Басты ақпаратҚоғам

Әскерге бару – азаматтық борышың!



Елімізде мерзімді әскери қызметке шақырудың көктемгі науқаны басталды. Биыл Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың қатарын 18 бен 27 жас аралығындағы 37 мыңға жуық жас толықтырады деп жоспарланып отыр. Осы орайда әскерге шақырудағы жаңашылдықтар мен үміткерлерді іріктеудің ерекшеліктері туралы Астана қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, майор Артур Қасқарауов айтып берді.

– Артур Нұрдәулетұлы, елімізде әскерге шақыру науқаны қалай ұйымдастырылады?

– Жыл сайын Қарулы күштер, Ұлттық ұлан, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Мемлекеттік күзет қызметіне мерзімді әскери қызметін өтеуге мыңдаған сарбаз аттанады. Осы бес әлеуеттік күштік құрылымның әскери бөлімшелері бар. Соларға қанша адам керек, сол бойынша Қорғаныс минис­трлігі өтініш жинайды. Олардың берген санына жинақтап, оларды аудан орталықтарынан жеткізуден бастап жинақтау пунктеріндегі ішіп-жегені, киетін киімі, медициналық тексеруге дейін жұмсалатын қаражатты соңғы тиынына дейін есептейді. Сөйтіп, бір жыл бұрын Үкіметке ұсынылады. Үкімет Ел Президентінің Жарлығының жобасын дайындайды. Жарлыққа қол қойылғаннан кейін әскерге шақырту науқаны басталады.

Дәстүрлі түрде 1 наурыздан бастап еліміздің барлық аудандары мен қалаларында жалпы саны 195 әскерге шақыру пункт­терінде жергілікті атқарушы органдардың  әскерге шақыру комиссиялары өз жұмысын бастады. Бұл кешенді іс-шараны жергіліктi атқарушы органдар ұйымдастырып, қамтамасыз етеді. Ал биыл әскерге республика бойынша 18 бен 27 жас аралығындағы 37 мың сарбаз жіберілуі қажет. Оларды әскерге шақыру мерзімі көктем мен күзге белгіленеді. Өйткені бір кезеңге шақыру тиімсіз. Ал көктемгі әскерге шақыру науқаны наурыз-маусым айларында жүріп, оған 17 мың адам жөнелтіледі. Оның ішінде атап айтсақ, Қарулы Күштерге – 7700 адам, Ұлттық ұланға – 6800 адам, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне – 3400 адам, Төтенше жағдайлар министрлігіне – 300 адам, Мемлекеттік күзет қызметіне 90 адам жіберіледі.

Наурыз-маусым айларында белгіленген мерзімін өткерген әскери қызметшілерді запасқа шығару қолданыстағы заңға сәйкес жүргізіледі. Яғни шақырылатын жастарды салтанатты шығарып салу мен әскерден босаған сарбаздарды салтанатты күтіп алуды да дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл іс-шара былтырдан бастап қолға алынды.

– Бас қаланың қанша азаматы Отан қорғауға шақырылады? Елордадағы науқан барысы қалай жүргізіліп жатыр?

– Жалпы көктемгі науқанда Астана қаласынан 1024 адам әскер сапына тұрады. Оның ішінде Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне – 199 адам, Қарулы Күштерге – 457 адам, Ұлттық ұланға – 360 адам, Мемлекеттік күзет қызметіне 8 адам шақырылады.

Көктемгі әскерге шақыру науқаны наурыз-маусым айларында жүріп, оған 17 мың адам жөнелтіледі. Оның ішінде атап айтсақ, Қарулы Күштерге – 7700 адам, Ұлттық ұланға – 6800 адам, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне – 3400 адам, Төтенше жағдайлар министрлігіне – 300 адам, Мемлекеттік күзет қызметіне 90 адам жіберіледі

Өткен жылғы күзде Астана қаласы бойынша әскерге шақыруға 800 адам жіберу көзделіп, бұл межені 1040 адамға жеткізіп, асыра орындадық. Нәтижесінде республика бойынша әскерге жөнелту жұмыстарының қорытындысы бойынша алдыңғы қатарлы үштіктен табылдық. Көктемгі әскерге шақыру науқанын елордада жаңа мекенжай бойынша жүргізіп отырмыз. Астана дамыған сайын аудандардың да, халықтың да саны көбейіп отыр. Қалалық әкімдіктің шешімімен Республика даңғылындағы №54 үй мекенжайындағы алты қабатты зәулім ғимарат беріліп, Алматы, Байқоңыр, Сарыарқа аудандарының шақыру пунктері мен қалалық Жиын пунктін бір жерге шоғырландыру мүмкіндігі оңтайлы шешілді. Бұл әскерге шақырылушыларды тасымалдау­ға кететін шығынды қысқартуға және уақыт үнемдеуге тиімді болып отыр.

