Басты ақпарат

АФРИКА ҮШІН АЙТУЛЫ КҮН



ЭКСПО-2017 көрмесінің жаңғырмалы энергия көздері саласының дамуына ықпалы зор. Бұл туралы Оңтүстік Африка Республикасының ұлттық күнінде сол елдің Қазақстандағы елшісі Мэттьюс Кийтуметци мәлімдеді.

– ЭКСПО көрмесі қазіргі таңда бүкіл әлемді алаңдатқан мәселені қозғап отыр. Қазақстан баламалы энергия көздері саласында бірқатар жетістікке жетіп, әлем елдеріне үлгі көрсетуде. Оңтүстік Африка мемлекеті Қазақстанмен серіктестік байланыс орнатып, тарихта қалатын айтулы шараға қатысуын мәртебе санайды, – деді елші.

Ұлттық күн Оңтүстік Африканың тұңғыш қара нәсілді президенті Нельсон Манделаның туған күнімен тұспа-тұс келді. ОАР Халықаралық қатынастар және ынтымақтастық министрінің орынбасары Номаиндия Мфекето оңтүстікафрикалықтар үшін Нельсон Манделаның орны ерекше екендігін жеткізді.

– Бар өмірін өз халқына қызмет етуге арнаған көшбасшы, шындап келгенде, бүкіл адамзатқа еңбек сіңірді. БҰҰ Бас Ассамблеясы 18 шілдені президенттің әлемдегі бейбітшілік пен халықтардың бас бос­тандығына қосқан үлесін бағалап, Нельсон Манделаның халықаралық күні деп жариялады. Бұл күні әрбір адам жақсылық жасауға ұмтылғаны абзал, – деді Номаиндия Мфекето.

1994 жылдың 10 маусымында Нельсон Мандела ОАР-дың президенті болып сайланды.

Сол уақыттан бастап, мемлекет үшін жаңа дәуір басталды десе де болады. Себебі жаңа президент пен қабылданған жаңа конституция апартеид деп аталатын нәсілшілдікті тоқтатты.

Оңтүстікафрикалықтар өз елінде емін-еркін жүріп-тұруға, сайлауға қатысуға құқығын алды. Адамзаттың азаттығы үшін күрес­кен Мандела өмірінің 27 жылын абақтыда өткізді.

Демократия жолында тер төккен Мандела Нобель сыйлығын иеленді. Сондай-ақ, салтанатты кеште «Нельсон Мандела өзі туралы» атты кітаптың қазақ тіліндегі нұсқасы ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановқа табысталды.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button