Білім

Академиктің алты қыры



Ғұлама ғалым әл-Фараби бабамыз: «Ғылымның сарайына кіретін адамның ары таза, жан-иманы кәміл, пейілі тура болуы керек. Ондай бола алмайтын адамдар өзін де, өзгені де былғамай, ғылымнан аулақ жүруі керек» деген екен. Осы сөздер көрнекті ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, академик Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұловқа айтылғандай көрінеді. Академиктің қаламынан жарық көрген 500-ден астам ғылыми мақала, монография мен оқулықтар ғалымның абыройын арттырып, ғылыми ортадағы бедел биігін байқатса керек. Айтуға оңай болғанымен, осынау құрметке бөлену қажырлы еңбектің, тынымсыз тірліктің, зерделі зерттеулердің, шығармашылықты шыңдалудың нәтижесінде қол жеткізілетіні көзі қарақты оқырманға түсінікті болса керек. Ендеше, ғылым мен биліктің тізгінін тең ұстап, биіктерді бағындырып отырған академиктің алты қыры туралы сөз еткенді жөн көрдік.

Б

іріншіден, Бақытжан Тұрсынұлы жайлы сөз еткенде оның жастардың жігерлі жетекші болғанынан бастағанымыз орынды сияқты. Мектепті бітіре сала ауылда қалып, ұстаздық етіп, әскер қатарына алынып, азаматтық борышын атқару барысында жинаған тәжірибесі бүгінгі еліміздегі жетекші жоғары оқу орны – әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің студенті атанғанда қоғамдық жұмыстармен белсенді атсалысуға даңғыл жол ашты десек, қателеспейміз. Мектептегі алғашқы ұстаздық қызметінде оқушылармен тіл табысып жұмыс істеуге дағдыланған, әскери қызметте сарбаздарды тәртіпке баулуда машықтанған белсенді студенттің аз уақытта жастардың жігерлі жетекшісіне айналуының да өзіндік мәні зор еді. Қайнаған студенттік өмірге белсене араласып, жатақханадағы студенттер кеңесінің, сондай-ақ студенттер құрылыс отрядына жетекшілік еткен Бақытжан Тұрсынұлына үлкен сенім артылып, университеттің комсомол комитетін басқару тапсырылады. Аз уақыттың ішінде жастар ұйы­мының бас­тамашыл басшысы сан түрлі іс-шаралар өткізіп, өзінің ұтқыр ұйымдастырушы, жігерлі жетекші, білікті басшы қасиеттерімен танылып үлгерді. Талантты тұлғаның қарым-қабілетін бағалаған басшылық, енді оған партия ұйымын басқаруды сеніп тапсырады. «Мен жастарға сенемін» деп Мағжан ақын айт­қандай, сенім жүгін арқалаған Бақытжан Тұрсынұлының билік баспалдағы жастар ұйымынан басталғанын бірінші қыры деуге әбден болады.

Е

кіншіден, «Бір адамның болашағы бір адамға байланысты» дегендей, Бақытжан Тұрсынұлының бітім-болмысын, қайраткерлік қасиетін, қарым-қабілетін жастайынан таныған тұғырлы тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері, академик Өмірбек Жолдасбековтың еңбегін ерекше айтуға тиіспіз. Ұстаздың ұлағаты, тағылымды тәрбиесі – ғылым шыңын бағындырған шәкірт үшін үлкен мәртебе екенін айтқанымыз артық болмас. Ұстаз туралы айтылып қалған соң, бір нәрсені айта кеткенді жөн көріп отырмын. Белгілі түрколог-ғалым, академик Шора Сарыбаевтың 90-жылдық мерейтойында: «Менде атақ-дәреже жетеді, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегерімін, жерлестерім «Құрметті азамат» атағын да берген, бірақ осы атақтармен салыстыруға-салғастыруға, теңдестіруге-шендестіруге келмейтін, бәрінен биік тұратын атақ бар ол – академик Шора Сарыбаевтың шәкірті» деген едім. Сол сияқты, Бақытжан Тұрсынұлының да академик Өмірбек Жолдасбековтың шәкірті деген атағы бәрінен биік тұратыны күмән тудырмасы анық. Ел ғылымын дамытудағы ерен еңбегі, ұстаз аманатына деген адалдығы арқасында биік белес­терді бағындырып үлгергендігі айтқанымызға дәлел болары анық.

Басқарушылық пен ғылымды ұштастыра білген, білікті басшы, зерделі зерттеу­лердің нәтижесінде ғылым кандидаты, доктор дәрежелеріне қол жеткізді

Ү

шіншіден, Қазақстандағы белді жоғары оқу орны – әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің танымал түлегі екендігі. Өзі түлеп ұшқан университетте комсомол, партия ұйымдары қызметтерінің көрігін қыздырған Бақытжан Тұрсынұлы проректорлық қызметке көтерілгенін көпшілік жақсы біледі. Ұстазы, университет ректоры ­Ө.Жолдасбековтың басшылығымен университет қалашығының бой көтеруіне бел шешіп кіріскенін көзі көргендері зор мақтанышпен еске алады. Басқарушылық пен ғылымды ұштастыра білген, білікті басшы, зерделі зерттеулердің нәтижесінде ғылым кандидаты, доктор дәрежелеріне қол жеткізді. Жастар ұйымының жетекшісінен университеттің ректоры деңгейіне жеткені, жүріп өткен жолы, кім-кімге де болса, үлгі-­өнеге екені анық. Түлеп ұшқан университетіне басшылыққа келе салысымен халықаралық білім-ғылым кеңестігіне кіріктіру (интеграция) ісіне белсене кіріскенін әріптестері әлі де аңыз қылып айтып жүр. Әлемдік білім трендтерін терең меңгерген менеджер аз уақыттың ішінде жоғары оқу орнын дүниежүзілік рейтингке енгізгені ел есінде. Өзі жап-жас проректор кезінде алғашқы университет қалашығының кірпішін ұстазымен бірге қалаған болса, өзі ректор болып келген кезде студенттік қалашықтың екінші кезеңін қолға алып, университеттің екінші тынысының ашылуына аянбай тер төккені өз алдына бір әңгіме.