– Цифрландыру – Қорғаныс саласының қызметін оңтайландырудың бірден-бір жолы. Осы тұста шақырылушыларға хабарламалар қалай жетеді? Тың әдіс қарастырылған ба?

– Бүгінде әскерге шақырылуға тиісті ер азаматтарды хабардар ету жұмысы дербес шақыр­ту қағазын жолдау арқылы жүзеге асырылады. Шақырту қағазы олардың тұрғылықты мекенжайына немесе жұмыс орындарына жеткізіледі. Осы процесті автоматтандыру мақсатында 2021 жылдан бастап  әскерге шақырылушыларды SMS-хабарлама жолдау арқылы да хабардар ету жүргізілуде.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Астанада он әскерге шақырылушыны хабарландыру үшін қызметтік автокөлікпен екі-үш қызметкер он-он екі литр жанармай жұмсап, азаматтарды тұрғылықты жері бойынша іздеуші еді. Соның өзінде он әскерге шақыру жасындағы азаматтардың тұрғылықты мекенжайы бойынша 2-3 адам ғана табылатын. Оның өзінде сол 2-3 адамның 1-2-і студент не әскерге шақыруды кейінге қалдыру құқығына ие болатын. Енді шақыруды кейінге қалдыруға болатын баптардың бесеуі автоматты түрде шешіледі.

Мерзімді қызметке әскерге шақыруды жүргізу кезінде жұмысты барынша ашық форматта жүргізуді жалғастырамыз. Әрбір азамат қажетті ақпаратты алу үшін бізге жүгіне алады және оның сұрақтарына толық жауап беріледі. Ол үшін әрбір Қорғаныс істері департаментінде «Қарулы Күштер – адалдық алаңы» атты жобалық кеңсе жұмыс істейді. Әлеуметтік желіде де электронды  пошталар мен ресми аккаунттар ашылды.

Жалпы көктемгі науқанда Астана қаласынан 1024 адам әскер сапына тұрады. Оның ішінде Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне – 199 адам, Қарулы Күштерге – 457 адам, Ұлттық ұланға – 360 адам, Мемлекеттік күзет қызметіне 8 адам шақырылады

– Мерзімді әскерге шақыруда қандай жаңашылдықтар енгізілді? Үміткерлерді іріктеуде ескерілетін өзгерістер бар ма?

– Биылғы үлкен жаңалықтардың бірі – мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге кредиттік каникулдар беру жөніндегі іс-шараларды іске асырудың аяқталуы. Республика бойынша бүгінде 3,4 мың әскери қызметшіге 4,9 мың қарыз бойынша негізгі борыш пен сыйақыға қатысты төлемдер кейінге қалдырылды.

Қорғаныс министрлігі Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттікпен бірлесіп, мерзімді әскери қызметтен өтудің беделін арттыру мақсатында 2022 жылғы 5 желтоқсанда мерзімді әскери қызметке шақырылған, банк қызметі бойынша қарыз алушылар (қосалқы қарыз алушылар, кепілгерлер, кепіл берушілер) ретінде саналатын әскери қыз­метшілердің құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселесінде өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Екінші деңгейлі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымдардағы қарыздар мен микрокредиттерге қызмет өткергеннен кейін 2 жыл ішінде жоғары оқу орындарына ҰБТ-сыз, байқауға қатыспай түсу мүмкіндігі (ақылы негізде) бар. Сондай-ақ еліміздің 40-тан астам жоғары оқу орындарымен мерзімді әскери қызметтен өткен 3000 орынды білім беру секторында үздіктер үшін беруді көздейтін келісімге қол қойылды. Әскери кафедраларға конкурстан тыс түсу мүмкіндігі де қарастырылады. Оқу орталықтары арқылы мерзімді әскери қызметшілерге мемлекеттік үлгідегі тиісті куәліктер бере отырып, әскери-есептік мамандықтар бойынша даярлау жүзеге асырылады.

Осындай жаңашылдық мемлекеттік органдармен және Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібінің «SmartDataUkimet» ақпараттық-талдау жүйесімен өзара іс-қимыл жасауды ұйымдас­тырудың арқасында мүмкін болды.

