Басты ақпаратҚоғам

Әскерден жалтарудың астарында не жатыр?



Астана қаласының тұрғыны Ермек Әлпейісов «баламды армияға жібергім келмейді» деп әскери комиссариатқа өтініш жазыпты. Басты келтіретін уәжі – қазіргі әскерде тәртіптің нашарлап кетуі, кейбір таныстарының балаларының жарақат алып, үйіне мүгедек болып оралуы. «Ұлым –  отбасындағы жалғыз перзент. Сондықтан оны осы күзде келетін әскер қатарына шақырту кезінде кейінге қалдыруыңызды сұраймын» деген жазбаша өтінішті алған әскери комиссар біраз ойланып қалды. Заң бойынша Отан алдындағы борышын денсаулығы жарамды он сегіз пен жиырма сегіз жастың аралығындағы әрбір азамат өтеуге міндетті. Бірақ кейінгі кезде осындай әскери міндетін өтеуден жалтару көбейіп барады.

Шекара асып кеткендер бар…

Астана қаласы Қорғаныс істері департаментінің бас­тығы Медет Тұрыскелдиевтің айтуынша, жеткіншектерді әскер қатарына дайындау мектеп қабырғасынан бастап қолға алынуда екен. Алғашқы әскери дайындық пәні білім ұяларында қайтадан енгізіліп, оқушылардың отансүйгіштік сезімдерін оятуға мол септігін тигізе бастапты. Ұл баланың Отан қорғау міндетін ерте бастан ата-ана да мектеппен қатар бойына сіңіре білуі маңыз­ды. Кейінгі кезде осындай үгіт-насихат жұмыстарының жандана бастағанына қарамастан, әскерге баруға онша құлшыныс танытпайтындар қатары азаймай отыр.

Көктемде Қазақстанның көші-қон полициясы елінде жарияланған әскер қатарына шақырудан қашып, шекарамыз­дан күні-түні ағылған Ресей азаматтарына қалай тоқтау қоярын білмей біраз дағдарып еді. Енді біздің кейбір әскерге барудан бой тасалаған ұландарымыз Ресей Федерациясына өтіп кетіп жатқан көрінеді. Егер нақтырақ айтсақ, Солтүстік Қазақстан облысында 200-ге тарта әскерге шақырылған жас жігіт бір күнде көрші елдің шекарасын асыпты. Мұны бас әскери прокурордың бірінші орынбасары  Мақсат Қалиев те растап отыр.

Ал Солтүстік Қазақстан облысының Қорғаныс істері департаментінің бастығы Марат Кәрімов көктемгі әскерге шақыру кезінде аймақта Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті ұландардың әскери комиссариатқа тек 37 пайызы ғана келгенін айтады.

Облыста өткен жылы әскери есепке тұрып, азаматтық міндетін орындамаған – 4000, медициналық тексеруден өтпеген – 200, әскери есеп құжаттарын қасақана бүлдіріп немесе жоғалтқан – 2800,  барлығы – 7000 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Міне, осы фактілерден-ақ, қазір әскерге ұлдардың көбінің барғысы келмейтінін аңғаруға болады. Оның себебі неде?

– Оның басты себебі – әскерде қазір тәртіптің нашарлап кетуі, – дейді Астана қаласының тұрғыны, доғарыстағы полковник Алғанбай Бекболұлы.

Облыста өткен жылы әскери есепке тұрып, азаматтық міндетін орындамаған – 4000, медициналық тексеруден өтпеген – 200, әскери есеп құжаттарын қасақана бүлдіріп немесе жоғалтқан – 2800,  барлығы – 7000 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

«Жақында әлеуметтік желіден сақа солдаттардың жаңа келген жас сарбаздарды ұрып-соғып, «қатарларына қабылдап жатқанын» көрдім. Оқиға Маңғыстау облысындағы бір әскери бөлімшеде орын алған болса керек. Желіге сол жақтың бір жігіті жүктепті. Ал осыны көріп отырған ата-ана баласын әскер қатарына жібере ме? Бұдан кейін он сегіз жасқа жаңа толған бозбалаға «армияға бар, Отаныңды қорға» деп қалай айта аласың?».

Көбінде үрей басым

Таяуда Жамбыл облысының бір әскери бөлімінде міндетін атқарып жатқан Нұрсұлтан Бекеев атты жас сарбаз үйіне мүгедек болып оралды. Оны о баста «түнгі кезекшілікте тұрғанда өзі құлап қалып, есін жоғалтқан» деп госпитальге жатқызған. Екі ай емделген бала әлсін-әлсін есінен танып қала беретін болғасын, амал жоқ еліне қайтарған. Ал ауылына келгесін дәрігерлер сарбаздың басы мен бауырынан ауыр соққы алғанын анықтаған. Анасы жалынып отырып сұрағанда, сарбаз бар шындықты ­жай­ып салыпты. Ал шындығында оны ротада түнгі кезекшілікте тұрғанда (дневальный) «Н» атты  аға сержант «неге ұйықтайсың?» деп бүйірінен теуіпті. Алдында асханаға картоп тазалауға барған солдат қатты шаршағандықтан, көзі ілініп кеткен болса керек. Оң жағынан тиген қатты соққыдан басымен табалдырыққа соғылып, есінен танып қалыпты. Сосын біраз уақыттан кейін есін жиған оны сержант оңаша шығарып, «егер осы оқиға туралы біреу­ге тіс жаратын болсаң, күн бермеймін» деп қоқан-лоққы жасап, қорқытқан.

