті.  «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын мектептерде ұлттық нақыш болады. Мердігер компанияларға мұндай шартты біз қойып отырмыз. Мектептің интерьері, дизайны мен сәулетін жобалағанда ұлттық нақышта бірқатар элементтің болуы талап етіледі. Сонымен қатар, жайлы мектептерді салуға отандық үздік инженерлер, сәулетшілер мен дизайнерлерді тарту жоспарда. Заманауи технологиялар қолданылады. Жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу ашық конкурс негізінде өтеді» деді Мәулен Айманбетов «Жайлы мектеп» жобасын іске асыруды талқылау барысында.

Балалар туризмі дами ма?

Елорда әкімдігі балалар туризмін дамытуға қажетті мөлшерде қаржы бөледі. Бұл жаңалық та аталған жиында айтылды. «Ішкі туризмді дамыту балалар туризмінен басталады. Балалар жиі саяхаттаса, оған еріп ересектер де көбірек саяхаттайды. Маған көлікке 10 млн теңге беріңіздерші. Музейлерге 10 мың бала әкелемін. Балалар көрген, білгенін үйіне айтып барады, содан соң ата-ананың қызығушылығы ояна бастайды. Бір жағынан, музейлердің де жұмысы жүреді» деген ұсыныс айтты астаналық туризм қауымдастығының өкілі Татьяна Верницкая.

Өз кезегінде Ерлан Бекмырзаев балалар туризміне қолдау көрсетуді жауапты мекемеге жүктеді. «Қалалық мәслихаттың жаңа құрамы жасақталған соң сіз көтерген мәселені мәслихат қарауына енгіземіз» деді ол.

Қалалық музей ашу керек

Астана туризм қауымдас­тығының өкілі Татьяна Верницкая ХХ ғасырдың басында негізі қаланған елордадағы тарихи жәдігерлердің бірі – көпес Куприннің үйін қалалық музей ретінде қайта жаңғыртуды ұсынды.

«Елордада туризмді дамытуда кедергілер бар. Мысалы, ЭКСПО-дағы музейді алсақ, аптаның үш күні ғана жұмыс істейді. Музей жұмыс істемейтін күндері келген туристер сонда қайда барады? Ұлттық музейде балаларға арналған бөлме ашылыпты, демалыс күндері жиендерімді апарайын десем, біз «сейсенбі, жұма күндері жұмыс істейміз» дейді» деді ол. Бұл мәселені шешудің бір оңтайлы жолы барын айтты. «Бізде қалалық музей жоқ. Бұрын көпес Куприннің үйі музей болды. Ол ХХ ғасырдың басында ашылған. Ол бүгінде жабық тұр. Соны қайта ашуға болады. Демек қала тарихынан хабар беретін, бүгінгі Астананың қайдан басталатынын баяндайтын музей жоқ. Бізге салалық музейлер де керек. Елордада тарихы бар бірнеше өнеркәсіп бар» деген ұтқыр ұсынысын жеткізді Т.Верницкая.

Ұсынысты тыңдаған Ерлан Бекмырзаев идеяны жүзеге асыру жағы қарастырылатынына уәде берді.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button