Бұдан бөлек, жақын арада міндетті әскери есепке қоюды және одан шығаруды жою іске асырылады. Яғни тұрғылықты жерін ауыстырған кезде әскери міндетті мен әскерге шақырылушыны есепке қою және одан шығаруды тұрғылықты жері бойынша тіркеп, автоматты түрде іске асырылатын болады. Тағы бір жайт, әскерге шақырылушыларға тіркеу туралы куәліктер және әскери қызмет өткермеген адамдарға әскери билеттер беру тоқтылады. Яғни әскери билет тек әскери қызмет өткерген азаматтарға ғана берілетін болады.

– Қандай жағдайда азаматтар шақыртудан кейінге қалдырылады не босатылады?

– Қазіргі уақытта мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру және одан босату «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның 35 және 36-баптарына сәйкес Электрондық үкімет порталы арқылы мемлекеттік көрсетілетін қызмет болып табылады. Аталмыш заңда кімдердің әскери қызметтен босатылатыны анық көрсетілген. Отбасы жағдайына (отбасында мүгедек, ата-анасы болмаған жағдайда, ата-анасының зейнеткерлік жасқа толуына, некеде тұруы және т.б.), білім алу жағдайы (күндізгі бөлім және жоғары білімін жалғастыру) үшін және басқа да себептері (ауыл мұғалімдері мен дәрігерлері) бойынша әскер қатарына жіберу кейінге қалдырылады. Әскерге шақыру жасындағы азаматтар әртүрлі мемлекеттік органдардан қажетті анықтамалар жинау арқылы әскерге шақыруды кейінге қалдыруға құқылы екенін дәлелдеуге және мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін өтініш жасаған кезде оларды Электрондық үкімет порталының платформасына тіркеуге міндетті.

«SmartDataUkimet» ақпараттық-талдау жүйесінің жұмыс нәтижесі бойынша қалада әскерге шақыруды кейінге қалдыру құқығы бар бірнеше мыңнан астам азамат анықталды. Оларға кейінге қалдырылғаны туралы SMS-хабарлама жіберіледі. Дей тұра, бұл қанатқақты жоба болғандықтан, ондай хабарламалардың жетпей қалуы фактілеріне де жол берілуі мүмкін.

– Әскерге баруға қазіргі жастардың құлшынысы қандай? Өз еркімен баратындар көп пе, әлде борышын өтеуден жалтаратындар саны басым ба?

– Әскери қызметтен жалтаратындарды қолданыстағы заңға сәйкес әскерге баруға міндеттейміз. Әскери қызмет – әрбір ер азаматтың заңмен белгіленген міндеті, ал одан жалтарғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Әрине, әскери қызметтің адамның өзіне ғана емес, қоғам үшін, ел үшін маңызды екенін түсінетін жігіттер тобы бар. Мерзімді әскери қызмет өткеру тек қару мен әскери техниканы меңгеру дағдысына ие болуға мүмкіндік беріп қана қоймай, жас жігіттің дене шынықтыру және рухани тұрғыдан дамуына ықпал етеді. Осы тұста әскерге шақыру алғандардың әскер түрін таңдауға мүмкіндігі болатынын да айтқан жөн. Азаматтар әке-ағаларынан көрген тәрбиеге қарай әскердің бір түріне баруға бейімделіп жатады. Әрине, жастар элиталы әскердің болуын қалайды. Әрбір әскери құрылымдардың өз орны бары сөзсіз. Дегенмен қазіргі таңда десантты-шабуылдаушы әскер қатарына қосыламын деушілердің қатары біршама бар.

 – Жігіттердің абыройлы міндетін атқаруға деген ниетін ояту үшін қандай жұмыстар істеледі?

–  Бүгінгі таңда мектептерден бастап жоғары оқу орындарында әртүрлі әскери-патриоттық іс-шаралар өткіземіз. Орта мектептің 10-11 сынып оқушылары әскерге шақырылушылар қатарына жатады. Дегенмен түлектердің жүз пайызы кейін жоғары оқу орындарына түсіп, оқуын жалғастырады деуге толық негіз жоқ. Сондықтан қалалық Қорғаныс істері департаменті қаладағы 99 мемлекеттік мектептердің барлығымен тығыз байланыста. Алғашқы әскери дайындық мұғалімдері де өз шама-шарқынша оқу бағдарламасына сай әскердің мән-маңызын түсіндіріп жатыр. Әлеуетті органдардың зейнеткерлері мен соғыс ардагерлерін жастармен кездестіріп, ақыл-­өсиетін тыңдатып, бағыт-бағдар беру жұмыстарын да қатар алып жүреміз.


Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button