Басты ақпаратМәдениет

Ахмедияның ән әлемі



Осы шілде айында белгілі композитор, Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері Ахмедия Есмұхановтың дүниеден озғанына үш жыл болды. Өмірінің соңғы кезеңдері Астана қаласында тұрып, Президент оркестрінде еңбек еткен өнер иесінің артында халықтың жүрегінен орын алған әндері қалды. Биыл туғанына 70 жыл толуына орай туындыларының бірінің атауын алған «Тамшылар» атты ән жинағы жарық көрді. Өзі туған Жезқазған қаласында еске алу кеші де өтті. Сондай кешті Астанада да ұйымдастыру керек деп есептейміз.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары жезді өлкеде құрылған «Қаракөз» ансамблі әу бастан-ақ өнер әлемін дүр сілкіндірді. Топтың басында майталман композитор-музыканттар ­Жақсыгелді Сейілов пен Болат ­Есмұханов тұрды. Ансамбль орындайтын әндер де негізінен, осы топ мүшелері жазған туындылардан құралды. Жақсыгелді мен туған ағасы Болатты ұстаз тұтқан Ахмедия да бұл топтың құрамында болып, шығармашылығын шыңдады. Кейіннен музыкада өз жолын тауып, қайталанбас қолтаңбасын қалыптастырды. Жақсыгелді ­Сейіловтің рухына «Жалғыз киік» (сөзін жазған – ақын Ғазиз Ештанаев) әнін де арнады.

Көзі тірісінде композитормен аға-інідей араласқан едік. Таныс­тығымыз осыдан он бір жыл бұрын Астанадан басталды. 2012 жылдың тамылжыған тамыз айының кешінде ақын досым Рахат Әбдірахманов таныстырды.

Алдында екеуі «Келші, жаным» деген ән жазған еді. Бұл әнді жас әншілер Данияр Сағынтаев пен Айым Тұрғынова тамаша орындады. Соның ыстық-суығы басылмаған кез. Танысқаннан кейін аңқылдаған Ахмедия аға «бір қарындасым қонаққа шақырып жатыр, бірге еріп жүріңдер» деп болмай ертіп барды. Сол жерде әнші Айнұр Байнулдиновамен де таныстым. Бұл ән-жыр шалқыған бір тамаша кеш болды. Артынша композиторға «таяуда ғана үйлендім» деген едім, жарым екеумізге қолтаңба жазып беріп, «Есіл ағады» атты дискісін тарту етті. Содан кездескен жерде шүйіркелесетін болдық. Танымал әндерінің туу тарихын композитордың өз аузынан естідік. Әрине, соның басында өнердегі «төлқұжаты» «Тамшылар» әні тұр.

«ТАМШЫЛАР» ҚАЛАЙ ТУДЫ?

«Тамшылар» әнінің шығу төркіні кітапханадан басталады. Тарқатып айтар болсақ, осыдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын жас Ахмедия махаббат дертіне шалдығады. Сүйіктісіне деген сағыныштан жаңбырлы түндердің бірінде тілінің ұшына «Түніменен тереземді тамшы ұрды» деген жолдар келеді. Осы жолдың жалғасын таба алмай, әуен­детіп жүреді. Бір күні кітапханаға барғанда, қолына ақын Өтеген Күмісбаевтың жыр жинағы ілігеді. Оны парақтап тұрып, «Юность» мейрамханасындағы жаңбырлы түн» атты өлеңге көзі түскенде, қуаныштан «Бриллиантымды таптым» деп айқайлап жібереді. Осы өлең жолдары ыңылдап жүрген әуеніне сәйкес келіп, буын-ырғағы бұзылмай әнге айналды.

«Тамшылар» әні тоқсаныншы жылдары Медеу Арынбаев, Қыдырәлі Болманов, Ерлан Көкеевтен құралған «АБК» тобының бағын жандырды. Топ дәл осы туындымен жұртқа танылды. Қазақ эстрадасында алғашқы бейнебаяндардың бірі де осы әнге түсірілді. Әсем ән еліміздің шекарасынан асып, болгар, итальян, түрік, қытай тілдерінде де шырқалды.

