Басты ақпаратЖаңалықтар

«АЛАУ» МЕН «АТАМЕКЕНДІ» АРАЛАДЫ



KBB_9106

«Елорда басшысы Әділбек Жақсыбеков Астананың аса ірі спорттық және мәдени нысандары – «Алау» мұз айдыны сарайы мен «Атамекен» Қазақстан Картасы» этно-мемориалдық кешенін аралады» деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.

Әлемдегі мұз айдындары арасында инфрақұрылымдық сапасы жағынан бірінші, ал жылдамдық рейтингісі бойынша жетінші орын алатын «Алау» бүгінде еліміздегі келушілер саны ең көп спорттық нысан саналады. Ағымдағы жылы жұмыс күндерінде де қолжетімді болған бұқаралық сырғанау жобасы, жаз маусымында үстел теннисіне арналған алаң, хоккей корты, фитнес-орталық, спорттық ойын түрлерімен және хореографиямен айналасушылардың жаттығу залдары, жағажай волейболы мен шағын футболдың даладағы алаңдары, сонымен қатар, техниканың соңғы талаптарына сай жабдықталған ату тирі тек кәсіби спортшылар ғана емес, қалың көпшілік үшін де өз есігін айқара ашады.
– Сарай бос тұрмауы керек, мұндағы барлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану қажет, – дей келе, Ә.Жақсыбеков Елбасының спорттық нысандарды қарапайым халық үшін қолжетімді ету жөніндегі тапсырмасын орындау басты мақсат екендігін атап өтті.
Бұдан кейін қалабасы мылтық ату, коньки тебу және шорт-трек бойынша қала командаларының жаттығуларын бақылап, ұлттық құраманың үздік конькишілері Денис Кузин және Екатерина Айдовамен, Сондай-ақ, Қазақстанның бас бапкері Вадим Саютинмен мұз айдынының сапасы туралы пікірлесті. Бас бапкердің айтуынша, «Алауда» кез келген жоғары деңгейдегі халықаралық жарыстарды өткізуге болады.
Осы жолы әкім «Алау» мұз сарайының ұжымына жаңа директор Сауырбай Есжановты таныстырды.
Ал, «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешені биылғы маусымды аяқтады. Маңызды мәдениет ордасының қызметкерлері алдағы уақытта өздеріндегі экспонаттарға қызығушылық танытып, арнайы ат басын бұрушылар қатарын көбейтуге күш салмақ. Есіл жағасындағы әсем шаһардың саябақ көмкерген көрнекті жерінде қоныс тепкен бұл нысан «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесі қарсаңында туристер қызығушылығын туғызатын орталыққа айналуға тиіс.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button