Мәдениет

ТҮРКІ МУЗЫКАСЫНЫҢ ТАМЫРЫ ТЕРЕҢДЕ

1

Бейсенбі күні Қазақ ұлттық өнер университетінде әлемнің 70-тен астам мемлекетінен музыка саласын зерттеуші ғалымдар мен сарапшыларды, жиыны 800-ге жуық адамды елордаға жинаған ІСТМ бүкіләлемдік конференциясы ашылды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен «Түрксой» түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы қолдауымен өтіп отырған айтулы шара бір аптаға созылып, оның барысында дәстүрлі музыка мен бидің, жалпы алғанда ғаламшардағы мәдениеттің алған бағыты мен өзекті мәселелері талқыланады.

Конференцияның ашылуына ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, «Түрксой» ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов қатысты.
«ICTM басшылығына конференцияны өткізу орнына Қазақстанды, оның ішінде Астана қаласын таңдап алғандарына алғысымды білдіремін. Менің ойымша, бұл кездейсоқтық емес. Соңғы уақыттарда әлемдегі ең беделді концерт залдарында өнер көрсетіп жүрген атақты музыканттарымыз Қазақстанды және қазақ халқын дүние жүзіне танытты. Музыка адамға күш-қуат, көңіл-күй, денсаулық сыйлайды. Ең бастысы, ол бейбітшілік жаршысы бола алады. Музыка адамдарды ұлт пен ұлысқа, мемлекетке бөлмейді, керісінше жер жүзіндегі халықтарды бір-біріне жақындата түседі», – дейді ҚР Премьер-министрінің орынбасары.
1947 жылдан бері дүниежүзінің түрлі аймақтарында екі жылда бір өтетін ІСТМ бүкіләлемдік конференциясы осымен 43-ші мәрте, ал елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Бердібек Сапарбаев айтпақшы, мұнда кездейсоқтықтың нышаны жоқ. Конференцияны ұйымдастыру комитетінің төрайымы, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, Қазақстанның Еңбек Ері Айман Мұсақожаеваның пікірі де соған көз жеткізеді. «Бүгінгі мәдени саясат елдің идеологиялық тұрақтылығының ажырамас бөлігі екендігін жақсы түсінеміз. Еуразия құрлығындағы мәдениеттің дамуы Қазақстанмен тікелей байланысты. Дүние жүзі ғалымдары бас қосқан алқалы жиынды ұйымдастырудағы басты мақсатымыз да соны дәлелдеу» дейді Айман Қожабекқызы.
Алғашқы күні Қазақ ұлттық өнер университеті ректорының бас болуымен оқу орны ұжымының көрсеткен концертін сол мақсатқа жетудің бір баспалдағы ретінде ұқтық. Бұған қоса Қазақстан композиторларының шығармаларын қамтитын симфониялық және түркі музыкасы концерті бағдарламаға енгізілген. Конференция барысында қазақстандық және шетелдік музыка мамандары шеберлік сабақтарын да өткізеді. Мәселен, кеше осы оқу орнының «Дәстүрлі музыкалық өнер» факультетінің «Домбыра» кафедрасының меңгерушісі, профессор Жанғали Жүзбай қонақтарды шертпе күйдің қыр-сырына қанықтырды.
Жалпы алғанда конференцияға қатысып жатқан Қазақстан, АҚШ, Ресей, Жапония, Қытай, Бразилия, Түркия, Оңтүстік Африка, Чехия, Ұлыбритания, Канада, Португалия сынды көптеген мемлекеттердің өкілдері ІСТМ мүше мемлекеттерінің материалдық және материалдық емес мәдени мұраларын зерделеу мен сақтау, құжаттау мен мұрағаттаудың жаңа әдістері жөнінде пікір алмасады. Елорданың көрікті жерлерін аралайды. Айтулы жиынның тағы бір маңызды тұсын айтсақ, онда әлемдік музыканың, соның ішінде тамыры тереңге жайылған түркі музыкасының да ортақ арналарын табу көзделіп отыр.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button