Имантаразы

Айт күндері



IMG_6187

«Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді» деп Алланың Кәләмі бұйырған міндетті бұлжытпай орындап, шілденің шіліңгірін елең қылмай ораза тұтқан күндер де өтті. Барша мұсылман қауымның ұлық мерекесі – Ораза айт бас­талды. 

Таңмен таласа «Нұр Астана» мешітіне ағылған қауымның қатарында біз де болдық. Айт намазында сыртта қалмай, ертерек барып мешіттің ішіне кіріп, алдыңғы қатардан орын алсақ деген ой біздікі. Қанша ерте барсақ та мешіт іші лық толы адам. Бірін бірі Ораза айттарымен құттықтап, сәлемдескен жұрт сеңдей соғылысады. Жүздерінен шаттық лебі ескен көпшілікке қарап еріксіз классик жазушымыз Бейімбет Майлинның «Айт күндері» атты шағын әңгімесі санаңа сап етеді. Қазақтың басына қара бұлт үйірілген заман ойыңа оралғанда, Тәуелсіздігіңе тәу етпей көр. «Жасасын азаттық!» деп имамның жасаған дұғасына бет сипап, белі бүгілген қариялардың тілегіне тік тұрып «аумин» айтасың. Себебі… себебі айт азап секілді заман болған. Бейімбет айтады, тарих сөйлейді. «…Ауылдан оңаша, томардың жел жағында үш қара үй тұр. Маңайында қыбыр еткен мал да жоқ, ызындаған маса да жоқ, асылған қазан да жоқ, кезіп жүрген адам да жоқ… Күнбатыс жақ шеттегі үйдің көлеңкесінде, үсті-басы өрім-өрім болып, бүкшиіп он екі-он үш жасар бір кыз бала мен бір орта жасты әйел отыр. Жүздері сарғылт, көздері ісіңкі… «Уф!» деп күрсінеді. Әлденені ойлайды… Айдай әлем қуанып жатқан «айт» оған азап секілді…». Осыбір сүреңсіз суретке үңіліп, тәубеңе кеп, Аллаға сансыз мадақ айтасың…
Бұл күні «Нұр Астана» мешітіне айт намазына келген жұрттың ұзын саны ойланбай-ақ алты-жеті мыңды көрсетті. Мешіттің ішін қойып, сыртына симай иін тірескен көпшілік имамның уағызын тыңдап, намазға ұйыды. Жәмиғат марқұм болғандарға Құран бағыштап, тіріге береке тіледі. Ұлық мерекеге орай осы мешттің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлына жолығып, бір-екі ауыз сөзге тарттық.
– Бисмиллахир рахман рахим! Жаратушы Жаппар Иеміздің сыйлаған қасиетті мерекесі – Ораза айты баршамызға берекелі де құтты болсын. Айт деген сөздің мағынасы мереке дегенді білдіреді. Бұл күні барлық адам көңілді, кең, кешірімді болып, көп жақсылық жасауы керек. Айт – көнені артқа тастап, жаңаны алға бағыт-бағдар қып, жаңаға қадам аяқ басу. Бұл мұсылман қауымының қуанышқа кенелетін күні. Пайғамбарымыз бұл мейрамды қатты қастерлеп, осы күні көңілді журуді бізге ескертіп кеткен.
Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы 2018 жылға дейінгі аралықты «Дін мен дәстүр жылы» деп жариялады. Мұндағы мақсат қазақ халқының дәстүрін жаңғырту. Қолдан келгенше дәстүр мен дінді сабақтастырып халыққа жеткізу. Өйткені біздің кейбір бауырларымыз дәстүр мен дінді қарсы қойып, кереғар пікірлер айтып жатады. Сол үшін осы бастама қолға алынды. Соның аясында бүгін Астана қаласындағы Әзірет Сұлтан мешітінде, Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінде, «Нұр Астана» мешітінде біздің өкілдік арнайы мәдени шараларды ұйымдастырып жатырмыз. Мешіттер алдына киіз үйлер тігіліп, дәстүрлі әндер шырқалады. Ұлттық ойындар оздырылып, жеңімпаздарға сый-сиапат үлестіріледі. Барлығымыз бауырымыз бүтін, басымыз есен, оразадан оразаға аман-сау жете берейік, – деді бас имам. «Әумин!» айттық.

Ырысбек ДӘБЕЙ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button