Сараптама

Бала еңбегі бақылансын

Жазғы демалысқа шыққан мектеп оқушылары мен студенттердің көше кезіп, жеткізуші болып жүргенін, гүл, неше түрлі тәттілерді сататынын, мейрамханаларда, тіпті құрылыста еңбек ететінін жиі көруге болады. Бос уақыт көп болған соң, аз да болсын өз нәпақасын тапқысы келетін жасөспірімдер елордада көп. Сөзсіз, жастайынан оларды еңбекке баулыған дұрыс. Десе де еңбектің дәмін ерте тартқан балалардың құқығы қорғала ма? Белі бекіп, бұғанасы қатпаған оларды ата-анасы қара жұмысқа неге жібереді? Біріккен Ұлттар Ұйымы балалар қорының мәліметінше, әлемде 160 миллионнан аса жеткіншек жастайынан жұмысқа жегілген.

Еңбекпен ерте есейеді

Бас қаланың Түркістан көшесі бойында түрлі түсті шарлар сатып тұрған баланы кездестірген едік. Есімі – Еркебұлан. Небәрі 12 жастағы оқушы футболист болуды армандайды екен. Гүл тәрізді шарларды өзі орап, 500 теңгеден сатып жүр. Ал тапқан қаржысына спорттық аяқ киім аламын дейді.

Қалада велосипед теуіп не жаяу жүріп, көк, кейде сары сөмкені арқалап жүргендерді жиі байқауға болады. Дені – ер балалар. Солардың бірі – он бес жасар Әлтайыр. Таңғы 8.00-ден кешкі 22.00-ге дейін тамақ тасып, жеткізіп жүрген ол күніне 7 мың теңге табатынын айтады.

«Ата-анамның қалтасына салмақ түсіргім келмейді. Қалағанымды өз ақшама алып, қайта оларға көмектесемін. Үйге қажетті азық-түлікті мен алып отырамын. Жақында тұрмыс­тық техникаға да тапқанымды жұмсап, ата-анамды қуантқан едім» дейді ол.

Көшеде жеміс-жидек, көкөніс сатылатын дүңгіршектерде де сатушы жасөспірімдер баршылық. Сауда-саттықта ата-анасына көмектесіп, зыр жүгіріп жүреді. Солардың бірінде Айым Бектұрсын есімді әйел «каникулда бос отырғанша, қайта еңбек етуі керек» дейді.

– Кешке таман адам көп келеді. Екі қызыммен бірге бәріне қызмет көрсетеміз. Өздері қолғабыс боламыз деген соң келістім. Сауда жасап, олар ақшаның қалай келетінін көріп, жа­уапкершілікті сезінеді. Телефонға телміріп, анау-мынауды көргеннен гөрі маңдай термен табыс табуды үйренеді. Жұмыс істеудің не екенін және ақшаның құнын біледі. Ал өзі ақша тапқан бала ата-
анасын қымбат затты сатып алуға мәжбүрлемейді. Бұдан бөлек, жұмысшы балалар болашақ мамандығы мен жолын ертерек таңдайды әрі еңбек өтілін жастайынан бастайды, – деді сатушы.

Үш баланың әкесі Мұрат Есбол балаларын жұмысқа жегуге қарсы, тек есейгеннен кейін ғана еңбекке араласқан дұрыс деп санайды. Психолог Алмагүл Алдабергенова да ерте бастан ақшаға құнығу бала психикасына кері әсер етіп, оларды балалық шағынан айырады деген пікірде.

«Жасынан ақшаға құныққан бала барлық шаруаны тек ақша үшін істейтін болады. Қайта білім алып, ойын ойнап, балалықтың дәмін сезінуі қажет. Жақсы ісі үшін балаға ақша беріп ынталандыратын ата-аналар бар. Бұл дұрыс емес. Бала кейін қандай да бір істі тек ақша табамын деп жасайды. Оның салдары ауыр» дейді маман.