Міне осындай әлімжеттік пен зорлық-зомбылық қазақстандық әскерге шақырылушыны үрейлендірмейді дейсіз бе? Үрейлендірмек түгілі, олар болашақ өмірлеріне қауіптенеді де. Сосын да Қазақстан армиясының қатарына барғысы келмейді.

Егер нақтырақ айтсақ, Солтүстік Қазақстан облысында 200-ге тарта әскерге шақырылған жас жігіт бір күнде көрші елдің шекарасын асыпты. Мұны бас әскери прокурордың бірінші орынбасары  Мақсат ­Қалиев те растап отыр

Полковниктің ойынша, жігіттердің әскерден жалтаруының тағы бір себебі – жастарының үлкейіп кетуі. Елімізде әскерге 28 жасқа дейін шақыртады. Ал сол 28 жасқа жеткен сақа жігіт ертең өзінен сегіз-тоғыз жас кіші «балаға» қалай бағынамын немесе онымен сапта қалай қатар тұрамын? деп ойлауы мүмкін. Сондықтан қазір әскерден жалтарушы қалың топтың көпшілігі осы сақа жігіттер емес пе екен? Тағы бір факті, менің алыс жамағайыным болып келетін кісінің баласы жаңа бизнес бастап, ісі оңғарыла бастағанда, әскерге шақыртып, не істерін білмей алашапқын болып жүргенін естігенмін. Бірақ мұның бәрі себеп емес. Жасы толған адам Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті. Әйтпесе, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы әбден мүмкін.

Тактика өзгерді

Расында да әскерден жалтарғандар жауапкершілікке тартылады.  Оны әр ата-ана да, әр әскерге шақырылушы да білуі тиіс. Қазақстан Республикасы Қорғаныс Күштері Бас Штабының ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінде әскери комиссариаттардың полициямен арнайы байланыс база бар екендігін, әрі сол арқылы кез келген әскерден жалтарған ұланды анықтауға болатындығын айтады. Егер тәртіп бұзушы Қазақстан шекарасынан өтіп кетпеген болса, оның мекенжайы мен жұмыс істейтін жерін полиция бірден тауып алуы керек.

Ер балаларға бұрын Отан алдындағы борышын өтеу – асқан құрмет еді. Қазір әскери комиссариаттағылар олардың соңдарынан қуып жүретін болған. Оның бір дәлелі биылғы көктемгі шақыру кезінде әскерге жарамды 35000 шақырылушыға іздеу жарияланды

Жасыратыны жоқ, тұрмыс­тың қиындығынан ба, әлде қазіргі жастар әлжуаз болып кетті ме, медициналық комиссия кейінгі кезде әскерге шақырылушылардың тең жартысының денсаулығынан кінәрат тауып жүр. Көбі – майтабан. 15-20 пайызының қан қысымы төмен, немесе асқазан, бүйрек, бауырлары сырқат болып келеді. Дегенмен, сап-сау бола тұрып, жалтаратындар да аз емес. Міне, олар қатаң бақылауға алынуда.

Шақыру қағазын алып тұрып, әскери комиссариатқа келмегендерге заң бойынша жауапкершілік қарастырылған. Мәселен, Астана қаласының бір тұрғыны көктемде осындай әрекеті үшін соттың шешімімен 200 сағат қоғамдық жұмысқа жегілді. Сондай-ақ, әскери комиссариатқа келмегендерге – бес айлық есептік көрсеткіш (15315 теңге), егер медициналық комиссиядан өтуден бас тартса, 3 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Ал әскерге барудан ашық түрде бас тартып, үнемі бой тасалайтындарға 1 мың АЕК яғни, 3 063 000 теңге немесе 400 сағат қоғамдық жұмыс істеу қарастырылған. Тіпті, кейде сот бір жылға бас бос­тандығынан айыратын да жағдайлар кездеседі. Егер әскерге барудан жалтарушы өз денесіне қасақана жарақат салатын болса, бұл қылмыс­ты қатаңдататын жағдайға жатқызылады.

Ер балаларға бұрын Отан алдындағы борышын өтеу – асқан құрмет еді. Қазір әскери комиссариаттағылар олардың соңдарынан қуып жүретін болған. Оның бір дәлелі биылғы көктемгі шақыру кезінде әскерге жарамды 35000 шақырылушыға іздеу жарияланды.

Осыған байланысты ел үкіметі бұл бағыттағы тактиканы өзгертуге шешім қабылдағандай. Қорғаныс министрлігі де бірқатар іс-шараларды жүзеге асыра бастады. Атап айтқанда, мерзімді қызметтегі әскерилерге кредит каникулын беру ұйғарылуда. Қазірдің өзінде 3,4 мың Отан алдындағы борышын өтеуші банктердегі несиесін өтеуді кейінге қалдырып отыр. Сондай-ақ, әскер қатарына шақырылушылар ЖОО-ға ҰБТ тапсырмай-ақ түсуге, әскерден кейін екі жыл бойы оқуға конкурссыз (ақылы негізде) түсуге мүмкіндігі бар.

Осының барлығы – жас жігіттер әскерден жалтармай, Отан алдындағы борыштарын абыроймен атқару үшін жасалып жатқан қадамдар. Енді оның қайтарымы да болуы керек.

 

 

 


Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button