ЖаңалықтарРуханият

Алаш қозғалысы: Жүз жылдық сабақ



Тәуелсіздіктің бізге берген ең үлкен жемістерінің бірі – біз еркін ойлауды үйрене бастадық. Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғамда ұлттың өткен жолын ғылыми негізде қорытудың жаңа философиясы мен мүмкіндігі ретінде қабылданып отыр.

Елбасы бағдарламалық мақаласында әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталғанын, соған байланысты «сана-сезіміміз бен дүниета­нымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағида­лардан» арылуға шақырып, сонымен бірге, қоғамдағы рухани жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайтындығын ескертеді. Мұндай тұжырым мен ұстанымға иланбау мүмкін емес.
Елбасы дөп басып айтқанындай, кеңестік кезеңде қалыптасқан көзқарас, ұстанымдардың әлі де болса өміршеңдігі байқалады. Мәселен, жақында ғана Алматыда болып өткен «Большевики в Казахстане: зло или благо?» деген дөңгелек үстелдің материалдары интернет арқылы жарық көрді (365 info.kz). Міне, осы материалдарда Ч.Лаумулин және Б.Сұлтанов сияқты әріптестеріміз «егер советтік кезең болмаса, Қазақстан бүгінде шамамен Ауғанстан қатарындағы бірақ бейбіт ел деңгейінде болар еді» деген пікір білдірді. Мұндай көзқарастың астарында большевиктік идеологтар негіздеуге тырысқан кеңестік билікке балама (альтернатива) даму жолы болған емес деген тұжырым жатыр. Өкінішке қарай, қоғамда мұндай көзқарастағы зиялы деген азаматтардың әлі де біраз бар екендігі байқалады.
Кеңестік кезеңде мұндай көзқарас­тағылар Кенесары Қасымұлы қозғалысын – феодалдық-монархиялық, ал Алаш қозғалысын тар ұлттық-сепаратистік қозғалыс ретінде бағалады. Яғни, қазақ қоғамын өз бетінше дербес өмір сүре алмайтын қоғам ретінде көрсетуге тырысты.
Алаштықтар, шынымен де, сондай тар көзқарастық ұстанымдағы буын ба еді? Бұл сауалға тура жауап беру үшін біз мынадай мәселенің басын ашып алайық.
Алаш қозғалысы – бұл ешқандай да ретроградтық қозғалыс емес, ол қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы болатын. Яғни, кемел ақыл-ой тұрғысынан Алаш тақырыбы даулы тақырыпқа айналуға тиіс емес-тін. Өйткені бірін­шіден, өз бағдарламаларына сәйкес алаштықтар поляктар немесе финдер сияқты Ресейден бөлініп, дербес мемлекет құратынын мәлімдеген жоқ. Ресей Федерациялық құрылымға өтсе, оның құрамында автономия түрінде қалуды жобалады. Екіншіден, алаштықтар қоғамдық дамуда еуропалық жолды, яғни демократиялық және нарықтық құндылықтарды ұстанатындықтарын өз бағдарламаларында ашық жария етті. Үшіншіден, Ә.Бөкейханов пен оның серіктері өздерін ұлы орыс мәдениетіне жақын тұрғандықтарын, тіптен осы жолда өздерін шәкірт санайтындықтарын ылғи да ескертіп отырды. Қазақ қоғамында орыс әдебиеті мен мәдениетінің озық үлгілерін насихаттау жолында тұрды. Ә.Бөкейханов, мәселен, Л.Н.Толстойды соңғы пайғамбар санады.
Басқаша айтқанда, советтік идеология көрсетуге тырысқандай, алаштықтар тар ауқымдағы ұлтшылдар емес-тін. Олар жалпыадамзаттық өсіп-өзгеру арна­сын­да тұрды. Мағжан ақын айтқандай, азат­тықтың алтын айына қол созған ұрпақ еді.
