Білім

Академиктің мектептегі музейі



Астанадағы Қ.Сәтбаев атындағы № 61 орта мектепте тұңғыш геолог Қаныш Сәтбаев музейі 125 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылды. Аты аңызға айналған академик ғалым Жезқазған және Қарсақбай ауданындағы басқа да пайдалы қазбалар кен орындары геологиясын зерттеді.

Сәтбаев геологиялық барлау жұмыстарын жүргізді, оның жетекшілігімен бұрғылау мастерлері, сызба сызушылар, прорабтар және т.б. кадрлар қалыптасты. Қазақстандық ғалым Жезқазған мыс кен орнының қоры бұрынғыдан әлдеқайда көп екенін дәлелдеді. Осы жаңалық үшін оған 1940 жылы КСРО жоғары мемлекеттік наградасы – Ленин ордені берілді. Кейінірек оған тағы төрт орден табыс етілді.

1947 жылы Англияға сапар жасаған кеңес парламентарийінің ішіндегі қазақ ғалымына Ұлыбританияның экс премьер-министрі У.Черчилль қалжыңдап «Барлық қазақтар сіз сияқты сұңғақ, батыр тұлғалы ма?» деп сұрапты. Сонда академик Қ.Сәтбаев «О, жоқ, Черчилль мырза, қазақтардың ішіндегі ең кішісі мен, менің халқым менен де биік» деп жауап беріпті. Осы бірауыз сөзден ғалымның дене бітімі ғана емес, жан дүниесінің, халқын сүйген жүрегінің де ірі екенін байқауға болады.

Қазақстанның қала, ауылдарында Сәтбаев есімімен аталатын жүздеген көше, 40-тан астам мектеп және ғалымның ескерткіштері бар. Оның есімі Қазақстан Ғылым академиясының Геология ғылымдары институтына, бір қала мен ғаламшарға, еліміздің ең ірі техникалық оқу орны Қазақ ұлттық техникалық университетіне берілген. Сәтбаевтың құрметіне Жоңғар (Жетісу) Алатауы жотасындағы мұздық пен шың, Қаратаудағы ваннадий кен орнынан табылған «Сәтбаевит» минералы, «Академик Сәтбаев» гладиолус гүлі аталған.

Жаңадан ашылған мұражай екі бөлімнен тұрады: І бөлімде Қаныш Сәтбаевтың өмірі, (отбасы), еңбек жолы («Қарсақбай», «Жезқазған», «Ғылым академиясы») қойыл­са,  ІІ бөлімде минералдар топтамасы қойылған. Сондай-ақ соңғы үлгідегі галограмма арқылы Қаныш Сәтбаев бейнесі көрсетіледі.

– Материалдардың барлығын өзіміз жинастырдық. Жалпы біз жәдігерлерді жинастыру барысында бірнеше экспедиция жасаған болатынбыз, бірінші экспедициямыз­да Қарсақбайға, келесісінде Жезқазған өңіріндегі тарихи өндірістік мұражайға, одан кейін, Жезді, Сәтбаев қалаларына барып, жинақталған еңбектердің арқасында мұражайымыз ашылды. Жәдігерлердің барлығы өңдеуден өткен, түпнұсқасы өкінішке қарай, жарамсыз, – дейді мұражай меңгерушісі Әйгерім Жанахмедқызы.

Мектептегі музей академик Қаныш Сәтбаевтың ғұмырнамасы мен ғылыми еңбектерінен сыр шертіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Академик, геолог Қаныш Имантайұлының жеке заттары орналастырылған зал көрермендерін тамсандырып қана қоймай, музейді жаңғырту мақсатында қоғамдық мәні зор мәдени жобаларды жүзеге асыруда.

Жаңадан ашылған Сәтбаев музейі – ел тәуелсіздігімен үндесіп, құнды жәдігерлермен толыққан рухани орынға айналады деп сенеміз. Астананың көрнекті мәдени орталықтарының бірі болып қалыптасары сөзсіз.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button