Жасөспірімнің құқығы тапталмасын

Қазақстанда еңбек етіп жүрген бала санына қатысты нақты деректерді табу мүмкін болмады. Бірде-бір мемлекеттік мекеме бұл мәселе бойынша статистика жүргізбейтін болып шықты. Тек Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша елімізде көбінесе 15 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдер жұмыс істейді. Олар дәмханаларда даяшы болып, сауда орталықтарында қағаз таратумен, енді бірі жанармай құю стансаларында, қала көшелерінде көлік фараларын сүртіп, оны жуумен айналысады. Амалсыздан жең түріп, жұмысқа жегілген балалардың құқығы көп жағдайда шеттетіліп жатады. Бала еңбегін пайдаланатын кейбір жұмыс берушілердің оларға аз жалақы төлеп, жұмысты асыра орындатқызып қоятын жағдайлары жоқ емес. Себебі басым бөлігі өз құқығын білмейді. Еңбек шартына отыр­мағандықтан, жасөспірімдер арасында айлығын ала алмау жағдайлары жиі кездеседі. Әрі жұмыс сағатының ұзақтығы да ескеріле бермейді. Оған жұмысшы балалардың өзі мүдделі келеді, өйткені жұмыс уақыты ұзарған сайын жалақы да көп болады.

Бас қала бойынша айтсақ, елордада жыл басынан бері кәмелетке толмағандарды еңбекке заңсыз тартудың 5 дерегі тіркелді. Бұл туралы Астана қаласы Полиция департаменті ювеналды полиция бөлімінің бастығы Нэлля Дощанова айтып берді.

«Қалада кәмелетке толмағандардың жұмысына қатысты заң талаптарының сақталмауы тыйылмай тұр. Биыл да 18 жасқа жетпеген балалардың еңбекке заңсыз тартылғаны бойынша деректер анықталды. Олар: құрылыста, көлік жуу орнында, қала сыртында – 1 факті және базарда – 2 факті. Анықталған деректер бойынша жұмыс берушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Түсіндіру жұмысы жүргізілді» деді полиция подполковнигі.

Балалар құқығы мен отбасылық мәселелер бойынша кеңес беретін заңгер Қарлығаш Сахипова 16 жасқа толған азаматпен еңбек шартын жасауға болатынын айтады.

«Еңбек кодексінің 69-бабына сәйкес, он төрт жастан он алты жасқа дейінгі жұмыскерлер үшін – аптасына 24 сағаттан аспайтын, он алты жастан он сегіз жасқа дейінгі жұмыскерлер үшін – аптасына 36 сағаттан аспайтын жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгіленеді. Он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлер үстеме жұмысқа жіберілмейді. Сонымен қатар, ойын бизнесі, түнгі ойын-сауық орындарындағы жұмыс (22.00-ден 06.00-ге дейін), алкоголь өнімдері, темекі бұйымдары, есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды өндіру, тасымалдау мен сатуға он сегіз жасқа толмаған азаматтармен еңбек шартын жасауға жол берілмейді. Кәмелет жасына толмағандарға оқудан бос уақытында еңбек шарты жасалған жағдайда денсаулыққа зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмыстарды орындауға рұқсат етіледі. Жұмыс беруші қауіпсіздік ережелерін сақтауға, кәмелетке толмағандарға еңбек жағдайын жасауға, мерзімдерді бұзбауға және еңбек шартын жасасуға міндетті. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын бұзғаны, оның ішінде балалар еңбегін пайдаланғаны үшін жұмыс берушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады, – деді заңгер.

Жаз айларында бала әліне қарай жұмыс істеп, еңбектің дәмін татса, әрине, өмірлік тәжірибе жинап, шыңдалады. Бірақ жас ерекшелігін ескермей, жыл – он екі ай жұмысқа салынатын жеткіншектерді қайтеміз? Бес жастан кейін құлша жұмсауды төтесінен түсініп, асыра сілтейтін ата-аналарды қалай қыламыз? Мәселе осында.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button