Алаш қозғалысының табиғатын тура түсіну үшін қозғалыстың неден басталғандығына көңіл аударған жөн. Ал ол қозғалыс ағартушылық қызметтен басталды. Қазақ ағартушылығының толыққанды қоғамдық құбылыс ретінде көрінуі ХХ ғасырдың алғашқы ширегіне, яғни Алаш зиялыларының қызметіне тұспа-тұс келген еді. Жалпыұлттық «Айқап» журналының (1911-1915), «Қазақ» газетінің (1913-1918), екі миллионға жуық тиражбен басылған (революциялық өзгерістерге дейін) қазақ кітаптарының жарық көруі және басқа атқарылған істер осы тұжырымға негіз бола алады.
Қазақ ағартушылығының хроноло­гиялық ауқымы жөнінде. Салыстырмалы тұрғыдан алғанда, мәселен, еуропалық ағартушылық ешқандай да сыртқы араласусыз барлық қалыптасу және даму сатыларынан емін-еркін жүріп өтті. Ал оның өкілдері ешқандай да репрессия құрбаны болған емес.
Ал қазақ ағартушылығы барлық белгілерімен толыққанды тұтас қоғамдық процесс ретінде ХХ ғасырдың басында қарқынды өріс алғанымен, ұзаққа созылған жоқ. Бар болғаны 20 жылға жетер-жетпес мерзімге созылды. Ал оны бас­тап, бағыт-бағдарын анықтаған тұлғалар түгелдей дерлік репрессия құрбаны болды. Ал мұндай трагедияны еуропалық бірде-бір ұлт басынан кешірген жоқ. Соған қарамастан қазақ зиялыларының 20-30 жылда жүріп өткен жолы кез келген зерделі адамды таң қалдырмай қоймайды.
Сонымен Алаш қайраткерлері түгелдей дерлік репрессияға алынып, ал оның тарихы идеологиялық аппарат тарапынан неге бұрмалауға ұшырады? Осы сауалға қысқа жауап іздеп көрейін.
Бұл сауалға жауапты империяның геосая­си жағдайынан іздеген жөн. Ә.Бөкей­ханов бас­таған антиимпериа­лис­тік, отарлық тәуелділікке қарсы саяси топ ұлт өміріне қатысты бір мәселені дәл де тура түсінді. Яғни ұлттық мемлекеттілікті жаңғыртып, қалпына келтірмей – ұлттың тұтастығы мен бірегейлігін, болашағын сақтау мүмкін емес екендігін. Олардың бұл әре­кетін байқаған патшалық билік ұлт зиялыларын сепаратистер ретінде қу­далауға алды. Өкінішке қарай, патшалық биліктің бұл әрекетін кеңестік билік те жалғастырып, ұлт-азаттық қозғалысты біржола тұншықтырды.
Басқаша айтқанда, 1917 жылғы Ре­сей­дегі революциялық өзгерістерді пайдаланып ұлттық мемлекеттігін құру жолына түскен қазақ және оған туыс халықтарға кеңестік билік ұлттық негіздегі автономия беруден үзілді-кесілді бас тартты. Отарлық тәуелділіктегі ұлттардың бұл әрекетіне большевиктер үкіметі алып еуразиялық империяны әлсірететін фактор есебінде қарады.
Белгілі геосаясаткер Хэлфорд Мак­кин­дердің айтқан сөзі бар: география – кез келген теориялық мәселеге бе­рілген жинақы жауап. Большевиктер географияға байланысты стратегиялық мақсатын, әрине, терең жасырып ұстады. Алға шығарған емес. Ал социализм идея­сы, тап күресі және басқа теориялық ұстанымдар белгілі дәрежеде бұл стра­тегиялық мақсатқа жамылғы рөл атқарды.
Алаш қозғалысының табиғи мазмұны мен талап-тілегін мойындауға кедергі болған келесі жағдайға тоқталайын. 1917 жылғы Октябрь революциясы нәтижесінде билікке келген Кеңес өкіметі сол уақытқа дейін отарлық тәуелділікте азап шеккен қазақ халқына өзін-өзі билеу мүмкіндігін (самоопределение) беру міндетін күн тәртібінен алып тастап, оның орнына тек кеңестік, яғни таптық негіздегі билік жүйесін енгізетінін мәлімдеді.
Қазақ қоғамына байланысты (тек қазақ қоғамына байланысты емес) мәселенің осы мазмұнда қойылуы қаншалықты негізді еді?
