БілімЖаңалықтар

АЛАШ АРДАҚТЫСЫ



Таяуда елордадағы №54 мектеп-лицейінде ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі ғалым, көрнекті қаламгер Ақселеу Сейдімбекке арналған «Тұлғаның ғылыми мұрасы және тәуелсіздік» атты ғылыми-танымдық конференция өтті. Оған зиялы қауым өкілдері мен қаладағы барлық мектеп оқушылары қатысты.

5

Алаштың ардақты азаматы атану – екі адамның маңдайына бұйыра бермейтін бақ. Ақселеу ағамыз – көзі тірісінде халқымыздың асыл перзентіне айналып, туған жұртының тарихы мен ұлттық танымы үшін басын бәйгеге тігіп, тәуелсіздік мұратынан таймаған тұлға. Жазушы дүниеден озғаннан бері көзі көрген замандастары ол жайында қаншама естеліктер жазды. Алдағы жылы ағамыздың жетпіс бес жылдығы келе жатыр.
Соған орай ұйымдастырылған жиын жеті секцияға бөлініп, әр бағытқа белгілі ғалымдар төрелік жасады. Қандай көркем дүние жазса да, қазақтың қиял-ғажайып бейнелерін кейіпкер ретінде келісті сомдай білген қаламгердің жып-жылы әсерге толы шығармаларынан қаладағы сегіз мектептің 4-сынып оқушылары керемет көрініс көрсетті. Аталарының асыл мұрасын нанымды оқиғаға айналдырып, көрерменге көркем жеткізе білді. Бұл байқауда №54 мектеп-лицейінің оқушылары топ жарды. Одан кейін «Ақселеу рухына тағзым» аталған 5-7-сынып оқушылары арасында жыр мүшәйрасының байрағы желбіреді. Онда елордадағы 17 мектептен 36 оқушы бақ сынады. Жасөрім болса да, балалардың поэзияға құштарлығы ерен көрінді. Бәрі де Сейдімбекұлының адами болмысы мен тұлғасын тамылжытып жырлады. Мұнда да бас жүлдені №54 мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы Тимур Шамшадинов жеңіп алды. 1-орынды №82 мектептің 7-сыныбында оқитын Нұртай Әлінұр иеленді. «Бір өзі – бір әлем» бағытында 8-9-сынып оқушылары қаламгердің ғажайып оқиғаларға бай көркем туындыларынан мөлдіретіп эссе жазды. Онда қара сөздің қадірін бала жасынан сезініп өскен №53 мектептің 9-сынып оқушысы Мұхтар Назым жеңімпаз атанды.
«Ата салтын жаңғыртушы – Ақселеу» бөлімінде ғалымның ұлттық мұраларды ту еткен жазбалары жайында жоғары сынып оқушылары салмақты баяндама жасады. «Алаштың алтын асығы» бағытында жеткіншектер қаламгердің тағы бір өзгеше қыры – домбырашылық қасиетін паш етіп, ол шығарған күйлерді күмбірлетті.
Әрине, конференцияға оқушылар ғана емес, ұстаздық жолды қалап, енді қадам басқан жас мамандар да қатысып, жазушының әдеби дүниелерін жатқа оқып, жиналғандарды тәнті етті. Бұл сайыста №48 мектептің мұғалімі Мәншүк Тілейхан өзінің білімі мен біліктілігін көрсете біліп, бас жүлдені алды.
– Ақселеу ағаның көзін көріп, есті әңгімесін көп тыңдаған шәкірттерінің бірімін. Ғалымды ұлттық мүдде жолында жанкешті қызмет еткен тұлға деп білемін. Жиында асыл ағамыздың жан-жақты қырын оқушылар сәтті аша білді. Жеткіншектер қаламгердің шығармаларын сүйіп оқиды екен. Демек, жас ұрпақ қадір тұта бастаған тұлғаның ғұмыры мәңгілік деп айтуға болады. «Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» деген даналық сөз осындай біртуарларға арналса керек, – дейді С.Сейфуллин мұражайының аға ғылыми қызметкері Ілияс Құрманғалиев.
Түйіндеп айтқанда, Алаштың ардақты перзентінің шығармашылығына арналған тағылымы мол жиында жас жеткіншектер ұлттың тарихы мен тәуелсіздігі үшін асыл мұратынан айнымаған қайраткердің артында қалған ғибратты мұрасымен қайта қауышып, ұлағатты тұлғаның өмір жолынан парасатты ой түйе білді деп айтуға болады.

Азамат ЕСЕНЖОЛ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button