 «ЕСІЛ АҒАДЫ» ЖЕТІ МИНУТТА ЖАЗЫЛДЫ

Ахмедия Есмұханов шығармашылығындағы тағы бір шоқтығы биік туынды – «МузАрт» ансамблінің орындауында елге жеткен «Есіл ағады» әні. Аталмыш ансамбльдің 20 жылдығына арналған концертте бұл әнді «Қоңыр» тобы орындады. Автордың өз орындауында да бірнеше рет естідік. Ахмедия аға осы әнді гитарамен айтатын. Биылғы қыста осы ән өлеңінің авторы, көрнекті ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбайдың Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада өткен «Қарашығымдағы қара өлең» атты әдеби кешінде «Есіл ағадыны» Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның бас директоры Ерлан Дәкенов шырқады. Осы өнер ұжымы енді композиторды еске алу кешін өткізсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Ал ән тарихына келсек, «Астанаға қызметке арнайы шақыртумен келдім. Сол кезде Астана жайлы Марат Омаров пен Марат Ілиясовтың әндері дүрілдеп тұрған. Менің осында келуіме тікелей себепші атпал азамат Бекболат Тілеухан Астана жайлы ән жазу жөнінде ұсыныс айтты. Шыны керек, аттары аталған композиторлармен бәсекеге түсуге тура келді. Содан ұзақ уақыт толғатып жүріп, ақын Ғалым Жайлыбайдың өлеңі қолыма түскен соң, бұл ән жеті-ақ минутта жазылды» деген еді бірде Ахмедия Есмұханов.

Композитордың Астана туралы әндері осы бір ғана туындымен шектелмейді, бас қаламыз жайлы бірнеше шығармасы бар. Соның бірі – ақын Достық Тілеубергенов сөзін жазған «Астана» әні. Бұған қоса, Ахмедия аға ақын Ерғожа Тілепбердиевпен бірге шығармашылық тандем құрып, «Арайлы Астана» әні дүниеге келді.

Ахмедия Есмұхановтың ақындығы да бар еді. Кейбір әндерінің сөзін өзі жазды. Белгілі әнші Қайрат Нұртас «Сен мені түсінбедің» әнін айтып жүр. Ал оның мәтінінің де, әнінің де авторы – Ахмедия ағамыз. Бұл әнді композитор ғашықтық дертіне шалдыққан Мұрат Әлиасқаров атты бауырының өтінішімен жазған екен. Кейіннен Қайрат Нұртас көптеген әндерінің арасынан таңдап алды.

Композитордың «АБК» тобы, кейіннен Рахат Тұрлыханов шырқаған «Бір тамшы жас», Медет Шайкеловтің репертуарындағы «Нұрлы бейне», Саят Әбдіғали айтатын, өзгеше өңделген «Еркем», Нұржан Қалжан салатын «Аяусыз тағдыр» әндері де елге танымал. «Түн» атты тамаша туындысы сөзінің авторы – өмірден ерте озған талантты ақын Ерік Асқаров. Бұл ән ақын жарының өтінішімен Ерік ақынды еске алу кешіне орай жазылды.  Ахмедия Есмұханов әріптесіміз Төлен Тілеубайдың өлеңдеріне «Сенің бейнең» және «Көктемгі элегия» атты әндерді де жазды.

Жалпы Ахмедия Есмұхановтың мұрасы 200-ден астам әннен тұрады деген деректі оқыдық. Қазақстанның халық әртістері Роза Рымбаева мен Мақпал Жүнісова да оның әндерін шырқайды. Биыл жарық көрген «Тамшылар» атты ән жинағына 48 туындысы нотасы және мәтінімен енген. Композитор өмірден өткенмен, әндерінің мәңгі өмір сүретініне сенімдіміз.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button