Тарихи тәжірибе көрсетіп бергеніндей, большевизм тарапынан ұлт өміріндегі кезекті де міндетті кезең – өзін-өзі басқарудың орнына таптық жіктелуді енгізу теориялық тұрғыдан қателік, ал өмірлік тәжірибе тұрғысынан ұлт өміріне жасалған қиянат еді.
Жалпы бұл мәселені сол тарихи кезеңде теориялық тұрғыдан алаштық зиялылар тура түсіндірген еді. Мәселен, Елдес Омарұлы 1927 жылы тер­геу­шіге берген жауабында мынадай ойды білдіреді: «Менің ұлтшылдық сенімім мынандай жағдайға байланысты: мен барлық басқа ұлтшыл отандастарым сияқты қазақ елім жақсы өмір сүрсе екен деген ойдамын. Қазақ халқы экономикасы мен мәдениетін еркін дамытқанын қалаймын…».
«Менің ол кездегі… қалыптасқан көз­қарасым бойынша, – деп көрсетті Алашорда үкіметі төрағасының орынбасары Х. Ғаббасов, 1929 жылы 25 қаңтарда берген көрсетуінде, – халық бүтін және бөлінбейтін құбылыс еді, соған байланыс­ты мен саяси қызметімде (басқалармен бірге) тек қана жалпыұлттық мүддені басшылыққа алдым».
Алаштықтардың мұндай мазмұндағы ұстанымы осы мезгілде Азия мен басқа континенттерде жүріп жатқан ұлт-азаттық қозғалыстардың бағдарламалық ұстанымымен толық үйлесімді еді.
Ресей коммунистік партиясы қазақ азаттық қозғалысын табиғи мазмұнынан айырып, оны ұлттық бостандық үшін күрес арнасынан шығарып, таптық негізде жіктелу, бөлініп-жарылу жолына салды. Бұл, әрине, қазақ ұлт-азаттық қозғалысына жасалған қиянат еді.
Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналған мәртебелі жиында Алашорда үкіметіне қатысты мынадай мәселеге назар аудармау қисынсыз болар еді. Кеңестік тарихнама 1917 жылы 2-ші жалпықазақ съезінің Алаш автономиясы мен оның Алашорда аталатын үкіметін құру туралы қаулы-қарарларын негізсіз контрреволюциялық әрекет есебінде бағалады. Осы ретте мынадай жағдайды ескерген жөн. Бірін­шіден, екінші жалпықазақ съезінің шақырылуы бұл қажеттіліктен туындаған шара болатын. Бүкіл империя көлемін жайлаған берекесіздік жағдайында Ә.Бөкейханов бастаған топтың бұл съезді ұйымдастырып, өткізу әрекеті аса зор тарихи жауапкершілікті мойындарына алған нағыз отаншылдық ұстанымның үлгісі еді. Екіншіден, съезд қазақ қоғамында ерте замандардан қабылданған салт-дәстүр бойынша шақырылды. Ұйымдастырушы топ арнайы шақыруды ел ішіндегі беделді және белгілі деген адамдарға жіберді. 1917 жылғы қазақ қоғамы жағдайында жалпыұлттық жиынға өкілдер шақыру­дың басқа тиімді жолын ойлап табудың өзі де мүмкін емес-тін. Жалпы, мұндай бүкіл ұлттық құрылтайға барлық өңірлердегі елге танымал тұлғаларға хабар салып шақыру қазақ қоғамындағы ескі замандардан үзілмей келе жатқан дәстүр болатын. Үшіншіден, ұлттық құрылтай Алаш автономиясын құру туралы ше­шім қабылдап, оның Алашорда аталатын үкіметін және төрағасын сайлады. Алашорда үкіметінің негізгі міндеті мемлекеттегі берекесіздік, анархия жай­лаған жағдайда елді бүліншіліктен сақтау әрекеті еді.
Қорыта айтқанда, елдегі аласапыран жағдайда қазақ қоғамының барлық өңірлерінен жиналған өкілдердің дауыс беруі арқылы сайланған Алашорда үкіметі бұл толық легитимді билік түрі болатын. Тарих ақиқаты Алашорда үкіметін осы тұрғыдан қабылдауды талап етеді.
Мәмбет Қойгелдиев,
тарих ғылымдарының докторы,
ҚР ҰҒА академигі




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button