Басты ақпаратҚала мен Сала

Көпір астындағы кеңістіктер

Елорда – қоғамдық кеңістіктер қаласы. Жыл өткен сайын қала аумағындағы бос жатқан жерлер, саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар абаттандырылып келеді. Оның ішінде әсіресе, көпір астындағы кеңістіктер ерекше мән берілуде. Жаз бойы қала жастарының сейіл құрып, спортпен айналысып, демалатын орнына айналған кеңістіктерді біз де аралап, тамашалап қайттық.

Астана қаласының Урбанистика орталығының бастамасымен 2020 жылдан бастап бас шаһардың көпір асты кеңістіктері көркейе бастап, көпшілік бас қосатын бірегей орынға айналды. Оларды ашуда басымдық қала тұрғындарының ерте жастан спортпен шұғылдануына және бұқаралық спортты дамытуға берілді. Қазіргі таңда қалада мұндай 3 көпір асты кеңістігі бар.

Алғашқысы – Триатлон және Президент саябақтарын біріктірген «Арқар» көпірінің астындағы кеңістік. Сарайшық көшесі бойында орналасқан алаң 5000 шаршы метр аумақты құрайды. Мұнда көпір астында көлеңкелі қалқалар, балалар алаңы, демалуға арналған аймақ және тамақтану орындары бар. Көпір астындағы қабырғалардың бірі отандық боксшы Геннадий Головкин, америкалық бас­кетболшы Коби Брайант­тың муралдарымен безен­діріліп, одан бөлек, өзге де айрықша көз тартар граффитимен бейнеленген. Өнер туындыларын Қазақстанның әр қалаларынан келген дарынды суретшілер салған. Сондай-ақ жақында ашық бокс алаңы орнатылып, бүгінде бұл жерде былғары қолғап киіп, жаттығып жүрген жасөспірімдерді жиі кездестіруге болады. Бокс алаңының маңында әр жылдардағы отандық Әлем чемпиондарының есімдері жұлдыз тақтайшаларға жазылып, менмұндалап тұр.

Астана қаласының Урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкеннің сөзінше, «Арқар»  көпірі аумағы – тек демалатын аймақ қана емес, шағын бизнес үшін әлеуеті жоғары бірден-бір орын.

«Триатлон және Президент саябақтарының жаяу жүргінші мен велосипед жолы ғана байланыстыратындықтан, бұл орын қоғамдық тамақтану орындарына тамаша жағдай жасайды. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етіп, әлеуметтік белсенділікті арттырады» деді Е.Базыкен.

Ақбұлақ өзені арқылы өтетін автожол көпірі – «Беласар». Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы көпір асты кеңістігін жастардың шағын қалашығы деуге болады. Әсіресе, студенттер кешке жақын жиналып, Есілдің ерке толқындарына сүйсініп, қаланың мың құбыла жарқыраған көріністеріне тамсанып, музыкалық аспаптарын серік етеді. Бұл аймақта жанға сая болар тыныштық пен думанды тіршілік жарасымдылық тапқан. Кеңістіктің жалпы аумағы 2500 шаршы метрді құрайды. Кәсіби теннисші Зарина Дияс, америкалық баскетболшы Джеймс Леброн, кеңестік қазақ баскетболшы, 1972 жылғы Олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедовтiң қабырғадағы бейнесі ерекше өң беріп тұр.

Айтқандай, көпір астында жастар көп. Солардың бірі, елордалық тұрғын, әрі жас ана Айжан Жаппасова «Беласарға» балаларымен жиі келетінін айтты.

«Көпір астындағы кеңістіктер қаламызда көп емес. Десе де, осындай бос қалған жерлерді қалалықтар үшін көрікті алаңға айналдырғаны қуантады. Себебі жақын маңда тұрғандықтан, бұл жерге кешке жақын келіп, бір сергіп қаламыз. Соңғы рет аниматорлар балаларға арнап тегін ойын ұйымдас­тырды. Қыздарым қатысып, жақсы демалып қайтты» деді ол.

Орталық саябақтағы «Атырау» көпірінің астында да қоғамдық кеңістік бар. Скейт-алаңдарда спорттың экстремалды түріне жаны құмар жастар түрлі акробатикалық әрекеттерді орындап, велосипедте, скейтбордта, самокатта әртүрлі жаттығуларды орындай алады. Мұндағы жастардың сөзінше, бұл жер – өзара жарыстар ұйымдастыруға қолайлы орын.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button