Т

өртіншіден, Бақытжан Тұрсынұлы атақты академик болумен қатар, ғылымды ұтқыр ұйымдастырушы да. Әлемге әйгілі ғалым, Ұлттық инженерлік ғылым академия­сының президенті ретінде, рес­публикалық ғылыми ұйымды әлемдік деңгейге көтерудегі еңбегі ерен десек артық болмайды. Ұлағатты ұстазы, академик Ө.Жолдасбековтың бастамасымен Тәуелсіздікпен бірге түлеген Ұлттық академияның танымалдығын арттыру жолындағы бір-екі мәселені тілге тиек етсек те болатын сияқты. Халықаралық инженерлік академиясымен иық тіресе ғылыми зерттеулер жүргізіп, қолданбалы математика, физика, техника және инженерлік ғылым саласындағы ғибратты ғалымдармен бірлесіп іске асырған Жобалар әлемдік танымалдыққа қол жеткізді. Академик Бақытжан Жұмағұловтың Ислам елдері инженерлік академиялары федерациясының президенті болып сайлануы – қазақстандық ғылымға көрсетілген зор құрмет деп қабылдағанымыз жөн.

Б

есіншіден, Бақытжан Тұрсынұлы – мемлекет қайраткері. Билік баспалдақтарымен сатылап өсіп, Үкімет мүшесі ретінде, Білім және ғылым министрлігінің тізгінін ұстады. Бұл қызметке дейін Президент Әкімшілігінің ішкі саясат бөліміне жетекшілік етіп, Үкіметтік білім-ғылым, мәдениет саласына жауапты әлеуметтік және мәдени даму бөлімін басқарды. Ұлт руханиятына тамырын терең жіберген тұғырлы тұлғаның жоғарыда көрсетілген салалардың сапалық деңгейін көтерудегі еңбегі еленіп, Мемлекет басшысының шешімімен бірнеше мемлекеттік наградалармен марапатталғаны ел басшылығының академиктің еңбегіне берген жоғары бағасы деп бағамдауға әбден болады. Реті келгенде айта кетейік, Бақытжан Тұрсынұлы жоғары лауазымды қызметтер атқарған кезде жастарға деген қамқорлығын, жанашырлығын танытып, әлеуметтік саланы жас кадрлармен толықтыру ісіне қомақты үлес қосты. Жастайынан жастарға жақын болып, қай қызметте болмасын, жастарды қолдағанын жақсы білеміз. Біз де, Бақытжан Тұрсынұлының қолдауымен Білім және ғылым министрлігі Департамент басшыларының бірі болып тағайындалған едік…

А

лтыншыдан, Бақытжан Тұрсынұлы – сұңғыла саясаткер. Еліміздегі билік партиясы – бұрынғы «Нұр Отан», қазіргі «Аманат» партиясы басшыларының бірі ретінде Қазақстанның сая­си өміріне белсене араласып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуына сіңірген еңбегі ерекше. Партияластарын бағдарламалық жоспарларды жүзеге асыруға жұмылдыруда, олармен ашық әңгіме жүргізіп, азаматтық қоғам қалыптастыру ісіндегі белсенділігі оны бедел биігіне көтерді. Нәтижесінде, халық қалаулысы атанып, Парламент Мәжілісіне депутат болып сайланды. Әріптестерінің сеніміне ие болған Бақытжан Тұрсынұлы Палата Төрағасының орынбасарына көтерілді. Сондай-ақ сарабдал саясаткер ретінде Мемлекет басшысының Жарлығымен Парламент Сенатының депутаты атанды. Білім және ғылым саласының өз өкілі ретінде, депутаттық қызметте жүрген кезде осы сала бойынша тиісті заңдарға толықтырулар мен өзгертулер енгізуге, нормативті – заң актілерін қабылдауға бастамашылдық еткенін екпін түсіріп айтқанымыз абзал. Қазіргі кезде Астананың ұлттық рухани өміріне үлкен үлесін қосып, ғылыми жұртшылықты Әділетті Қазақстан құру жолында игі істерге жұмылдыруда өзіндік бай тәжірибесімен бөлісіп жүргені көңіл қуантады.

Иә, сан қырлы академиктің өзіміз білетін алты қырын ғана қысқаша сөз еттік. Толығынан толғансақ, бір қырының өзі бір кітапқа жүк болары анық.

Бүгінгі күні жеті қырдан асып, 70 жастың төріне көтерілген академиктің ғибратты ғұмыры – Жаңа Қазақстанның жаңа тұрпатты жастарына үлгі-өнеге болары сөзсіз.

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,

Қазақстан Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы директорлар кеңесінің мүшесі, академик




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button