Мәдениет

ӘЙГІЛІ ӘНШІНІҢ «ӘН-ҚАНАТЫ»



«Қазақстан» орталық концерт залында «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрме аясында Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның «Ән-қанатым» атты мерейтойлық концерті өтті. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған әйгілі әншінің кеші, әдеттегідей, ғажайып шоуға айналды.

Роза үлкен сахнаға алғаш рет 1975 жылы аяқ басты. Содан арада екі-үш жыл өткенде композитор Сейдолла Бәйтерековтің «Әлия» әнімен жалпақ жұртқа танылды. Болгарияда өткен «Алтын орфей» байқауында бұл туындыны шырқап, жұлдызды сәті туды. Ән әншінің бағын ашса, әнші де әннің бағын жандыра білді.

Осы кеште көрерменнің көбісі «Әлияны» күтті десек, қателесе қоймаспыз. Өкінішке қарай, концертке жинал­ған қауымның бұл тілегі орындалмаса да (себебін әншінің өзі білер), кеш жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Осы тұрғыдан алғанда қазіргі жас эстрада әншілерінің Розадан үйренері көп. Ең алдымен әнші бар концерттерінде жанды дауыспен ән шырқайды. Киім киісі мен репер­туа­рынан да мін таба алмайсыздар. «Астана» эстрада-симфониялық оркестрі (көркемдік жетекшісі – ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Александр Аблаев) сүйемелдеуімен өткен бұл кеште де Роза ұстанымынан тайған жоқ.Концерт атауы бекерден-бекер таңдалмады. Роза өзін ән көгінде қалықтаған құсқа теңейді.

Кештің басында да композитор Төлеген Мұхамеджановтың ақын Ұлықбек Есдәулеттің өлеңіне жазылған «Құс жолы» әнін айтып, осыны ұқтырғандай болды. Жоғарыдағы шығарма­шылық тандемнің «Семей-Невада» қозғалысының әнұранына айналған «Заман-ай» туындысы да бар. Әрине, Розаның орындауында бұл әннің әсері бөлек. Әнші осы әнді де орындап, қазақ даласы мен баласының басына түскен ауыр қасіретті еске түсірді.

Әншінің репертуа­рынан халық ән­­дері­мен қатар Талғат Сарыбаев, Еркін Ынтықбаев сынды композиторлардың әндері берік орын алады. Кейінгісі бұл концертте әншіні рояльде сүйемелдеп отырды. Кеште ойнақы туындылармен қатар, ойлы әндер алма-кезек шырқалды.

Мәселен, Ескендір Хасанғалиев­тің «Әдемі-ау» әнін Роза Рымбаева бойжеткен кезінде симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен орындапты. Сондай музыкалық ұжыммен орындаған алғашқы туындысы да осы екен. Ал «Арман-ай» атты халық әнін кезінде заңғар тұлға Дінмұхамед Қонаевтың алдында шырқапты. Шығармашылық ғұмырындағы осындай естеліктерді жаңғыртқан әнші аталмыш туындыларды көрермендерге тарту етті.

Жалпы, бұл кеш әнші мен көрер­меннің сырласу кешіне айналды. Розаны қолдауға келген сахнадағы үзеңгілесі Нағима Есқалиева, Бауыр­жан Исаев, Мөлдір Әуелбекова, ұлдары – Әли мен Мәди әншімен қатар тұрып ән шырқады. Әнші Розалардың басы – Роза Бағланованың «Айналайын, хал­­қымнан, еркелеткен» деген сөзімен ашылған әнші кешінің түйіні де осы болды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button